М. Әуезов театры элекронды билеттер сата бастады

М. Әуезов театры элекронды билеттер сата бастады

88-ші маусымда бірнеше тосын сыйын ұсынған Қазақтың Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театры 2014 жылдың қаңтар айынан бастап өз көрермендерін тағы да бір жағымды жаңалығымен қуантпақ. Қалың көрерменнің көптен күткен арманы орындалып, театр билеттерін веб-сайт арқылы онлайн жүйесімен сатып алудың тамаша мүмкіндігі туып отыр.

Енді Қазақстанның кез келген аймағында тұратын адамдар  Da.kz сайты арқылы онлайн-билетті тәулік бойы өте тиімді және ыңғайлы түрде рәсімдей алады. Da.kz сайтында спектакльдер туралы қысқаша мәлімет және спектакльдердің суреттері орналасқан.

Сонымен қатар, алматылық көрермен баяғыша билетті театр кассасынан да сатып ала алады. Оның жеңілдіктерін айта кетейік:

– Театрда екі касса үзіліссіз жұмыс істейді;

– Театр кассасына орнатылатын экран арқылы көрермен өзі таңдаған орны бойынша билет ала алады;

– Төлем карталары арқылы төлем жасауға мүмкіндік берілген.

Есенәлиев Талғат Қалқабайұлы, театр директорының орынбасары:

– Қазақстанның барлық театрында демесек те, біршамасында бұл жүйе әлдеқашан қолданысқа енгізілген. Бір Алматы қаласындағы Абай атындағы опера және балет театрында, Лермонтов атындағы орыс драма театрында, Қазақконцерт залында онлайн жүйесімен билет сатып алу мүмкіндігі бар. Ал біздің театр осы жылдың қаңтар айынан бастап аталған жүйеге көшіп отыр. Дайындық жұмыстары тәмамдалды, 1 ақпаннан бастап толықтай көшеміз деп жоспарлап отырмыз. Енді көрермендер электрондық билеттерді игіліктеріне жарата алады. Мысалы, сіз Қазақстанның кез келген бұрышында отырып, 30 наурызда болатын қойылымға алдын ала билет аласыз да, дәл сол күні алаңдамастан келіп, қойылым көре аласыз. Онда театр қойылымдары, өтетін күні, қысқаша аннотациясы, жанры, актерлік құрамы жазылатын болады. Осыған дейін көрермендеріміз театр кассасына арнайы келіп билет алуға уақыт таппай немесе қалаған орындарын ала алмай жататын, енді мұндай олқылықтар жойылады деп сенеміз. 88-ші маусымнан бастап театр билеттері қымбаттаған болатын. Қазір билет бағасы 2000 теңгеден басталады. Билет бағасына қарамастан, саналы әрі сапалы көрермендер көбейе түсуде. Бұл бізді қуантады. Осы тұста басқа да жаңалықтарымызды айта кетейін, біз биыл, яғни, 88-ші маусымда жас актерларді, бітіруші түлектерді театрымызға қызметке қабылдадық. Оларға қоятын басты талабымыз – би өнерін, сахна қозғалыстарын жақсы меңгеруі, дауыспен, тілмен жұмыс жасай алу қабілеті болуы. Оларға арнап арнайы сабақтар да қойдық, хор, вокалдың үздік мамандарын шақырдық. Мұның жемісін көрермендеріміз «Сұлтан Бейбарыс» қойылымынан да байқаған болар. Қаңтар айындағы жаңа қойылымымыз да үлкен ерекшеліктерге толы. Театр баспасөз қызметі жақсы жұмыс жасап, басқа да бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыс жасауда.

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: Театрдың баспасөз қызметі