Испан биіне Әмір Темірдің қатысы қандай?

Испан биіне Әмір Темірдің қатысы қандай?
Фото: euromag.ru

Түсі қара-қызыл, етегі ұзын көйлек киген биші қыз шашын түйіп алып, желпуішімен сахнаға шығып билесе, бұны "испан биі" деп қабылдаймыз. Бірақ, бұл бидің атауы "испан биі" емес, фламенко деп аталады. Бұл би туралы түрлі пікір айтылады. Тіпті, "бұл би Үндістаннан келген" деген деректер де бар екен.

Фламенко – кезінде Испанияның Андалусия қаласында пайда болған дәстүрлі ән-би стилі, бұл стиль – cante (ән салу), toce (музыкалық сүйемелдеу), және baile (би) деп аталатын өнердің үндесуі. Бұл жанр әлемдегі ең күрделі өнердің бір түрі, рух пен қайраттың, қаһар мен сезімнің тоғысатын тұсы.

Кей деректерде бұл бидің атауы латынның "flamma", яғни от, алау деген сөзінен шыққан делінген. Фламенкология саласының зерттеушілері бұл өнерді фламинго құсымен байланыстырады. Себебі, фламингоның испанша атауы "flamenco" деп аталады және бұл құстың қимылы мен тұлғасын фламенко бишісіне ұқсатады. Яғни, фламинго мен фламенконың арасында байланыс бар деп есептейді.

Тарих не дейді?

Зерттеушілер бұл өнердің қайдан және қалай пайда болғаны туралы әртүрлі пікір айтады. Фламенконың нақты қай уақытта шыққаны белгісіз. Кей зерттеушілер бұл биді екі ғасыр бұрын өнерге енгенін айтады. Ал әуені биден бұрын көпшілік арасында шырқалып жүрген көрінеді. Тарихшылар фламенконың әуені халқының музыкалық сауаты мол және әр тұрғыны түрлі аспаптарда ойнай алатын Испанияның Тартесс қаласында пайда болғанын жазады. Кей замандарда бұл қалаға арабтар келіп жүргенде, осы әуенге өздерінің әуездерін қосқан екен. Осы соңғы деректің жаны бар секілді. Әуендерін тыңдасаңыз, араб мелодикасын ести аласыз.

Ал кей деректерде бұл бидің сонау Үндістаннан келгені туралы жазылған. 1400 жылы сығандардың үнді тайпасы Әмір Темірдің бұйрығымен Үндістаннан қуылып, Испанияның Андалусия провинциясына көшіп келген екен. Ұзақ уақытқа дейін фламенко "жасырын өнер" болып бағаланып, тек белгілі бір аумақта көрініс тапқан. Тек XVIII ғасырдың соңында ғана отырыстарда, кафе-мейрамханаларда сахнаған шығып, кеңінен тарала бастады. ХХ ғасырыдң соңында фламенкоға кубалық әуез бен джаз элементтері ене бастаған.

Бидің ерекшелігі

Фламенко биінің ең әсерлі тұсы "сапатеадо" деп аталады. Бұл барабанның ырғағына қосылып, аяқ киімнің өкшесімен билеу. Сапатеадо фламенкосын бастапқыда ерлер билейтін, себебі, бұл би ерлердің рухын көтеретін. Ал әйелдер қолдың, саусақтың, иықтың көмегімен бұралып билейді. Би әсерлі болуы үшін желпуіштермен билейді. Ал ерлер қолдарын, кеуделерін тік ұстап билейді.


Киім үлгісі

Фламенко билейтін қыздарды байлаор деп атайды. Байлоар bata de cola деп аталатын ұлттық киім киеді. Бұл етегі ұзын әрі бүрмелі, түрлі түстен тігілетін (әсіресе, қызыл және қара түстен) көйлек. Сырт қарағанда, сыған халқының ұлттық киімдеріне ұқсайды. Ал фламенко билейтін жігіттерді балайор деп атайды. Олар қара шалбар, жалпақ белдік пен жеңі кең ақ жейде және чалеко (chaleco) деп аталатын қысқа желетке киеді.

Г. Берік