Атышулы Бэнкси: Көше суретшісі онлайн дүкен ашты

Атышулы Бэнкси: Көше суретшісі онлайн дүкен ашты
Фото: vk.com

Түрлі қоғамдық мәселелер мен мәдени өзгерістерге байланысты өз пікірін көше ғимараттарының қабырғаларына қалдырып жүрген Бэнкси енді онлайн дүкен ашты.

Тауарлар құны он фунттан басталады. Таңдау шай ішетін кеседен еденге төсейтін кілемге дейінгі дүниенің бәрін қамтиды. Оның дүкен ашуына өз суреттерінен өзгелердің пайда тауып жатқаны себеп болған.

Бір қызығы, Бэнкси лақап атымен танылған суретшінің кім екені белгісіз. Ол ешқашан халық алдына шықпаған және толық есімін жарияламаған. Оның ең басты ерекшелігі – тек мұражайлардан ғана тамашалауға болатын өнер туындыларын "көшеге шығаруы". Яғни, көпшілікке қолжетімді етуі.

Осыдан үш ай бұрын YouGov жүргізген сауалнама британиялықтардың сүйікті суретшісі Бэнкси екенін анықтаған еді. "Сіздің сүйікті суретшіңіз бен мүсіншіңіз кім?" деген сұраққа 2000 адам жауап берген екен. Олардың көпшілігі осы аноним шеберді атапты. Нәтижесінде Бэнкси классиктерден жоғары сатыға жайғасты. Одан кейінгі қатарларда Леонардо да Винчи, Винсент Ван Гог, Рембрандт пен Моне орналасқан. Оның есімінің көп аталуы стрит-арт пен андеграундтық өнердің танымалдығының дәлелі. Оның дүкеніне де қызығушылық жоғары болары анық.

А. Оралқызы