Жан Кокто:

Жан Кокто: "Мен – әрі ақиқат, әрі жалғанмын"

Жан Кокто – дилетант. Ол талант емес. Гүлден гүлге қонған көбелектей өнердің бір түрінен екіншісіне секіріп жүретін опасыз. Оның жазған-сызғандары ешқашан шығарма саналмайды..." 

Француздың сурет, әдебиет, театр мен кино өнерінде қызу жұмыс атқарған бұл шығармашылық адамына замандастары осылай деп баға берген. Оның сегіз қырлы таланты көпшіліктің қызғанышын тудырған. Ал Коктоның өзі мұндай қаңқу сөздерді елемей, керісінше, түрлі өнер саласында талмай еңбектенген.

1889 жылы 5 тамызда Париж маңындағы Мэзон-Лаффит қалашығындағы қорғаушы һәм әуесқой суретші жанұясында өмірге келген Кокто бала кезінен-ақ басқаларға ұқсамайтын қаламы өткір, қиялы жүйрік жасөспірім болған. Тума қабілеті алғаш оның сурет салуында байқала бастайды да көп өтпей кәсіби суретші ретінде Парижге танылады. Кокто суретші болуы үшін Париж қаласында барлық мүмкіндік бар-тын. Тез арада Коктоның салған суреттері атақты сыншылар мен өнертанушы, суретшілердің назарын аудара бастайды. Мұндай жетістікке ол негізінде график жанрындағы суреттерімен жетеді. Кейін Кокто басқа талантымен, яғни, дауылпаз ақын ретінде әдебиет майданына бел шешіп кіріседі. Ол дадайзм мен сюрреалистік рухтағы өлеңдерімен оқырмандар жүрегіне жол таба білді. 1920 жылы "Өлеңдер" деп аталатын алғашқы жыр жинағы кітап болып шығады.

Өлең Коктоға проза мен драмтургияға өтуі үшін табалдырық қызметін атқарды. Ол әдебиеттің бұл саласында да өнімді еңбек етті. Мыңға жақын – "Орфей" ("Orphée", 1926), "Адам дауысы" ("La Voix humaine", 1930), "Эдип патша" ("Oedipe-roi", 1937), "Қасиетті жыртқыш" ("Les Monstres sacrés", 1940) сынды қайталанбайтын пьесалар жазды және олар Францияның бірқатар театрларында үздіксіз сахналанды. Пьесаларының тоқтаусыз қойылып жатқанынан шабыттанған Кокто енді суретші ретінде де сценографиямен айналысып, либреттолар жазды, балет қойылымдары үшін сахнаны өзі безендірді.

Бұл өнер жолындағы Жан Коктоның тағы бірі қыры ғана. Ол тек ақын, суретші, драматург қана емес өте дарынды режиссер де еді. Айта кету керек, Коктоның осындай үлкен жұмыстар атқаруына табиғаттың қандай да бір кездейсоқтықтығы бар. Себебі, Кокто туған жылы ағалы-інілі Люмьерлер кино өнеріне негіз салған уақыты болса, ал Жанның өнерге шөлдеп тұрған кезінде кино саласының нағыз дәуірлеген шағы еді. Кокто кинемотаграфия саласында да көптеген сәтті жұмыстар атқарды.

Өнері – өмірге, өмірі – өнерге айналып кеткен ол өнердің барлық саласын жатырқамай өз жолым деп білді. Оның дәлелі ретінде алғаш "Шайырдың қаны" ("Le Sang d'un poète") деп аталатын картинасын түсірді. Оның бұл дебюті "Сұлу мен құбыжық" ("La Belle et la Bête"), "Кориолан" ("Coriolan") "Орфей" ("Orphée») , "Орфейдің өсиеті" (Le Testament d'Orphée) сынды фильмдерінің өмірге келуіне көпір болды. Ол басқа режиссерлер үшін де сценарийлер жазды. Осының арқасында өнерде Эдит Пиаф, Марсель Пруст, Жан Марелармен шығармашылық байланыс орнатып, достасты. 

Кокто сыншы болмаса да көптеген суретшілер ( Леонардо да Винчи, Лотрек, Сезанн, Пабло Пикассо, Утрилло) туралы эссе мен ғұмырнамалық шығармалар жазған. Ол өнер адамы ретінде көптеген жас таланттарды қолдап олар үшін мүмкіндіктер есігін ашып берген. 1917 жылы Кокто сазгер Эрик Сати және суретші Пабло Пикассомен бірлесе "Парад" балетін жазды және бұл алғашқы сюрреалистік қойылым ретінде театр әлемінде көптеген жетістіктерге жетті. Арада 5 жыл өтіп Эрик Сати, Жан Кокто және музыка сыншысы, сазгер Анри Коллелер "Алтыұлан" атты жас сазгерлер тобын құрды. Бұл топ "Құдіретті топ" атауымен бірқатар жетістіктерге жетті. 

1955 жылы Кокто Франция академиясына, кейін Бельгия королдік академиясына мүше болып сайланды. Көп жылдар бойы халықаралық кинофестивальдерде қазылар алқасының құрамында болды. Өнер мен әдебиет жолында тынбай еңбек еткен талант 1963 жылы "2000 жылға хат" (Jean Cocteau s'adresse... à l'an 2000) фильмін түсіріп біткен уақытта, яғни, 11 қазан күні өмірден өтті.

Коктоның талантына  біреулер өмір бойы бас ұрды, кейбірі мойындамады. Шынында да қысқа өмірінде осыншалық көп қырлы талант иесі бола отырып өнердің түрлі саласында еңбек еткен Коктоның дарынына таңқалмай болмайды. Кейде ол өзі туралы "Мен – әрі ақиқат, әрі жалғанмын" , – дейтін. 

Уақыт барлық нәрсені айқындайды. Жан Кокто кейбір замандастары айтқандай дилетант емес, өзінің түрлі салада жаратқан өнер туындыларымен тарих беттерінде жасай береді.
Бөлісу:
Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз
Өзгерту

Соңғы жаңалықтар

Үй жануарларына зиян бөлме гүлдері
Үй жануарларына зиян бөлме гүлдері
Еуропа лигасы. Ширек финалға шыққан командалар анықталды
Еуропа лигасы. Ширек финалға шыққан командалар анықталды
Күннің ысуы адамзатқа қауіп төндіре ме?
Күннің ысуы адамзатқа қауіп төндіре ме?
Қазақстанда 10 тамыз - Абай күні демалыс па?
Қазақстанда 10 тамыз - Абай күні демалыс па?
Instagram Reels – TikTok-тың жаңа аналогы
Instagram Reels – TikTok-тың жаңа аналогы
Бала бақшаны қалай дұрыс таңдау керек? i-balaqai жобасында − Лейла Күленова
Бала бақшаны қалай дұрыс таңдау керек? i-balaqai жобасында − Лейла Күленова