Лаурэ Шанг Димашқа дыбыс жазатын студия тарту етті

Лаурэ Шанг Димашқа дыбыс жазатын студия тарту етті
Фото: vk.com

Кеше ғана дүркіретіп туған күнін өткізген отандасымыз, талантты әнші Димаш Құдайбергенге Лаурэ Шанг туған күніне сыйлық ретінде Бейжіңнің қақ ортасынан соңғы технологиялармен жабдықталған дыбыс жазатын студия тарту етті. Бұл туралы инстаграм әлеуметтік желісіндегі "Dimashworld" тобы хабарлады. 

Бұл Димаш үшін күтпеген сыйлық болды. Естіген кезде әнші өзінің эмоциясын жасыра алмады. 

Лаурэ Шанг – Димаш Құдайберген келісімшартқа отырған BGTalent (黑金经纪) продюсерлік компаниясының негізін қалаушы. Француз және ағылшын тілдерін жетік меңгерген. 2006 жылы Хунан телеарнасының «Super Girl» ән байқауында бас жүлдені жеңіп алған, сондай-ақ, 2013 жылы «I am singer» байқауының алғашқы маусымында өнер көрсеткен. 2012 жылы Париж қаласында француз әндері музыкалық кешін өткізген.

Естеріңізге сала кетейік, Димаш кеше "ОК" журналының шешімімен "Жылдың ең танымал әншісі" атағына ие болды. Бұл Димаштың Қытайдағы төртінші жүлдесі. Осыған дейін ол "Battle of memories" әні үшін "Top Global Chinese Music" жүлдесін, 17th China Music Awards "шарасында "Халықаралық деңгейдегі танымал әнші" жүлдесін, China Top music Awards шарасының "Азияның ең танымал әншісі" жүлдесін жеңіп алған болатын. Әнші "I am singer" байқауының финалында Лаурэ Шангпен бірге ән айтқан еді. 

Ж. Жұмағұлов