Жан Кокто. "Мен оқи да, жаза да білмеймін..."

Жан  Кокто. "Мен оқи да, жаза да білмеймін..."
Фото: өңделген

Бүгін белгілі ақын, сыншы, әдебиетшi-ғалым, мәдениеттанушы, марқұм Әмірхан Балқыбектің туған күні. Егер ақын арамызда бар болса 46 жасқа толар еді. Әмірхан Балқыбек тек өлең жазумен ғана айналыспай, әдеби зерттеулер, мақалалар жазып, қазақ әдебиетінің дамуына өзінше үлес қосты. Оған "Қасқыр құдай болған кез", "Ақын апологиясы" сынды кітаптары дәлел. Атаулы күнге орай ақынның француз жазушысы, ақын, суретші, драматург Жан Коктодан (1889-1963) жасаған аудармасын назарларыңызға ұсынамыз.

Франция жайында

Франция – әрдайым өзін-өзі төмен тұқыртып ұстайтын ел. Әрине, мұнысы тек жақсылыққа бастап отырады. Өйтпегенде, ол әлемдегі ең астамшыл мемлекеттердің біріне айналып кетер-ді. Ең бастысы, ол өз бойынан, жаратылысынан ештеңені көріп біле алмайды. Ал көре алғанына және ешқашан жіті зейін салып қараған емес. Өзімнің «Мазасыз балалар» атты романымда мен бас қаһарманым, оның бауырлары мен қарындастары өз бойларынан елден ерек ештеңе таба алмағандықтарын еш қысылмай-ақ жаздым. Егер олар өз бойларындағы сұрапыл ақындық қуатты сезіне қалса, бұл оларды әп-сәтте эстетке айналдырар еді де, олар белсенділіктен бірден әрекетсіздікке көшер еді. Бірақ бәрі керісінше болды. Олар өздерін-өздері жек көрді. Өздері тұратын бөлмеге дейін алакөзбен қарады. Басқаша өмірді аңсады. Мен бұларға еліктейтіндердің де өмірі бақытсыздыққа ұрынатындығына еш күмәнданбаймын. Өйткені, шын өмір тек басқа жақта, шынайылық та сол белгісіз өңірден табылады деп өмір сүрудің өзі өмірді алға сүйрегенімен, осы өмірді сүрушінің өзін маңдайынан сипай бермейтін қатыгездеу түсінік.

Жақында Альфред Мюсенің кемеңгерлер мен керемет жандарға өте бай болған заманда жазылған хатын оқыдым. Ол бірде-бір ойынын риза болар актердің, бірде-бір тұшынып оқып кітаптың, бірде-бір бояуы қанық суретшінің, бірде-бір жұрт жаппай тамашалар пьесаның жоқтығын айтып шағынады. Ол «Комеди Франсез» құлдырап бітті, ал Малибран ханым Париж операсын алаяқтар иемденіп алғандықтан, амалсыздан Лондонда ән айтып жүр деп жазады. Францияда барлық дәуірлерде осылай болған: ол иегінің астында жатқан мол қазына – байлықты көре алмайды, өзіне де беймәлім әлденелерді алыс қырладың арғы жағында жатқан сағым қыраттардан іздеп әлек болады.

Франциядан ұлы сөз өнерін талап етудің өзі ақымақшылық. «Ұлылық, тазалық, құрылымы қырық қатпар күрделі туынды». Міне, бұл бүгінде екінің бірі жағы талғанша қайталай беретін талап сөз. Бірақ сол ұлы да таза, құрылымы қырық қатпар астарлы туындылардың бұлар байқай алмайтын, байқай қалса, елді, Отанды масқаралады деп шу ете қалар қалыпта өмір сүріп жатқанын олар аңғара да алмайды. Сыншы шіркіндер шығармаларды, сол шығармалар өздерін сынап жатқанын еш сезінбей-ақ, талқыға салып шыр-пыр болуда. Францияны ұлы қылған кімдер? Әрине, Вийон, Рембо, Верлен, Бодлерлер. Осы ғажайып топтың ішінде түрмеге отырмағаны жоқ. Оларды Франциядан аластап жіберуге тырысты. Емханаларда түкірігіне шашалып, есінен танып жатып өлулеріне мүмкіндік берді. Менің бұл арада Жанна д`Арк туралы айтқым да келмейді. Бір ғана оны соттау процесінің өзі неге тұрады. Өлгеннен кейін ақтап алуымыздың өзі тым аянышты. Байқұс Пеги! (Француз ақыны һәм патриоты). Өлгеннен кейін өз есімінің төңірегінде өрбитін әңгімелерді естісе, ол не айтар еді?

Азат етілгеннен кейін Францияның ұстaнымы қарапайым болды. Ол оны таңдаған да жоқ. Өзі әскерилердің қанжығасына байланып отырғанда, таңдау жасауға құқының өзі бар ма десеңізші? Не істеу керек еді? Бүкіл әлемге былай деуі керек еді: «Менің соғысқым келген жоқ. Мен соғысқанды жек көремін. Менде қару болмады. Және болмайды  да. Бірақ мен құпия қаруға иелік етемін. Қандай? Егер қандай қару екенін айтып қойсам, ол құпия қару болудан қалмайды емес пе? Әйтсе де, білгіңіз келіп тықақтай берсеңіз, амал жоқ айтайын: Менің құпия, жасырын қаруым – бұл анархиялық ғұрып-дәстүр».

Таң-тамаша қылар жауап. Нағыз тылсым. Бірақ төңіректегі бізге тарпа бас салғысы келіп отырған күшті мемлекеттерді арандата берудің қажеті қанша?

«Басып кіріңіз», жаулап алыңыз. Түпкі нәтижеде бірден мен сіздерге иелік ететін боламын».

Біздің Қытайдың бұл тактикасынан әуелде-ақ бас тартқанымыз белгілі. Сонда өзімізді-өзіміз қаһарман іспетті ұстанғаннан не ұтпақпыз. Одан не қайыр? Лао-цзы армандағандай, деревняға айналу үшін бе? Көрсін-көрмесін, жұрттың бәрі аңсап, армандап жүруі үшін ғана ма? Бұл тоққарын тоғышарлықты мұрат тұту емес пе?

Лао-цзы кемел патшалықты: «Қоразының шақырғаны бір қиырдан бір қиырына естіледі» деп сипаттайды.

Мен сізден Франция дегеніміз не деп сұраймын? Ол қи мен тезекке қонақтаған әтеш. Қи мен тезекті алып тастасақ әтеш аштан өліп қалады. Және мұндай жайт біздің кембағал, қортық ой-санамыз қи мен тезекті күл-қоқыс үйіндісімен шатастырған кезде ғана болады.

Оқу туралы

Мен оқи да, жаза да білмеймін. Халықты тізімдеу сауал қағазынан осы сұрақты кездестіргенде, неге екенін білмеймін, әйтеуір бар ынта-ықыласыммен «жоқ» деп жауап бергім келіп кетеді.

Жалпы,  жаза білетін адам бар ма? Жазу дегеніңіз  - бұл енді өзіңді өзгелерден естуі үшін сия сауытпен аяусыз, армансыз шайқасу деген сөз ғой.

Әлдекім барын салып, тыраштана жазады. Ал енді біреу болса әншейін сүйкектете береді. Ал нағыз тамыршыдай тап басып жаза алатындары өте сирек. Бұл жазудың қасында оқу дегеніңіз тіпті басқа шаруа. Иә, мен де оқимын. Дұрысы, оқимын деп ойлаймын. Бірақ әлдебір дүниелерді қайталап оқығанда, мұны бұрын соңды оқымағандай көңіл-күй кеше беретінім бар. Хаттармен де осы жағдай. Әсілі, хаттардан өзің оқығың келетін нәрселерді ғана оқи аласың. Сосын шетке ысырасың. Ал уақыт өте келе осы хатқа және көз жүгіртсең, бұл хат тіпті басқа хаттай құлпырып шыға келеді, оны енді ғана оқып жатқандай әсерге бөленесің.

Кітаптарда бізге осындай айла-шарғылар құрып тастаған. Егер кітап көңіл-күйімізбен үндесе қоймаса, біз оны жағымсыз, жадағай туынды санай саламыз. Көңіл-күйімізді бұзып, ойлануымызға түрткі болса, сынай жөнелетініміз және бар. Қысқасы, бізде кітапты кітап ретінде еш алғаусыз оқи алар мүмкіндік жоқ.

Оқырман бір-ақ нәрсені, өзін-өзі оқуды ғана қалайды. Оқып жатқан дүниесі көңіліне майдай жақты ма, мұндай дүниені өзім де жаза алар едім деп қиялдайды.

Тіпті оқырманның кітапқа бұл айта алмай жүрген нәрсені айтып қойғаны үшін ренжитін кездері де ұшырасады. Сосын, мұны айтқанда мен әлдеқайда әдемі, әлдеқайда әсерлірек айтар едім деп өзін-өзі жұбатуға мәжбүр.

Кітап біз үшін қаншалықты маңызға ие болса, біздің оны оқуымыз да соғұрлым нашарлай береді. Біздің болмысымыздың кітап мазмұнына дендеп енетіні  соншалықты, біз енді оны өз дегенімізбен қайта жасауға көшеміз. Менің оқуға кітап таңдағанда өзіме еш қатысы жоқ кітаптарға ілтипат көрсететіндігімнің себебі осындайдан. Айлап жатуға мәжбүр болған ауруханаларымда мен медбикелер әкелген немесе қолыма кездейсоқ түскен кітаптарды ғана оқыдым. Оларым оқырманымда бейбіт те кең пейілді ететін Поль Феваль, Морис Леблан, Лерулер жазған шытырман оқиғалы яки детектив романдар еді. Рокамбль де, Лекок мырза да, Оравальдегі қылмыс та, Фонтомас та, Шерк-Биби де, мені «Сен оқи аласың» деп сендіргенімен, маған түсініксіз, тым жат тілде сөйлейтіні соншалық, мен олардың бірде-бірін өз ыңғайыма бейімдеп, өңдеуге әсте тырысқам жоқ. Әйтпесе,  Томас Манның «Тылсым тауын» оқыған қайсыбір өкпесі тесік бейбақтың «Бұл кітапты тек өкпе құртымен ауырған жан ғана түсіне алады» деп лепіргенін күндердің күнінде әйтеуір бір естімей қалуыңыз мүмкін емес. Міне, осы кітапты өзі туберкулезбен ешқашан сырқаттанбаған Томас Манн туберкулезбен ауырмағандар бұл сырқаттың қандай сырқат екенін біле жүруі үшін жазған-ды.

Біздің бәріміз сырқатпыз және өз ауруларымызды суреттейтін кітаптарды ғана оқимыз. Махаббат жайлы кітаптардың оқырман ортасында мол сұранысқа ие болатыны басқа емес, дәл осы себептен. Ғашықтың сезімін кешкен оқырман мұндай хәлді түйсінген тек өзіндей: «бұл кітап мен үшін жазылған, өзгелер оны қайдан түсінеді?» деп ойлайды. Сосын бұл кітапты өзі ғашық болған жанға ұстата салады. Ал «Не деген ғажайып кітап» деп аһ ұрған оның көңілінде бұл емес, өз ғашығының сұлбасы көлбеңдейді.

Осы жерде өзімізге мынандай сауал қою керек секілді: бәлкім, кітаптың рөлі біздің оны тыңдауымызбен, онымен келісуімізбен анықталатын болар? Бальзактың оқырман өз ортасын табады: «Иә, мынау менің ағам, - деп ойлайды ол іштей, - ал мынау әпкем, мынау болса атам, мынау болса Х. ханым, ал мынау мен туылған қала». Ал ол Достоевский туралы не дейді? «Мынау менің қызбалығым, мынау менің ашуланғаным, ал жақындарым бұлардың бәрінен бейхабар». Міне, бұл – Достоевский романдарын оқып отырған оқырманның басына келетін қиялдар.

Оқырман, осылайша оқып отырмын деп ойлайды. Ол кітаптан кемел, керемет айна тауып алғанға мәз. Енді айнаның аржағында нендей көрініс ойналып жатқанынан да хабардар. Ойпыр-ау, көрініс мұның кәлласына келген көрініспен қандай ұқсас! Тап бір мұның ойларын бейнелеп жатқандай-ау! Мұнымен кітап егіз қозыдай ұқсас болып шыққанын қарашы! Бұл кітаптың, кітап мұның дәл бейнесі емес пе!

Мұражайларда аңызбен астасқан суреттердің болатыны секілді, кітаптардың арасында да өз аңыздары барлары ұшырасады. Және мұндай аңызы бар жүз есе нашар жазылған болсын, бәрібір жоғары сұранысқа ие...

Сырқат турасында

Жас кезде ауру әлі уақыт көп, болашақта әбден құлан-таза сауығып кетем қой деген үміт болатындықтан жеңілірек мазалауы қисындырақ болар еді. Бірақ мені жас кезімде ауру азаптағаннан көрі, көбінесе ашуландыратын. Бәлкім,  бұл маған берілген ғұмыр тым қысқа, яғни, сырқаттан айықпай қалуым мүмкін деген ойдың санада берік тұрақтап қалуынан болар. Қазіргі жасым жас кезімдегіге қарағанда анағұрлым дана, содан ба екен, бүгіндері анау-мынау сырқаттан онша қыңа бермеймін. Мен енді ғұмырымның шынында да аяқына тақап келе жатқанын жақсы білемін, сондықтан да оны жеңіл-желпі ауру-сырқаудың дегеніне құрбан қыла салғым келмейді. Сондықтан ауру дегеніңізді елемеуге тырысамын. Тіпті, назар салғым да келмейді. Бұлай болуы, бәлкім, тән сыртқаты емес, жан, рух мәселелерімен көбірек шұғылданудан да болар. Соңғы жарты жылда мен сәт сайын бойымдағы ауру-сырқаудың әр түрлі қалыптарға еніп, дәрігерлермен тығылыспақ ойнап жүргенін аңғарып, бақылап отырамын. Осы жолдарды жазу маған сәл де болса жеңілдік әкеледі. Тіпті кейде өткен күндердің әсерлерін жадымда қайта жаңартып, көріністерін көңіл көзімнен көшіргенде ауру-сырқауымды да ұмытып кетемін. Бейнебір қонақ үйдің жалға алған бөлмесінде емес, сол бір аяулы кезеңдерде өмір сүріп жүргендей таңғажайып хал кешемін.

Маған мынадай ой келеді. Жұмыс өз дегенін жасап, бізді бар болмыс-бітімімізбен өз соңынан ерте кететіндіктен, бәлкім, осы кітапты жазудың өзі сырқаттан қорғану үшін керек болған жоқ па екен?

Маған жастық шағы қартаң шағынан хабар беріп тұратын адамдар ұнайды. Өмір оларды мүсін сияқты ұзақ соғады және жетілген үстіне жетілдіре түседі. Олар алғашңы да жай үлгі ретінде сызылғанымен, келе-келе үлкен мазмұнға ие болады, нағыз дүр дүниеге айналады. Бұл жағынан келгенде мен жолы болмаған адаммын. Жастық шағым бейнебір ауа жайылып кеткен секілді. Мен бейнебір қарт болып көрінісі келетін жас бала секілдімін немесе қарттықтың ауылына адасып кіріп кеткен бозбала секілді көрінемін. Осы сөздерімнен кейін әлдекімдер мені жастықтан айырғысы келмейтін қырмасақалдың дәл өзі екен деп ойлап қалуы мүмкін. Бірақ бұлай емес екенін өзім жақсы білемін. Жастың жас болуы қандай әдемі болса, қарттың қарт көрінуі сондай тамаша. Бұдан бөлек, жастық шақ сөзде, жалын атқан көзде көрініп жатуы тиіс. Маған жалған жастық ұнамайды. Жастық шынайы болуға керек. Рас, бар шынымды айтқым келгенімен, менің де менің жасыма лайық емес қателерді жіберіп жататыным бар. Мен өмірден мүлдем хабарсызбын. Ешқандай ғылымды да түпкілікті игеруге тырысқан емеспін. Егер әріптестерім әлдебір конференцияларға қатысуға шақырып жатса, бетімнің оты шыға ұялатынымды неге жасырайын. Өйткені, мен мұнда не жайлы әңгіме болатынынан мүлдем беймағлұммын ғой. Көзін жұмып, басын әлсін-әлсін изеп отырған  ақымақ қария сырттай әрбір сөзді елеп-екшеп ақыл таразысына салып отырған ғұлама секілді көрінгенімен, шын мәнісінде оның өзін-өзі: «Топас, сауатсыз» деп түтіп жеп отырғаны анық. Мен әлденені қойын кітапшама түртіп алып отырғандай боламын. Ал, шындығында, мек түк те істеп отырғаным жоқ.

Бірақ аурудың да маған тигізер шарапаты бар: ол мені әрдайым тиянақты, жинақы болуға мәжбүрлейді. Ауру-сырқаусыз кезімде мен «орындық», «шам», «есік» секілді дүниелерге тіпті де назар аудармасам, қазір олардың бәрі де маған өте жақын, өте таныс дүниелердің қатарынан болып саналады. Мен аурудың азабынан құтылу үшін үздіксіз ойлануға мәжбүрмін. Бейнебір Декарттың «мен тірімін, демек, мен ойлаймын» деген қағидасына қарама-қарсы бағытта жүріп бара жатқандаймын. Егер ауру-сырқау болмаса, бәрі де басқаша болар еді...

Дәрігерлер маған тау мен қар пайдалы дейді. Бірден-бір ем осы екендігін талай мәрте айтты. Микробтардан әп-сәтте құтыласыз десті. Бұл микроб дегенін, олар жануарлар әлде өсімдіктер әлеміне жата ма, менен бейнебір жұлдыздар секілді тым алысты. Мен оларды тек сезіне ғана аламын. Олар мені білмейді. Мен де оларды білмеймін. Телескоптың жұлдыздарды көрсеткені секілді микроскоп та кейде-кейде оларды менің жанарымның алдынан өткізіп қояды. Бірақ екеуі де мен үшін түсініксіз ғалам. Асылы, микробтарға тау мен қар өте ұнайтын болуы керек. Меніңше, осылай. Оларға менің дем алғаным, ұйықтағаным, тамақ жегенім, қыдырғаным, толысқаным жағады. Олар менімен бірге өмір сүреді. Мен олардың жиі-жиі мазалап тұратын Құдайымын. Бұл жағынан келгенде, Марсель Жуандоның адамдар Құдайға жапа шектіреді дегені әділ пікір. Кейде мен өзіме-өзім: «Құдай бізді ойлап тапқан. Әйтсе де, біз туралы ойламайды» деймін. Ал менің микробтарым қызғын тіршіліктің бел ортасында жүр. Мен болсам азап шегулімін. Және бұл жайлы ойланып-толғанамын. Және өзіме-өзім Құдай өзі ойлап тапқан дүниелердің бәрінен қасірет табады деп санаймын. Олай болса, оның шегер азабының ақыры бола көрмесін.

Ұқсас жазбалар:

Әмірхан Балқыбек. "Ақынның апологиясы"

Әмірхан Балқыбек. Рим пір тұта жаздаған адам

Ш. Талап