Бір суреттің тарихы: "Зағиптар туралы тәмсіл"

Бір суреттің тарихы: "Зағиптар туралы тәмсіл"
Фото: vk.com

Авторы: Питер Брейгель
Атауы: "Зағиптар туралы тәмсіл"
Салынған жылы: 1568
Кенеп, темпера. 86*154 см
Каподимонте мұражайы, Неаполь

Қылқалам шеберінің өмірден өткеніне бүгін 450 жыл толды

Питер Брейгельді философ-суретші деуге болады. Оның туындылары терең, құпия мәнге ие. Брейгель суреттеріне өз заманынан, яғни, XVI ғасырдағы көркем сурет өнер туындыларынан өзге көзқараспен қараған жөн. Өйткені, оның картиналары сол заманның классикалық суреттерінен мүлде ерек.

Автор жұмыстарының негізгі тақырыбы — қарапайым адамдар: шаруалар, жұмысшылар, қол өнер шеберлері. Ол алғашқылардың бірі болып еңбек етуші халықты бейнелей бастады. Шығармашылық адамына сай кейіпкерді мінсіз етіп көрсетпей, керісінше, барынша табиғи, шындыққа жақын кескіндер жасады.

Брейгельдің суреттері әрқашан мысқыл мен өмірге деген сыни көзқарасқа толы. Ол әдетте дене мүшелері зақымданған мүгедектер мен кедейлерді бейнелейтін. Өз туындылары ақиқатты ғана жырласын деген мақсатпен, кейде қарапайым шаруаша киініп, солардың ортасына еніп кететін. Сырласу барысында білген мәліметтен жан-дүниесі серпіліп, солардың жоғын жоқтайтын.

Оның айрықша картиналарының тағы бір ерекшелігі – өнегелі мәнге тұнық болуы. Біз әңгімелегелі отырған "Зағиптар туралы тәмсіл" картинасы да осындай інжілдік оқиға негізінде салынған.

Шебер сюжеттен өзге жасырын мәнді кескіндемені бейнелеу өнерінің шыңына жеткізе көрсете білген. Суретте бірінен соң бірі “құлаудың түрлі деңгейіндегі” адам бейнелері арқылы жалпы адамзаттың құлдырауын әсерлі бейнелеген. Соқырды соқыр жетелейтін болса, екеуі де шыңырауға құлары анық. Алайда, суретте бейнеленген алты адамның соңғыларының қаперінде алдыңғының әлдеқашан құлағаны туралы ой жоқ. Картинада көрсетілген бейнелер арқылы суретші кей адамдардың жан-дүниесінің “мүгедектігін”, Жаратушыға деген сенімді әлдеқашан жоғалтқан жүректер түптің түбінде “тәңірсіздік” шыңырауынан шыға алмай қалатынын бейнелесе керек...

Адамзаттың жаһандық деңгейдегі жетер соңғы нүктесін астарлы бейнелей алу қабілеті Брейгельді даналығымен танылған ұлы суретшілер қатарына қосты.   

А. Оралқызы