Димаш Париж сахнасында өнер көрсетті

Димаш Париж сахнасында өнер көрсетті
Фото: vk.com

Кеше Франция астанасы Парижде "Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет" мәдени жобасының шеңберінде Гала-концерт өтті. Онда Қазақстанның біртуар әртістері өнер көрсетті.  Қазақстанның ЮНЕСКО дүниежүзілік ұйымына кіргеніне 25 жыл толуына орайластырылған концертте миллиондардың сүйіктісі болған талантты әнші Димаш Құдайберген ән шырқады. 

Аталған ұйым мемлекеттер мен халықтардың білім беру, ғылым және мәдениет саласындағы ынтымақтастығын кеңейту арқылы бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға жәрдемдеседі.

Сүйікті әншілерінің келетінін естіген француз жанкүйерлері әуежайдан құшақ-құшақ гүлмен күтіп алды. Димаш бұл концертте қазақ және француз тілдерінде әннен шашу шашты. Ол ән айтып болған соң бірнеше жанкүйерлері жібермей тұрып алды. 

Айта кетейік, сонымен қатар гала-концертте елімізге белгілі әнші Майра Мұхамедқызы, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық Консерваториясы оркестрі, Сүндет Байғожин, Салтанат Ахметова, Медет Чотабаев, Арман Жүдебав және Nomad этно-фольклорлық ансамблі өнер көрсетті. 

Ж. Жұмағұлов