Қазақ телевизиясына – 60 жыл

Қазақ телевизиясына – 60 жыл
Фото: dissolve.com

Бүгінде тамырын тереңге жайған қазақ телевизиясына 60 жыл толды. Тарихтың қойын дәптеріне 1958 жылдың 8 наурызында алғаш таңбаланған Қазақстан телеарнасы – қазақ телевизиясының алғашқы қарлығашы.

ХХ ғасыр қазақ үшін қасіретті кезең болғаны рас. "Қанды ғасыр, екі мәрте дүние жүзілік соғыс өткен қиын-қыстау заман" деп еске алсақ та бұл ғасыр біздің халыққа көк жәшікті сыйлапты. Ең құнды сыйлықтың бірі осы болар. Себебі, оның көмегімен біздің ел өркениеттің көшіне ілесіп, жаһан жаңалықтарынан құр қалмады.

Дәл осы күні Алматы студиясынан хабар таратқан алғашқы арна бұл күнге дейін еліміздің маңызды оқиғаларының куәсі болып келеді. Алғашында тек Алматы қаласының маңайында көрсетілген арна уақыт өте халықтың сұранысына ие болып, Қарағанды, Өскемен қалаларында станциялар ашылды. Тек радиодан хабар тыңдап үйренген халық енді әуен мен бейненің үйлесім тапқанына таң-тамаша болды. Осылайша, арнаның ауқымы кеңейіп уақыт өте шекаралас Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай Халық Республикасында Алматыдан тараған хабар жаппай көрсетіле бастады.

Екі тілде хабар таратқан Қазақстан арнасы алғашында ағартушылық-танымдық бағыттағы бағдарламалар дайындап, халық санасына білім мен ілім құйым, көптеген телебайқаулар ұйымдастырды. Еліміз Тәуелсіздік алған жылдан бастап арнаның жұмысы тек алға басып келеді. 1994 жылы 4 сәуір күні Елбасы жарлығымен «Қазақстан теледидары мен радиосы корпорациясы» болып жаңғырып, 2002 жылы «Ұлттық» деген статусқа ие болды. 2011 жылдан бастап Қазақстан ұлттық арнасы тек қазақ тілінде ақпарат таратады. 

Бүгінде 60 жылдық тарихы бар арна көрермендерімен тығыз байланыста. Жаңалықтар қызметі халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, әлеуметтік мәселелерді шешуге белсене атсалысады. Болашақта да осы бағыттан таймай, халықтың тек ықыласына бөленетініне сеніміміз мол.

А. Қажиев