Жақсылық Орынбасар: "Бір айтыста Ринатпен екі рет шығу мен күтпеген жағдай еді"

Жақсылық Орынбасар: "Бір айтыста Ринатпен екі рет шығу мен күтпеген жағдай еді"

Құрметті оқырман, айтыс десе делебесі қозып, рухтана кететін қазаққа бүгінгі сыйымыз - Астана күні мерекесіне орай ұйымдастырылған айтыстың бас жүлдегері Жақсылық Орынбасар болмақ. Естеріңізге сала кетсек Жақсылық бұл айтыста майталман айтыскер Ринат Зайытовпен тең түсіп, қазылар алқасының шешімімен екі өнерпаз да бас жүлдеге ие болған еді.

- Жақсылық, айтысқа келуіңіз жайлы әңгімелеп берсеңіз, нендей түрткі болды, немесе тегіңізде айтыскер ақындар болды ма?

- Өнерге келдік деп ауыз толтырып айтуға ерте шығар, мүмкін. Десе де шама-шарқымызша өлең дейтін өнерден "өріс" алмасақ та жаңа-жаңа қоныс алып жатқан жайымыз бар. Ал, осы айтыс деген өнерді Алла тағала аталарымның қанымен, аналарымның ақ сүтінің нәрімен дарытқан деп кесіп айта аламын. Себебі: атам Әуелхан күйші, шежіреші және таңды таңға ұрып жырлайтын өлеңші кісі болған екен. Ауыл елі ол кісіні мырза Әуелхан деп атайды екен. Сөзімнің дәлелі ретінде мына оқиғаны айтайын. Арғы беттегі кезінде (негізі атам Нарынқолдың тумасы) серілікпен ел аралап жүріп Сайрам көлінің жағасын мекендеген Жалайыр руының бір торқалы тойында сол рудың ақын қызымен айтысады. Айтысып отырып келісім жасайды: егер жігіт жеңілсе бір тоғыз айып төлейді, қыз жеңілсе жігітке тұрмысқа шығатын болады. Сөйтіп, таң атқанша айтысып, атамыз сөзден ұтып, әжеміз уәдесінде тұрып, екеуі шаңырақ көтерген екен. Олардан туған менің әкем де өнерден қара жаяу емес. 30-ға жақын күй тартады. Байдәулет деген ағамның да суырып салмалығы бар. Ауылдағы той мен жиындардың жұлдызы боп жүр қазір. Бір жағынан мен туған ауылдың жері де, елі де қазақы қасиетінің қаймағын бұзбаған қазыналы ауыл еді. Өткен жылы Айбек ағаны (Қалиев) ертіп бардым, ондағы мен туып өскен Қаражон жайлауын көріп тебіренген Айекең: - Әй, Жақау (мені солай атайды), мынадай жерде туып, мынадай елдің алақанында өсіп қалай ғана ақын болмайсың, - деген еді. Айтысқа келуіме атажұртыма келуім себеп болды.

- Осыдан бір ай бұрын Астананың 15 жылдығына байланысты айтыс өтті. Онда қазылар-алқасы Ринат екеуіңізді де бас жүлдеге лайық деп тапты. Жалпы осы айтыстан не ұқтыңыз? Ринаттың теперіш көріп келе жатқандығы, енді келіп қайта бас жүлдегер болуы туралы не ойлайсыз?

- Осы жолғы айтыс мен үшін үлкен сын болды. Бір айтыста Ринатпен екі рет айтысу мен күтпеген жағдай еді. Қазылар екі айтыста да тең деп бағалап, екеумізге де бас жүлде берді. Айтысты ұйымдастырған Серік аға (Қалиев) қазылар алқасын барынша айтыскерлерден жасақтаған екен. Өздері де сол қиянат дегенді жанымен сезінетін ағаларымыз ешкімді де өкпелетпеді. Әсіресе, Ринатты әділ бағалағандарына риза болдым. Себебі қаншама рет қарсыласын тас-талқан етіп жеңіп отырса да қазылар аяғынан шалып, жеңіліп тұрған ақынды оздырып жібергенін көріп жүрміз. Осы жолы мен де жеңіліп тұрып жүлде алудан қорыққанмын. Бірақ Алла абырой беріп, бабымыз да, бағымыз да бірдей шапты.

- Айқұш-ұйқыш өлең жаттап алып айтыс жасап жүрмін деп ойлайтындар да бар. Сіз өзіңіздің айтысыңызда не нәрсеге мән бересіз, халыққа не айтқыңыз келеді?

- Алты қырдан аспай жатып кім жаттанды, кім шынайы деп алаштың ақындарын сынай сөйлеу айтыстың көшіне жаңа қосылған ақындардың айналысатын шаруасы емес. Ал, өзім айтыста не айтсам да әр сөзімнің шынайы болуына мән беремін. Халықтың дүр еткен шапалағы мен қазының қолындағы баға үшін сиқыршыдай құбылып, жалған сөйлегім келмейді. Халыққа көбінде билікті кінәлау, шенеуніктерді шенеу сипатындағы айтыс етене жақын. Бұл жағы ақындарға да жеңілдеу және тиімді. Ал, қарақұрым халықты сынап, елдің өз ішіндегі шеменді айтып, ағысқа қарсы жүзу нағыз ерлік дер едім. Мысалы, біреулердің баласын орысша оқытқанына, қыздарының қылығын көріп, қылмысын көрмеуіне, көшедегі екі қазақтың орысша шүлдірлеуіне биліктің не кінәсы бар? Әрине, өзіміздің де рухани жақтан енжарлығымыз басым. Осы жағынан халықтың өз ішіндегі "әттеген-айларын" көбірек тілге тиек еткім келеді. Бірақ, қазірше менің аузыма сиятын сөз емес бұл.

- Осы айтыскерлер бірінен соң бірі айтысқа қаржы жетпейді дегенді көп айтады, қалай десек те, Жүрсін Ерманның топшылауы бойынша, 1997 жылдан бері 16 жылда айтысқа 125 темір тұлпар тігілген екен. Қандай да бір қалалық, аудандық, облыстық, тіпті республикалық көлемде той-жиын өтсе (Наурыздың жайы бір бөлек) айтыскерлер міндетті түрде сол тойдың төрінде отырады. Енді бұдан кейін «ақшасыз қалдық», «назарсыз жүрміз» деген күңкілді қою керек шығар?

- Біздің халықты айтыстың деңгейі, келешегі жайлы ойлардан гөрі жүлде жайлы ойлар көп мазалайды. Сіздің есебіңізді шығарып көрейік: 16 жылда 125 көлік деген түк емес, себебі сол 16 жыл аралықта айтыстың жуан ортасында кемі 100-120 ақын жүрді, сіз айтып отырған 125 көлікті 120 ақынға бөліңіз, сонда орта есеппен бір ақын 16 жылда бір-ақ рет көлік мінеді деген сөз. Мұны көп көретіндер президент кубогы үшін өтетін теннистің жүлдесі 225 мың доллар екенін ескерсін. Ал, айтыстың теннистен несі кем екен? Енді бір жағынан айтысқа тігілген жүлделердің дені өнерге жанашыр азаматтардың қалтасынан шықты. Мемлекет тарапынан тағайындалған жүлделер саусақпен санарлық. Сондықтан, айтысқа жасалып жатқан қамқорлыққа ақындардың көңілі толмауы жөнді деп санаймын. Той-томалақтың төрінде жүреді дегеніңізбен, ол ақынның екі ауыз өлеңі қажет болған кездегі шаруа ғана. Шын құрметтесе айтысты эфирге шығарсын.

- Айтпақшы, айтысқа өздеріңіз сияқты жастар қатты қызығады, бірақ солардың бірегейлері ғана, яғни аздағаны ғана айтыс өнерінің жолына толық түсіп кете алады. Неге?

- Айтысқа қызығатын жастар көп-ақ. Бірақ, олардың санаулысы ғана айтыстың жолына түсуі – оның халтураны көтермейтін таза өнер екенін көрсетеді. Айтыс – эстрада сияқты екі ән жаздырып, бір клип түсіріп, ауызды жыбырлатып, жұлдыз болып жүре беретін өнер емес. Жүрсін ағаның құлағы да, құрығы да ұзын ғой. Қай аймақта, қай айтыста болсын, жарқ етіп көрінген ақынның хабары міндетті түрде жетеді ол кісіге, және оны қалайда елдің алдына шығарады. Ары қарай халық төреші. Халыққа ұнаса ешкім шек қойып, шеңбер сызбайды. бірақ, қазір айтыс өте сирек өтетіндіктен жас ақындардың кәсіби түрде шыңдалуына, айтыстың қыр-сырын меңгеруіне орай аз болып жүр.

- Айтыс идеология құралы дегенге қалай қарайсыз? Өнерді саясатқа айналдыру қаншалықты дұрыс?

- Айтыс нағыз идеология құралы ғой. Ал, идеология құралы болу деген ана партияның, болмаса, мына топтың сөзін сөйле, сойылын соқ деген сөз емес. Айтыс – тек ұлттық идеологияның құралы болуы керек. Ұлттық рух, мемлекетшілдік идея дегендеріңіз айтыста тұнып тұр. Заманның кемшін тұстарын сынап, қоғамдық пікір туғыза білетін өнер қалай ғана саясатпен араласпайды? Саясатқа араласты дегенде көрсоқыр науқаншылдықпен емес, қайта кемеңгер ой-пікірмен елдегі саяси хал-ахуалдың айнасы ретінде алдынан шығып, қуанышымыз бен қайғымызды, барымыз бен жоғымызды, қасымыз бен досымызды салмақтап ақиқаттан айнымайтын таразы рөлін атқарып келеді.

- Айтыста кімнің сөзі шөп, кімнің сөзі шөңге? Айтыскер ақындар бұқпасыз айтып салушы еді, сіз осы сұраққа батыл жауап бере аласыз ба? Дегенмен деңгей деген де болады ғой?

- Мен алашқа аты мәшһүр болған атақты ақын болмасам да, айтыста жүрген біраз ақындармен аға-бауыр болып араласып жүрмін. Осы ортада тек сахнадан көріп жүрген ақындардың айтыстан сырт өмірдегі сөзге жүйріктігін, тапқырлығын бақылап жүремін. Өз басым Жандарбектің ақындығын жоғары бағалаймын. Ойлары салмақты, өлеңдері сауатты. Былайғы өмірде де тапқыр, сөзге жүйрік жігіт.

- Айтыс десе Жүрсін ағамыздың сахнада маңғазданып отырғаны еске түседі. Жүрсінсіз айтыс бола ма, жалпы?

- Айтыс Жүрсін ағамыз өмірге келмей тұрғанда да өткен. Біржан мен Сара, Сүйінбай мен Қатағанның айтыстарын Жүкең жүргізбей, Хабар таспаға жазбай-ақ тарихта қалды. Жүрсінсіз айтыс бола ма деген сөз бір қарасаң заңды сұрақ, бір қарасаң айтысты қорлау сияқты. Бұлай дейтінім, қаншама алапатты жылдарда желге ұшпай, селге ақпай елмен етене өмір сүріп келген ұлттың ұлы өнер тағдырын бір адамға байланысты деп байлап қою айтыс көп өтпей өледі деген сияқты пікірге саяды ғой. Ал, Жүкеңсіз айтыс – айтыс болмайтын сияқты сезілетін жөні де бар. Себебі Жүкең айтыстың қанына сіңіріп тастаған бірнеше сипаттарын байқадым. Ең бастысы мінезі; сахнада жалған сыпайыланып жаймалап отырмай, кесіп айтады. Керек кезде мүйізі қарағайдай қазының да қателігін кешірмей бетіне шыжғырып басып жібереді. Сахнада отырғанда бай-манап пен әкім қараларға паң қарап, мысы басып отырады. Сосын, шешендігі мен өткірлігі; айтыс барысында кез-келген ситуациядан алып шығады. Залдағы шу көтеріп сахнаны таптап кетейін деп тұрған елдің бетін жау қайтарғандай тоқтатқанын талай көрдім. Сөзі мірдің оғындай және қарапайым. Осы қасиеттері айтысқа сіңіп кеткен. Жүрсінсіз өткен айтыстарда халық та, ақын да соны іздеп отырады. Таппай отырады. Не халаққа, не ақынға сөзі өтпей абдырап, айтыс тұрмақ өзін басқара алмай Жүрсіннің орнында жүргізуші боп отырған атақты ақын-жазушыларды көргенде шынымен де айтыстың күйі Жүрсінсіз не болмақ деп ойға қаласың. Айтыстың ақбас нары атанып кеткен ағамызға Алла қуат беріп, алаштың арда өнерін алға сүйрей берсін.

- Массагет сайтында жазбаша айтыстар көптеп болып тұрады. Мұндағы айтыскерлерімізге нендей ақыл-кеңес айтасыз? Нендей ілтипат-тілегіңіз бар?

- Ақыл-кеңес дейсіз бе? Біз қазір ақыл-кеңесті алдыңғы буын ағаларымыздан алып, соны өміріміз бен өнерімізге жарата тұрсақ та жеткілікті болар. Ал, сіздерге көптен тілекшімін. Себебі, Массагет еліміздегі жастардың талғамына сай бірден-бір таңдаулы қазақ тілді сайт. Сондықтан Алла тағала ұжымдарыңызға береке-бірлік, күш-қуат беріп, әр жасап жатқан жұмыстарыңыз жемісін беріп, ұлт руханиятына қосар үлестеріңіз көбейе берсін. Сол еңбектеріңізді бағалайтын сауатты оқырмандарыңыз көбейіп, іргелеріңіз кеңейе берсін.

- Рахмет! Жеңістен жеңіске жете беріңіз!

Әңгімелескен Ардақ Құлтай

Сурет: айтыскердің жеке мұрағатынан, kazaitys.kz

A. Mustafina