Айтыскер ақындардың отбасы

Айтыскер ақындардың отбасы
Фото: bmtv.kz, www.kazaitys.kz

Айтыс - қазақ халқының төл өнері. Ақын болу - Алладан. Халқымыз ақындарды ерекше құрметтеген. Көрген жерінде өз үйіне қонақ етіп күтіп, ат мінгізіп, шапан жапқан. Ақын елдің мұңы мен зарын жырлаған. Бүгінде жұрт айтыс ақындарын зор ықыласпен тыңдап, құрметтейді. Ал ақындарымыздың отбасы туралы көпшілік біле бермейді. Сонымен айтыскер ақындардың отбасы жайлы не білеміз? 

Тәуелсіз ел атанған соң,  қазақ айтысын халқымен қайта қауыштырған Жүрсін Ерман осыдан 48 жыл бұрын шаңырақ көтерген. Жүрсін бойжеткен Бақытжамалды алғаш рет 1966 жылы Ұлытау ауданында жастардың кешкі отырысында көрген. Қаладан келген сұлу қызды жігіт бірден ұнатады. Әдемі қыздың әр ізін аңдып, соңында қыздың жүрегін жаулап алады. 1968 жылы екі жас бір отбасы болуды ұйғарады. Бақытжамал көп жылдар теледидар дикторы болып қызмет істеген. Отбасында Қызғалдақ, Ардақ есімді қыздары мен Дархан атты ұлдары бар. Жүрсін мен Бақытжамал бүгінде немере сүйіп, шөбере көрген бақытты ата-әже.

Айтақын Бұлғақовтың жары — алғашқы махаббаты. "Біздің махаббатымыз 8-сыныптан басталды. Менің анам сауыншы болды. Жәмила әпкесімен біздің ауылға келіп тұратын. Сөйтіп жүріп бір-бірімізбен тіл табыстық. Содан бала кезден басталған тұнық сезіміміз, қарым-қатынасымыз сол тұнық күйінде келе жатыр. Бір жерге іс-сапарға кетіп, бір-бірімізді бір апта көрмей қалсақ, кәдімгідей сағынып қаламыз. Енді отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды, әрине. Бірақ әрі кетсе бір сағаттан аспайды, бір-бірімізге деген ренішіміз сейіліп, ашуымыз тез тарқап кетеді. Мұңымыз да, сырымыз да бір болып, осылай тату-тәтті өмір сүріп келеміз" - деді ақын. Айтақын мен Жәмилә анамыз 2 баланың ата-анасы. Ұлдары Жандарбек те әке жолын қуып, айтыстың туын биік ұстап жүргендердің қатарында. Жандарбек те отбасын құрып, қазірде бір баланың әкесі.

Аманжол Әлтаевтың жарының есімі Ақмарал. Елдің сүйікті ақыны 14 жыл бірге тұрған жұбайынан айырылып қалады. Ол туралы: "Ойламаған жерден қапияда жол апатынан он төрт жыл отасқан жан жарым мен жүрегімнің жартысы тәп-тәтті қызымнан айырылып, қос қанатым қатар қайырылды. Рас, өмірден түңіліп, тіршіліктен баз кешіп кететіндей күндерім болды. Қанша мықты болғанмен адам темір емес екен. Сонда сына жаздап, қайта тұруыма себепкер болған балаларым болды. «Егер мен басыма түскен мына қайғыны көтере алмай сынып кетсем, үшеуінің болашағы не болады?» деген ой ес жиғызды. Оларды аяғынан тұрғызып, ұядан ұшырып, қияға қондыру – әкелік міндетім. Осыларға қараймын да, өмір сүрем. Сол үшеуі маған үміт беріп, тәуекел сыйлайды. Осы күнге дейін «осылардың алдында мен әлсіз болып кетпеуім керек» деген қағидамен өмір сүріп келе жатырмын. Аналары өмірден өткелі менің мойнымдағы жүк екі есе емес, он есеге салмақтанып кетті. Үшеуінің үлкен жетістікке жеткенін көрсем, Ақмаралдың алдындағы парызымды өтегенім деп білем. Ол кезде менен бақытты жан жоқ болар еді".

Мұхамеджан Тазабековтың жұбайы Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеуханның қарындасы болып келеді. Ақынның жары Еңлікті ата-анасы Алматыдан Қарағандыға көшіп кетеді де оқуына бөгет қылмайық деп ағасының үйіне тастап кетеді. Мұхамеджан мен Бекболат Тілеухан ағалы-інілі болып араласып тұрғандықтан, ақын жігіт ол үйге жиі келіп жүрген екен. Ақын Еңлікті ұнатып, оған сөз айтады. Көңілдері жарасқан екі жас отау құрады. Ол туралы: "Еңлікті көрген кезімде маған әсер еткені, оның намаз оқитыны болды. Содан менде «іздеген қызым осы екен ғой» деген ой туды. 1999-2000 жылдары мектепте жүріп намаз оқитын қыздар жоқтың қасы еді" - дейді Мұхамеджан Тазабеков. Мұхамеджан мен Еңлік бүгінде Айша, Фатима, Асма, Абдулғафур есімді ұл-қыздарды тәрбиелеп отыр.

Серікзат Дүйсенғазин 2002 жылы Астанаға Еуразия ұлттық университетіне Мырзатай Жолдасбеков ағамыздың қол астына қызметке барады. Сол жақта Айнұр есімді аруға үйленеді. Екеуінің жасында сегіз жастай айырмашылық бар. Ақын үйленер кезде 28-де болса, Айнұр көлік және коммуникация академиясында студент болған. Мамандығы – инженер-электрик. Қазір Еуразия ұлттық университетінде радиоэлектроникадан сабақ береді. Отбасының Аружан атты қызы мен Әлихан атты ұлы бар.

Бүгінде айтыстағы санаулы ақын қыздардың бірі Жансая Мусина тұрмысқа шықпаған. Айтыстағы әріптестері ақынның осы "мінін" ылғи да сөз қылады. Себебі де белгілі. Қазақтың аяулы ақын қызы биыл отыз бірге келді. Алайда Жансаяның бұндай пікірлерге аса назар аудармайтыны байқалады.

Ринат Зайытовтың келіншегінің есімі — Зульфия Тұрсынқызы. Екеуінің таныстықтарына Ринаттың ұстазының анасы Бейхан апа себепші болған екен. Апасынан келіншек болуға қай қыз дұрыс деп қалжыңдап сұраса, Зулфияның биязы мінезі мен қазақы ұяңдығын жақсы жар болады деп топшалаған. Көркем мінезді аруды ұнатқан Ринат 2005 жылы дүркіретіп той жасайды. 10 жылдан аса уақыт бірге болған жарасымды жұп жақында тағы бір жанмен толықты. Өмірге қыз бала дүниеге келді. Ақын нәрестенің есімін ақын Аягөз деп қойған болатын. Кішкентай Аягөздің Ақжүніс, Айша, Оспан есімді аға-әпкелері бар.

Айтыстағы сөзі наркесен ақын қыз Сара Тоқтамысова да отағасы жайлы көп айта бермейді. Алайда ақынның жары бұрын "Шымкент-шоу" театрының продюсері болған. Қазір жеке кәсіпкер.

Белгілі айтыскер ақын Балғынбек Имашев отбасын құпия ұстайтын ақындардың бірі. Белгілісі ақын осы жылы бес ұлдан кейін қыз бала сүйген.

Дереккөз: baistars.kz

Н. Үсенова