"Дэвид Копперфильд" Чарльз Диккенстің өзі ме?

"Дэвид Копперфильд" Чарльз Диккенстің өзі ме?
Фото: vokrug.tv

Ағылшын реализмінің тарихы мен дамуында Чарльз Диккенстің «Дэвид Копперфильд» романының орны ерекше. 

«Дэвид Копперфилд» – жазушының тәжірибесіндегі автобиографиялық жанрда жазылған алғашқы және жалғыз романы. Өзі мұны теріске шығарса да, роман автордың бала кезінен бастап 1836 жылға дейінгі, яғни Чарльз Диккенс атақты жазушы атанған сәтке дейінгі өмірін бейнелейді. 

Образдар мен кейіпкерлерден Чарльздің өзі мен оны қоршаған адамдардың бейнесін көруге болады. Мысалы, Дэвид авторды еске түсірсе, жағымды әрі көңілді кейіпкер Микуобер автордың әкесі Джон Диккенсті еске салады. Ал, Дораның образы – автордың алғашқы махаббаты Мэри Биднелдің прототипі. 

Соған қарамастан автор, кейіпкерлердің түр-түсін нақты сипаттамай, тек типтік кескін ретінде бейнелейді. Яғни, оқырман кейіпкердің болмысын өзінің қалауына қарай жинақтай алады. 

Басты кейіпкердің басынан кешкендерін автор өте шынайы берген. Әрбір деталь мен сөзге аса назар аударған. Романда жаһандық, тұрмыстық мәселелерді көтермесе де, әлеуметтік романның белгілері кездеседі. «Оливер Твистің басынан кешкендері» романында жетім бала кенеттен бай адамның мұрагері болып шыға келсе, бұл романда автор романтизмге қарағанда реализмге бет бұрады. 

Жетім қалып, үлкендерге өкпе артып, мазаққа ұшырайтын баланың жан-дүниесін қалыпқа келтіретін оның жанашыры, апасы – Бетси. Кітапта қамқорлық танытқан бұл әйелді баланың көзіне сиқырлы әлемнің перизаты ретінде көрінді деп сипаттайды. Бірақ, есейе келе, сиқырлы перизат дегені кәдімгі байлыққа құныққан қарапайым адам екенін түсіне бастайды. Дэвид өмірге нық қадам басу үшін өзіне күш алғандай болады: тек талмас еңбек пен саналы тәрбие ғана оны жетістікке жетелейтінін ұғына бастайды. Ал, бақытқа апаратын жол түрлі сынақтарға толы болады. 

Кітапта Дэвидтің өмір жолы ғана сипатталып қана қоймай, оның жауыздықпен күресіп, жамандықтың батпағын кешкені, одан бөлек, әлемде жақсылықтың бары, жаны нұрға толы адамдарсыз жамандықты жеңу мүмкін еместігі бейнеленеді. Сонысымен, философиялық роман ретінде танымал болады. 

Автордың негізгі идеясы – өмірде құламау, ал, құлай қалса қайта жүгіруге шақыру. Дэвид – жеңістің символы болып қалмақ. Өйткені, роман оның ұзақ та бақытты өмір сүруімен аяқталады.

Т. Есқали