Ғ. Мүсірепов театры электронды билеттер сатуды бастайды

Ғ. Мүсірепов театры электронды билеттер сатуды бастайды

Өткен айда Қазақтың Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының онлайн-билеттерді сатуды бастағанын айтып сүйінші сұраған едік. Көпшілік әкемтеатрдың осы бір тамаша мүмкіндігін пайдаланып қалуға тырысып жатыр. Енді жастар театрының да көрермендері осындай жеңілдікке ие болады. Осы айдан бастап Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының қойылымдарына да билеттерді веб-сайт арқылы онлайн жүйесімен сатып алуға болады.

Айтулы қуанышты бөліспек болып, Ғ. Мүсірепов театрының шаңырағына да бас сұқтық. Баспасөз қызметі бөлімінің меңгерушісі Гүлнәз Әділғалиқызы былай дейді:


– Біздің театр наурыз айынан бастап онлайн-билет жүйесіне көшіп жатыр. Бұл жобаның мақсаты – үйде немесе жұмыста отырып театрдағы кез келген қойылымға билет алуға мүмкіндік беру. Мысалы, сіз Қазақстанның кез келген бұрышында отырып, 30 наурызда болатын қойылымға алдын ала билет аласыз да, дәл сол күні алаңдамастан келіп, қойылым көре аласыз. Онда театр қойылымдары, зал сызбасы, өтетін күні, қысқаша аннотациясы, жанры, актерлік құрамы жазылатын болады. Осыған дейін көрермендеріміз театр кассасына арнайы келіп билет алуға уақыт таппай немесе қалаған орындарын ала алмай жататын, енді мұндай олқылықтар жойылады деп сенеміз. Театр кассасы да, админстраторлар да жұмысын жалғастыра береді. Және билет бағасы бұрынғы қалпында қалады. Біздің театрға мұндай ұсыныс жасаған –  Da.kz сайты. Яғни, көрермен бізді осы сайттан таба алады. 

Гүлнәз Әділғалиқызы мұнымен қоса Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының алдағы жоспарларынан да хабардар етті:

– Театр ұжымы биылғы жылы, нақтырақ айтсақ, сәуір-мамыр айларында Петропавл, Павлодар, Талдықорған қалаларына гастрольдік сапарға бармақшы. Алайда, қандай қойылымдарды ұсынатынымыз белгісіз. Сондай-ақ, таяуда "Естай-Қорлан" атты жаңа қойылымның тұсауын кесеміз. Режиссер Мұрат Ахманов Иран-Ғайыптың шығармасы бойынша дайындап жатыр. Естайдың рөлін өте талантты актер Сағат Жылгелдиев сомдаса, Қорланды Жібек Лебаева алып шығады.

Тағы бір айтарым, алда келе жатқан әйелдер мерекесі 8 наурыз қарсаңында да театр жұмыс істейді. Мереке күні Т.Теменовтың "Ай-Қаракөз" қойылымын тамашалай аласыздар.

Дайындаған және суретке түсірген: Айгерім Сматуллаева