Эмир Байғазин "Өзен" фильмі үшін Голливудтың грантына ие болды

Эмир Байғазин "Өзен" фильмі үшін Голливудтың грантына ие болды
Фото: vk.com

Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған алты режиссер Hollywood Foreign Press Association (Film Independent серіктестік негізінде құрылған) тағайындаған алғашқы резиденттік грантқа ие болды. Бұл тізімде Венеция кинофестивалінің "Көкжиектер" секциясында "Үздік режиссер" атанған отандық режиссер Эмир Байғазиннің де есімі бар. 

Грантқа ие болған киногерлер белді режиссерлердің жетекшілігімен өтетін  семинарларға, шеберлік сағаттарға қатысу үшін келесі жылы қаңтардың 2-сі мен 23-і аралығында Лос-Анджелес қаласына аттанады. Жеңімпаздар Film Independent ұйымдастыруымен білім беру бағдарламаларына, көрсетілімдерге, сондай-ақ жыл сайын өткізілетін 76-шы "Алтын Глобус" салтанатына қатысады. 

Сонымен қатар, Торонто кинофестиваліндегі "Платформа" конкурстық бағдарламасының жеңімпазы анықталды. Бұл байқаудың басты жүлдесі режиссер Хо Ви-Динның "Бақытты қала" фильміне бұйырды. Ал Эмир Байғазиннің "Өзен" фильмі қазылар алқасының құрметті аталымына ие болды.  

"Фестиваль барысында біз 12 фильмді көріп тамашаладық. Авторлық киноның болашағы  сенімді қолда екеніне үмітіміз зор. Сондықтан да жеңімпазды анықтау бізге қиын болды. Қазылар алқасының атынан (Бела Тарр, Мира Наир, Ли Чанг-дон) Эмир Байғазинді және поэзиялық оқиғасы, баурап алатын көріністері мол айрықша әдемі түсірілген "Өзен" фильмін ерекше атап өткіміз келеді", - деді сахна төрінен фестивальдің "Платформа" бағдарламасы қазылар алқасының мүшесі Ли Чхан Дон. 

Отандық кинотуынды туралы қазылар алқасынан ресми баспасөз-стецтментінде: "Дәлме-дәл және мұқият қолөнер көмегімен шыққан ерекше туынды бізді қатты қызықтырды. Фильмдегі визуалды көріністер және оның батыл да шыдамды бақылау стилі көңіліңді бірден баурап алады" делінген. 

Айта кетсек, Screendaily басылымы ұйымдастырған халықаралық киносыншылар рейтингі бойынша "Өзен" фильмі және аргентиналық режиссер Бенжамин Найштаттың "Рохо" фильмі 1-ші орынды иеленді. 

Естеріңізге сала кетсек, Аслан туралы трилогияның соңғы бөлімі "Өзен" фильмі өркениеттен алыс  жерде тұратын, қаладан келген қонақтан кейін өмірлері күрт өзгере бастаған  бес ағайынды туралы баяндайды. Фильмнің түсіру жұмыстары Оңтүстік Қазақстан облысында жүргізілді. 

Фильмнің жарыққа шығуына бірнеше мемлекеттер атсалысты, олар: Қазақстан (ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ, Emir Baigazin Production), Норвегия (Norsk Filmproduksjon) және Польша (Madants). 

А. Оралқызы