Бүгін – ұлттық деңгейдегі мәдени брендке айналған The Spirit of Tengri фестивалінің екінші күні

Бүгін – ұлттық деңгейдегі мәдени брендке айналған  The Spirit of Tengri фестивалінің екінші күні
Фото: kaz.tengrinews.kz

Бүгін Алматы қаласы Республика сарайының алдында The Spirit of Tengri фестивалінің жабылу кеші өтеді. Шара сағат 17:00-де басталады. Барлығыңызды әлем елдерінің этникалық салт-дәстүрлерін Қазақстан жерінде таныстыратын мәдени жобаға шақырамыз.

Айта кетейік, биыл Қазақстан атынан "Тиграхауд" және "Алдаспан" этникалық рок-тобы, диджейлер: Nariman Issenov, Arsen Superfly, Rustam Ospanoff, Roman Bazhanov, сондай-ақ, "Барабаны Алматы" жобасы фестивальдің алғашқы күні өнер көрсеткен болатын. Сонымен қатар, іс-шарада Тываның Huun Huur Tu тобының шығармашылығымен де танысу мүмкіндігі туды. Олар сахнаға америкалық диджей Кармен Риццомен шықса, орыстың халық әндерін Башқұрстаннан келген "Катя Ямщикова" атты фольк-жобаның қатысушылары таныстырды.

Ал қалған музыканттар The Spirit of Tengri сахнасында бірінші рет өнер көрсетеді. Олардың қатарында Oki Dub Ainu Band, Гвинеядан келген Sekou Kouyate, Роберт Юлдашевтың ұжымы - башқұрстандық "Курайсы" тобы, Литваның Marga Muzika тобы, Алжир мен Франциядан келген Speed Caravan, Бурятиядан Shono бар. Сондай-ақ, шараның бірінші концертін Израильден келген Dudu Tassa & The Kuwaitis тобы жапқан еді.

The Spirit of Tengri фестивалінің ерекшелігі тек музыкасында емес, фестиваль кезіндегі белсенділікте. Биыл да қонақтарды Республика сарайы алаңында түрлі елдің шеберлері жасаған бірегей туындыларды алуға мүмкіндік күтіп тұр. Сонымен қатар, фестивальге келген қонақтар арнайы аумақта тамақтана алады. "Қазақстанға келетін адамдардың саны жыл сайын көбейіп жатыр. Биыл тамаша командалар өнер көрсетеді. Біз асыға күтіп отырған және аудиториямызға тамаша музыкалық кеш өткізгіміз келетін таңғажайып екі күн болмақ", - деді Батыр Қазыбаев.

Жақын арада этникалық музыканы тек алматылықтар емес, астаналықтар да тыңдай алады. Себебі The Spirit of Tengri фестивалі Астанада EXPO-2017 көрмесі аясында өткізіледі. Мәдениет министрлігімен біріге отырып Nomad Way бес күндік фестивалін және елорда әкімдігімен бірігіп The Spirit of Astana кеші өтеді.

А. Оралқызы