Францияда режиссер Әділхан Ержанов шығармашылығының ретроспективасы өтеді

Францияда режиссер Әділхан Ержанов шығармашылығының ретроспективасы өтеді
Фото: kazakhfilmstudios.kz

Қыркүйек айының 5-16 аралығында Париж қаласында өтетін L’Etrange Festival француз кинофестивалінің арнайы Focus бағдарламасында режиссер Ә.Ержановтың барлық фильмі көрсетіледі. Бұл фильмдердің қатарында ҚР мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясында түсірілген "Риэлтор", "Үкілі кәмшат", "Түн құдайы" сынды картиналар бар.

Фестивалді ұйымдастырушылар өз таңдауларына: "Ержановтың кинематографиясын қайталанбайтын туындылар құрайды. Ол жұмбақ әлем секілді және оның шексіз интерпритациясы мен креативтілігін тұтастай алып бағалауға болады. Бұл жұмбақ әлемді түсіну үшін оның барлық көркем фильмдерін жинақтап, Focus бағдарламасында көрсеткеннен артық ештеңе жоқ", – деп түсінік берген.

Бұл жайында режиссер Әділхан Ержанов: "L’Etrange фестивалі маған "Қаратас ауылындағы оба" фильмінен кейін назар аударды. Олар "Түн құдайы" фильмін көрсетуді қалап, оны тұтас бір жыл күтті. Бір жақсысы, олар осынша уақыт фильмді күте алды және біз де оларға жеткізе алдық. Меніңше, олар менің фильмдеріме еуропалық киносыншылардың назарын аударғысы келеді, себебі, менің фильмдерім оларға қызықты. Оларға жаңаша түсірілген фильмдер керек", - деп ой бөлісті.

L’Etrange Festival ширек ғасырға жуық уақыт өткізіліп келеді. Бұл фестиваль "ерекше, қайталанбайтын, сирек, жоғары деңгейдегі" фильмдерге арналған. Фестиваль бағдарламасында негізгі байқау (Ларс фон Триердің "Джек тұрғызған үй" фильмі көрсетілетін) мен қысқаметражды фильмдердің байқауынан бөлек, байқаудан тыс бағдарламада жапон жаңа толқынының фильмдерінің көрсетілімі, аңызға айналған Nikkatsu атты жапон студиясының фильмдірінің ретроспективасы, сондай-ақ "Жаңа таланттар", "Деректі кино" бағдарламалары бар.

Massaget.kz