Биылғы "Оскар" киносыйлық тарихындағы ең төмен рейтинг болды

Биылғы "Оскар" киносыйлық тарихындағы ең төмен рейтинг болды
Фото: digitalspy.com

Биыл "Оскар" сыйлығының салтанатты рейтингі киносыйлық тарихындағы ең төмені болды.

Оскар 2021: Жеңімпаздар белгілі болды

93-ші салтанатты рәсімді бұл жолы тек 9,85 миллион адам тамашалады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 58 пайызға аз (былтыр 23,64 миллион көрермен тамашалаған).

Коронавирус пандемиясы енгізген шектеулерге байланысты ұйымдастырушылар рәсімнің ауқымын едәуір қысқартуға мәжбүр болған. Кейінгі жылдары адамдардың тв бағдарламаларына деген қызығушылығы төмендеген және коронавирус шектеулеріне байланысты көрермендер стриминг қызмет түрлерін көбірек қолдана бастады.

Жеті жыл бұрын 40 миллионнан астам адам "Оскарды" тікелей эфирде тамашалаған. Кейінгі кезде "Эмми", "Грэмми" және "Алтын глобус" сияқты басқа шоулардың рейтингі түсіп бара жатыр.

Оскар-2021 жаңартылған форматта бірден бірнеше жерде өткізілді. Пандемияға байланысты марапаттар Лос-Анджелесте, Лондон мен Парижде бір уақытта өтті.

Айта кетейік, 25 сәуірде 93-ші "Оскар" сыйлығы үздіктерін анықтау рәсімі өтті. Биыл да былтырғы сценарий қайталанды. 2021 жылы "Оскардың" басты фильмі ретінде Хлоя Чжаоның "Көшпенділер мекені" (Nomadland) фильмі аталды. Ол бірден үш "Оскарды" ("Үздік фильм", "Үздік режиссер", "Үздік актриса") иеленді. 

Фильм алпыс жастан асқан америкалық әйел туралы. Ол жұмысынан айырылғаннан кейін бәрін тастап, көшпенді салтын ұстанып, шағын фургонында өмір сүреді.

Сыйлық иегерлерінің толық тізімін мына жерден көруге болады.

Т. Раушанұлы