Әдебиет саласы бойынша "Нобель" алған алғашқы ақын

Әдебиет саласы бойынша "Нобель" алған алғашқы ақын
Фото: wikiwand.com

Құрметті оқырман, біз осыған дейін Нобель сыйлығының пайда болуы, оның айналасында туған дау туралы жазған болатынбыз. Енді  әр аптада, әдебиет саласы бойынша «Нобель» алғандарды кезең-кезеңімен назарларыңызға ұсынып отырамыз. Бүгін әдебиет саласы бойынша алғаш лауреат атанған ақын – Рене Франсуа Арман Прюдом туралы ақпаратты жариялап отырмыз. Біздің ғасырымызда «Арманды» ешкім оқымайды. Тіпті француздардың өзі оны әлдеқашан ұмытқан. Бірақ, ол алғашқы «Нобель» иегерлерінің бірі боп тарих мінберінде қала бермек. 

Француз ақыны Рене Сюлли-Прюдом (Рене Франсуа Арман Прюдом) 1839 жылы 16 наурызда Парижде дүние есігін ашқан. Рене екі жасқа толмастан әкесі қайтыс болады. Анасы Кейо және апкесі Рене атасының үйіне көшіп келеді. Сегіз жасынан болашақ ақын Бонапарт лицейінде математика, классикалық тілдер және французша өлең құрылымын үйренеді.

Лицейді бітірген соң инженер болу мақсатында Политехникалық институтында дайындық өткізеді. Бірақ көзінде сырқаты бар болғандықтан, бұл арманынан бас тартуға мәжбүр еді. Фабрикаға жұмысқа орналасқан ол күндіз жұмыс істеп, түнде кітап оқып, өлең жазатын. Рененің тырнақалды туындысы 1865 жылы жарыққа шықты. Ол кітабына Сюлли-Прюдом деп қол қояды (бұл әкесінің толық есімі).

Жинаққа сыншы Шарль Огюстен Сент-Бев жоғары баға береді. Арада бір жыл өтіп, Альфанс Лемер өзінің «Заманауи Парнас» жинағына Сюлли-Прюдомның өлеңдерін қосады. Бұл кітап романтика мектебінің лирик сезімдеріне қарсы шыққан «парнасшы» жас ақындардың әдеби манифесіне айналып кетеді. Лемер бұл жеңістен соң Сюлли-Прюдомның алғашқы жинағын қайта бастырып, оған қоса жаңа сонеттер жинағы – «Сынауларды» да жарыққа шығарады.

Үш жыл барысында ақынның антик аңыздар бағытындағы – «Авгий атқорасы», «Италия беттері», «Жалғыздық» атты кітаптары баспадан шығады. Бұл шығармаларында ақын жауапсыз махаббат, ғылым-білім мен дін арасындағы қарама-қайшылықтар жайында қалам тербеген. Жақын туысының қызына үйленбекші болған Рене ол жақтың келіспейтіндігі жайлы жауапты естігесін өмір бойы үйленбеуге өз-өзіне серт береді.

1870 жылы Рене өте ауыр жағдайды бастан өткізеді. Бірнеше күн ішінде әжесін, анасын және әпкесін қара жер қойнауына тапсырады. Осы жылдың шілдесінде Франция-Пруссия соғысы басталып, ақын еріктілер қатарында қолына қару алып соғысқа аттанады. Париждің Прус әскерлері тарапынан ұзақ уақыт қоршауда болуы ақынның онсыз да сыр беріп жүрген денсаулығына қатты әсер етеді. Франция астанасы қоршаудан азат етілер уақытта ол аяғынан айрылады. Емделу жылдарында ақын патриоттық  өлеңдер жазады. Оны 1870 жылы «Әскердегі естеліктер» тақырыбымен кітап етіп шығарады.

Сюлли-Прюдомның Лукрецкий өлеңдерінің әсерімен жазған «Әділет» дастаны диалог түрінде болып, әділеттілікті сыртқы дүниеден емес, адамның жүрегінен, оның ішкі әлемінен іздеу керектігін айтады. 1888 жылы Рене «Бақыт» деп аталатын 4 мың жолдан тұратын эпикалық дастанын жазып бітіреді. Ақын бұл дастанда адам бақытқа – ғылым-білімге ұмтылуы, мейірбандылығымен, әділеттілігімен жетеді деген пікірді алға тартады.

Француз әдебиетіне ақынның гуманистік  ойларының әсері жайында сөз етіп, негізі француз болған америкалық сыншы Жан Альбер Беде былай дейді: «Ол позитивизм жақтаушыларының пессемизмімен ұзақ уақытқа зұлматта қалған өлеңін жарыққа шығарды және былай үйретті: бақытқа – қайғымен, мәрттікпен, бауырмалдықпен, мейірбандылықпен және махаббатпен жету мүмкін!». 1901 жылы Сюлли-Прюдомға әдебиет саласындағы алғашқы Нобель сыйлығын тапсырды. Сыйлықты беру жайындағы шешімнің преамбуласында: «Әдебиеттегі мінсіз жеңістері, жоғары идеализмі, көркем күрделілігі мен өнердің таңғаларлық үйлесімділігіне жеткені үшін» делінген.

Сыйлықтың Сюлли-Прюдомға берілуі ең лайық жазушы ретінде Толстойды көздеп отырған әдебиет әлемі үшін күтпеген жағдай болды. Толстойға не үшін берілмегендігін біз осыған дейін жазған едік. Құттықтау сөзінде академия мүшесі С.Д.Вирсен ақынның ізденімпаз және ештеңені қалт жібермейтін ақылымен адам жүрегіне жол таба алғанын айтады. Міне, осындай қасиеттерімен Альфред Нобель айтқан «әдебиеттің идеал дәстүрлері» деген сөзін, іс жүзінде  басқа жазушыларға қарағанда көбірек амалға асырғанын айрықша атап өтті. 

Бұл уақытта ақын сырқат болып марапаттау рәсіміне қатыса алмады. Лауреаттық диплом Францияның Швециядағы елшісіне тапсырылды. Қатты сырқаттанып жатқан ақын «Еркін таңдау психологиясы» деп аталатын соңғы шығармасында «таңдау еркіндігі табиғатқа ғана тән және солай болып қала береді» деген пікірді алға қояды.

Сюлли-Прюдом 1907 жылы 7 қыркүйек күні Париж жанындағы Шатн-Малабри қаласында орналасқан вилласында қайтыс болады. Бір кездері әдеби және академиялық дәуірде өте зор құрметке ие болған жазушы бүгінге кеп тіпті Францияның өзінде де назардан тыс қалған. Ақынның кейбір өлеңдерін аударады, антологияларға кіргізеді, бірақ бүгінгі таңда әдебиеттанушылар оның шығармаларына мән беріп қарамайды. Сюлли-Прюдомды Нобель сыйлығынан қалған ақшалар есебінен Франциядағы жас ақындарға берілетін әдеби сыйлықтың негізін қалаушы ретінде таниды.

Т. Раушанұлы