«Bala Turkvizyon» балалар әні байқауының Ұлттық іріктеуі Өскемен қаласынан басталады

«Bala Turkvizyon» балалар әні байқауының Ұлттық іріктеуі Өскемен қаласынан басталады
Фото: Massaget.kz

2015 жылдың 30 мамыр күні, Халықаралық Балаларды қорғау күніне орай, «Бөбек» Ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығында Бірінші Халықаралық «Bala Turkvizyon»  балалар әні байқауының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Ашылу салтанатын байқау бастамашысы – «Жандану әлемі» қорының құрылтайшысы  Әлия Назарбаева, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Зәуреш Аманжолова, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы қорының атқарушы директоры Сағындық Нұраханов ашты. Ашылу рәсіміне шақырылған сыйлы қонақтардың қатарында Халық әртісі Бибігүл Төлегенова және танымал мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен де бар.

Жұлдызды тәлімгерлер  – Қазақстан шоу-бизнесінің жарық жұлдыздары сахнада жас дарындармен бірге өнер көрсетіп, ең үздіктерді іздеп, Қазақстанның қай аймағына жол тартатыны белгілі болды. Қатысушы дарындардың жетекшісі әрі продюсері ретінде: Шахаризат Сейдахмет, Санда, Әділхан Макин, Дастан Оразбеков, Кентал, Камшат Жолдыбаева, Ерболат Беделхан, Ерген Айтымбетов, Нұрболат Абдуллин, Ринат Малцагов, Айдар Байжанов, Нұржан Керменбаев, Марсель, Бейбіт Құшқалиев тағы басқалары. Құрметті қонақтар қатарында Turkvizyon-2014 Халықаралық ән байқауының жеңімпазы Жанар Дұғалова қатысушы дарындармен «Bala Turkvizyon-2015» әнұранын орындап, ақ жол тіледі.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының қоры «Хабар» телеарнасының эфирінде 1 маусымда көрсетілетін концерттің бас серіктесі болып табылады. «Хабар» агенттігі» АҚ Бас ақпараттық серіктес.

Қосымша ақпарат: «Bala Turkvizyon» Халықаралық ән байқауы – түркітілді елдер арасындағы Халықаралық «Turkvizyon» ән байқауының 8-13 жаc аралығындағы дарынды балаларға арналған баламасы. «Turkvizyon» - бұл көптеген мемлекеттер үшін «Евровидение» байқауын алмастыра алатын халықаралық деңгейдегі жаңа ән байқауы. Әлемдік музыкалық өндірісте үлкен құбылыс болғалы тұрған байқау түркі музыкасының өкілдерін бір сахнада тоғыстыруды мақсат тұтады. Байқаудың аудиториясы үлкен – 300 миллион көрермен. 2014 жылы байқауға 25 түркітілді елдер қатысты. «Turkvizyon-2014» қазақстандық әнші Жанар Дұғалова «Ізін көрем» әнімен жеңімпаз атанды. «Turkvizyon» ән-додасын «TÜRKSOY» түрік мәдениетінің халықаралық ұйымының қолдауымен ТMB TV түрік телеарнасы ұйымдастырып отыр. «Turkvizyon» - халықтық дауыс берудің әділдігі мен қорытындының ашық болу принціпін таңдаған, саяси, кәсіби қысымнан тәуелсіз бірінші музыкалық байқау.

М. Оңғарова