Мұхтар Әуезов атындағы театр - ұлы өнер ордасы

Мұхтар Әуезов атындағы театр - ұлы өнер ордасы

Сағат 18.30. Абай көшесі бойынан ойып тұрып орын тепкен  Ұлы ғимараттың алды адамдарға лық толы. Үнемі осылай. Халқына ауыз толтырып айтарлықтай жасаған  еңбегімен есте қалған Ұлы тұлға отыр ескерткіш боп..

Иә, өзіңіз де сезіп тұрған боларсыз. Бұл  - М.Әуезов атындағы академиялық драма театры ғимаратының алды. Көрерменін көп  ұзатпай-ақ жап-жаңа қойылымдармен  сүйіншілеп отыратын театр нағыз рухани байлықтың қайнар көзі. Бірі өзінің сүйікті қойылымының көрермені болып келсе, бірі жаңа премераның тұсауын кеспекке келген. Енді бірі әлдебір қойылымнан шабыт алмаққа келсе, бірі кейіпкерлермен бірге тыныстап, сахна иісін жұтпаққа келген. Осындай ерекше сағынышпен, айрықша аңсаумен келіп, театр табалдырығын аттайтын көрерменіне ой салатындай тамаша қойылым ұсынбақ ниетте театр ұжымы ерен еңбек етеді.

Театр. Зал. Орындықтар. Мұның өзі театрсүйер халық үшін тым ыстық. Жанына рухани байлық іздеп келген әрбір жан сахна шымылдығы  ашылғаннан-ақ тына қалады. Өйткені олардың да жүректеріндегі өнерге деген көңіл перделері түріледі. Қойылым басталысымен, әртістердің жай-күйін зерттеп, олармен қатар тыныстайды. Олармен қосыла жылайды, олармен қосылай шаттанады. Себебі олар сахнада әртістермен бірге өмір кешеді.

Талай жылғы тарихы бар театрды құрметтейтін халық кезекті қойылымның тез аяқталып қалғанын қаламайды. Өйткені өнердің өресінде рухани гүлденген бұл ортаның киесі бар. Бірталай  заманнан уақыт еншілеген  кәрі сахнада талай нар тұлғалардың ізі жатыр емес пе?!.

Қойылым соңына жетеді. Шамамен алғанда, екі сағаттай сахна-ғұмырда  өмір сүрген әртістер ел алдына шығып иілуде. Қолпаштау! Гүл! Адамның ойлау мен сезу жүйесіне айтарлықтай әсер етсе, театрдың мақсаты орындалды емес пе?! Өнерді ерекше қадірлейтін жандар күн сайын Мұхтар Әуезов атындағы бұл өнер ордасын шапалақ пен қолпаштауға толтырады. Қойылым қойып, одан әртіс рахат алса, оны көріп халық қайраттанады. Әттең, шымылдық жабылды. Қазір ғана көз алдынан жүріп өткен көріністерін театр қабырғасында қалдырмастан, сол әсермен сыртқа шығады халық. Иә, сахна шымылдығы жабылды, бірақ жүректегі ұлы өнерге деген құрметтің ақ шымылдығы ешқашан жабылмайды. Сыртқа шыққан көрермен ғимараттың дәл алдында жайғасқан Мұхтар Әуезов бейнесіне бас иіп, тарасады. Бұл тек Әуезовке ғана емес, өнерге бас ию. Тас мүсінді тау тұлға да құр қарап отырмастан :«Ертең де келіңдер, халқым! Нағыз өнерден рухани қазына жинаңдар!»-деп жатқандай көрінеді.

Келесі күн. Тағы да театр алды адамдарға лық толы. Себебі кеше Әуезов шығарып салып жатып, халқын қайта шақырған...

 

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Суреттер: thenews.kz, egemen.kz

Р. Роза