"Әміре" фильмі екі бірдей кинофестивальге қатысып жатыр

"Әміре" фильмі екі бірдей кинофестивальге қатысып жатыр

Қазақтың тенор дауысты біртуар әншіcі Әміре Қашаубаевтың ғұмырын баяндайтын "Әміре" көркем фильмі мамыр айында екі бірдей фестивальге қатысып жатыр. Олар: АҚШ-та мамырдың 8-і мен 26-ы аралығында өтіп жатқан Washington Jewish Film Festival және Ұлыбританияда мамырдың 27-і мен 30-ы аралығында өтетін Carmarthen Bay Film Festival кинофестивальдері.

Фильмнің режиссері Джефф Веспа. Басты рөлдерді отандық актерлер Санжар Мәдиев (Әміре) және Еркебұлан Дайыров (Мұстафа Шоқай) сомдаған. Сонымен қатар, "Эббинг шекарасындағы үш билборд, Миссури" (Три билборда на границе Эббинга, Миссури), "Жеті есалаң" (Семь психопатов) және "Робокоп" фильмдері арқылы танылған аустралиялық актриса Эбби Корниш түскен.

- "Әміре" фильмі көптеген халықаралық фестивальдерге қатысып жатқанына, оның ішінде АҚШ пен Ұлыбританияда көрсетілетініне өте қуаныштымын. Фильм көпшіліктің көңілдерінен шығып жатыр, оны көрермендердің әсерінен бірден байқауға болады. Сондықтан да, Әміренің ғажап дауысын бүкіл әлем естуі керек деп ойлаймын, - деді фильмнің режиссері Джефф Веспа.

Айта кетсек, былтыр "Әміре" фильмі бірқатар халықаралық кинофестивальдерге қатысып, беделді наградаларға ие болды. Атап айтсақ, бұл фильм Лос-Анджелесте өткен Hollywood Film Festival фестивалінде "Silver Screen Prize" және "Global Grand Jury Prize" сыйлықтарымен, сондай-ақ Ұлыбританияда өткен Manchester International Film Festival фестивалінде "Үздік қоюшы суретші" және АҚШ-та өткен WorldFest Houston фестивалінде REMI Platinum award жүлдесімен марапатталды. Сондай-ақ жақында ғана "Әміре" фильмі Richmond International Film & Music Festival кинофестивалінде екі бірдей жүлдеге ие болды: "Үздік оқиғалы фильм" және фильмде басты рөлді сомдаған Санжар Мәди "Үздік актер".

А. Рысдәулет