Қазақстандық режиссердің фильмі Канадада көрсетілмек

Қазақстандық режиссердің фильмі Канадада көрсетілмек
Фото: казинформ

Қазақстандық белгілі режиссер Эмир Байғазиннің «Өзен» атты фильмі Toronto International Film Festival конкурстық «Платформа» бағдарламасына қатысуда. Бұл туралы Қазақфильмнің баспасөз қызметі хабарлады.

Конкурсқа «Үздік режиссерлік көзқарасты көрсететін жоғары деңгейлі көркем» 11 авторлық картина қатысуда. «Аслан Трилогиясының» үшінші бөлімінің басы ауылдық жерде тұратын ағайындылардың отбасына қалалық азамат келуінен басталады. Фильмнің түсірілімі былтыр Алматы облысында өтті. Мұндағы кейіпкерлер әдеттегіше әуесқой актерлер арасынан іріктелініп алынған және Эмир Байғазиннің өзі қоюшы-оператор жұмысын атқарған.

«Платформаның» қазылар алқасы құрамында неміс киносының белгілі әртісі Маргарета фон Тротта, венгерлік режиссер Бела Тарр, кореялық режиссер және жазушы Ли Чхан Дон бар.

Қазақстандық фильм қатысып жатқан бұл бағдарлама 2015 жылдан бері өткізіліп келеді. Конкурсқа көркем фильмдер мен деректі фильмдер қатыстырылады. Жеңімпазға, яғни фильм режиссеріне 25 мың канадалық доллар табысталады.

Конкурстың ашылу салтанатында Джейми Белланың «Доннибрук» драмасы көрсетілсе, жабылу салтанатында Каролина Погги мен Джонатан Вайнелдің дебюттік жұмысы «Джессика мәңгілік» картинасы көрсетіледі деп жоспарланған.

Еске сала кетейік, Торонтадағы Халықаралық кинофестиваль қыркүйек айының 6-16 аралығында өтпек.

А. Қажиев