Мамыр айында шығатын фильмдер

Мамыр айында шығатын фильмдер
Фото: 24tv.ua

Жақсы фильм іздеп жүрсіз бе? Ендеше, мамыр айында кинотеатрлардан көре алатын фильмдер топтамасын ұсынамыз. 

"Бір метр қашықтықта" (1 мамыр)

Бір метрден артық жақындауға болмайтын ұқсас диагнозы бар екі адам бір-біріне ғашық болады. Басты рөлдерде Хейли Лу Ричардсон мен Коул Спраус ойнайды. Фильм трейлерін көргенде "Жұлдыздар кінәлі" мелодрамасы еске түседі.  

"Мумбай қонақүйі" (9 мамыр)

"Мумбай қонақүйі" фильмі шынайы оқиға негізінде түсірілген: 11 жыл бұрын Үндістанда лаңкестік әрекеттер орын алды. Нәтижесінде ондаған Мумбай тұрғындары мен қонақтары қайтыс болды. Фильмде атақты бас аспазшы мен даяшы қонақүйдегі адамдарды қорғау үшін тәуекелге бел буады.

"Қанды тасымалдау" (9 мамыр)


ФБР агенті Уэйд Далтон адам саудасымен айналысатын қылмыскерлер тобының мүшесі Серік Ыбраевты қолға түсіреді. Далтон мен тәжірибелі сақшы Ганзоргке аз ғана уақыттың ішінде Ыбраевты Моңғолияға жеткізу тапсырылады. Серік Ыбраев сот алдында қылмыс әлемінің серкесі, бала күнгі досы Тенжинге қарсы куәлік беруі қажет. Алайда Тенжин бұған барынша жол бермеуге тырысып бағады.

АҚШ пен Моңғолия бірігіп түсірген бұл фильмде басты рөлдердің бірінде қазақстандық актерлер: Санжар Мәди мен Жандос Айбасов ойнайды.

"Дауасыз алаяқтар" (10 мамыр) 

Соңғы кездері кинорежиссерлер арасында ескі хиттерді заманауи түрге бейімдеу сәнге айналды. Бұл жолы 1988 жылғы Стив Мартин мен Майкл Кейн ойнаған фильмнің ремейкі түсірілді. Олар бұл күлкілі оқиғаның "әйелдерге арналған нұсқасын" ұсынып отыр. Фильмде екі кәсіби алаяқ әйел клиентті кім жылдам тонайтындығына бәстеседі. Кімнің айласы асар екен?

"Покемон. Детектив Пикачу" (16 мамыр)

Бұл фильмнің сюжеті Detective Pikachu ойыны негізінде түсірілген. Жеке детектив Гарри Гудманның ұлы Тим әкесінің қандай жағдайда жоғалғанын зерттеуге кіріседі. Оған бұрын Гарридің серіктесі болған Пикачу есімді тыңшы көмекке келеді. Тим покемонның тілін түсінетін болып шығады. Олар күштерін біріктіріп, шиелініскен оқиғаның шешімін іздейді. Көпшілік фильмнің қызықты шығатынына сенімді.

"Джон Уик 3" (16 мамыр)

Бұл жолы басты кейіпкерге шабуыл жасалады. Оның басына 14 миллион доллар берілетіндігі хабарланады. Сондықтан барлық кісі өлтірушілер атақты киллерді ұстап, байлыққа кенелгісі келеді. Бірақ олардың күші жете ме?

"Аладдин" (23 мамыр)

Экшн-фильмдер түсіріп жүрген режиссер Гай Ричи ертегі түсіруді қолға алды. Бұл мультфильм желісі бойынша түсіріліп жатқан бірінші фильм емес. Түсірілім оңай болған жоқ, бірақ Гай Ричидің айтуынша, фильм көңілді шыққан. Басты рөлдердің бірін атақты Уилл Смит сомдайды. Оның Джиннің рөлін ойнауы халық арасында түрлі пікір туғызды: бірі қуанса, басқаларының көңілі қалуда.

"Үй жануарларының құпия өмірі 2" (30 мамыр)

Мамыр айының басты мультфильмі – "Үй жануарларының құпия өмірі 2". Атақты мультфильмнің жалғасы біріншісі секілді табысқа жетуі әбден мүмкін. Бұл барлық отбасы мүшелеріне арналған мультфильм: ол балаларға да, ересектерге қызық болады.

А. Жапатова