"Тар заман" телесериалы Алматы жұртшылығына ұсынылды

"Тар заман" телесериалы Алматы жұртшылығына ұсынылды
Фото: massaget.kz, kaztrk.kz

20 наурыз күні "Qazaqstan" Ұлттық арнасы Алматы қаласында жаңа тележоба "Тар заман" тарихи сериалының тұсауын кесті. 

Сериал 2018 жылы 22 ақпанда жарыққа шыққан "Тар заман" тарихи драмасының кеңейтілген нұсқасы, әрі "Qazaqstan" Ұлттық арнасының телевизиялық жобасы ретінде түсірілген. Тұсаукесер көрсетілімге ақын-жазушылар, тарихшы ғалымдар, белгілі қоғам қайраткерлері мен белсенді жастар қатысып, сериал режиссері Мұрат Бидосов пен Ұлттық арна директоры Ерлан Карин сериалдың түсірілу барысы мен дайындығы жөнінде біраз түсінік берді. 

Телеарнаның ресми мәлімдемесі бойынша сериалда Алашорда үкіметін құру барысындағы тартысты пікірлер мен екі топқа бөлінген Алаш зиялылары арасындағы саяси қарым-қатынас, сатқындық, мүдделер қақтығысы да көрсетіледі. Ақпан революциясы мен Қазан революциясы арасындағы Омбы мен Семейдегі оқиғалар, Алаш әскерінің құрылуы, Сталиннің Әлиханды Мәскеуге алдыруы, абақтыдағы тергеу істері қамтылады. Әлиханның Смағұл Садуақасов қайтыс болғандағы күйзелісі, Ахмет Байтұрсынұлымен сыйластық пен достығы көрініс табады. Қазақ даласының Ақпан төңкерісін қалай қабылдап, Қазан төңкерісінен кейін неге екіге бөлінгені негізгі оқиғаға арқау болады.

Сериалдың желісін жасауға Берік Әбдіғалиұлы, Тұрсын Жұртбай сынды бірқатар ғылыми кеңесшілер қатысып, негізгі сценарийді Сержан Зекерұлы жазып шыққан. Тарихи туынды 40 минуттық 12 сериядан тұрады. Режиссер Мұрат Бидосовтың мәлімдеуінше сериал түрлі аймақта түсірілген. Негізгі түсірілімдер Алматы, Жамбыл, Павлодар облыстарында өткен. 

"Тар заман" телесериалына 200-ден аса актер, оның ішінде 37 тарихи тұлға қатысқан. Рөлдерді Балтабай Сейтмамыт, Дулыға Ақмолда, Жалғас Толғанбай, Тұрсын Құралиев, Медғат Өмірәлиев, Кенен Ақүрпеков, Мәмбет Қожалиев, Олжас Абай, Наргиз Алтайбай, Ұлан Болатбек, Жұлдызбек Жұманбай, Дархан Сүлейменов сынды кино және театр актерлері сомдайды. Режиссер Мұрат Бидосов: "Актерлік құрамды жасақтау үшін бүкіл Қазақстан театрларын аралап, кастингтер өткіздік. Қарағанды, Ақтау, Тараз, Талдықорған, Жезқазған қалаларынан кәсіби актерлерді жинап тарихи-көркем образдарды бекіттік. Бұл түсірілімге дейінгі қиын кезең болды. Себебі біз актерлерді портреттік ұқсастығына қарай, одан кейін барып актерлік шеберлігіне қарай таңдадық. Телесериалға тарихи тұлғалар ғана емес, көркемдік образдар да қатысқан. Оларсыз көркем туынды жасау, әрине, қиын. Сондықтан бұл көркем сериал болғандықтан қосалқы образдар енгіздік".

Тұсаукесер көрсетілімінде "Тар заман" саундтрегі де қойылды. Телесериал композиторы Ұшқын Жамалбек саундтрек әнін жазса, сөзін сценарий авторы Сержан Зекерұлы жазған. 

Саундтрек орындаушыларының бірі әрі сериал актері Олжас Абай сериалдағы рөлі жөнінде былай деді: "Мен Әбілғазы байдың қосшысы болып істеген, кейін Әлихан Бөкейхановтың оққағары болған Райбек атты кейіпкерді сомдаймын. Әлихан Бөкейханов қонақ болып Әбілғазы байға келгенде мені сол жерде оққағары болсын деп табыстайды. Бүкіл оқиғаға куә болатын бір кейіпкер керек болды, бастан-аяқ бәріне куәгер сол – Райбек. Сериалдың желісі сол Райбектің немересінің айтқандары бойынша жасалған. Осы сериалға менің екі ай уақытым кетті. Оған дейін басқа жобадан бас тартып, Алаш арыстарын түсіріп жатыр дегеннен кейін өз қалауыммен осы сериалға түсуге ықылас білдірдім".

"Тар заман" телехикаясы 26 наурыздан бастап "Qazaqstan" Ұлттық арнасында дүйсенбі-жұма аралығында сағат 21:45-те көрсетіледі.

Massaget.kz