Бэнксидің жаңа картинасы госпитальге ілінді

Бэнксидің жаңа картинасы госпитальге ілінді
Фото: banksy.co.uk

Саутгемптондағы (Англия) орталық госпитальде суретші Бэнксидің "Game Changer" атты жаңа картинасы пайда болды. Суреттегі баланың дәрігер қуыршағымен ойнап отырған сәті коронавирус пандемиясында еңбек етіп жүрген дәрігерлерге деген құрмет символын көрсетеді.

Бэнкси – қоғамдық мәселелерге бей-жай қарамайтын, оны өз туындыларында астарлап жеткізетін андерграунд суретші.

"Game Changer" картинасында Спайдермен мен Бэтменнің қуыршағы назардан тыс қалып, NHS (Ұлыбритания ұлттық денсаулық сақтау қызметі) медбикесінің қуыршағы баланың басты ойыншығына айналған.

Картина Саутгемптон госпиталінің фойесінде 6 мамырда пайда болған. Суретші "Сіздердің еңбектеріңізге зор алғыс. Картина ақ-қара түсті болса да ауруханаға әр береді деп сенемін" деп хат та жолдаған. Сурет госпитальда күздің соңына дейін ілініп тұрмақ және басшылық оны госпитальдің әр бөліміне кезек-кезек ілуді жоспарлап отыр.

Кейін картина аукционда сатылып, одан түскен қаржы Ұлыбритания ұлттық денсаулық сақтау қызметінің қорына аударылмақ.

Massaget.kz