«Түссіз жіп» фильмі. Әркім өзінше сүйеді

«Түссіз жіп» фильмі. Әркім өзінше сүйеді
Фото: film.ru

«Түссіз жіп» (Призрачная нить) фильмі 1950 жылдары Британияда қарқынды дамыған сән әлемінің негізінде түсірілген. Рейнольдс Вудкок – мінезі қатал, адамдармен жиі араласа бермейтін, тойды ұнатпайтын, бірақ, өзінің ісіне берілген талантты тігінші. Оның қолынан шыққан өнер туындысын киюге асық жандар көп. Тіпті, зиялы қауым да салтанатты кештерге Вудкок тіккен көйлекпен ғана барады.

Оның көйлегі қыздарға сенімділік пен сұлулық сыйлап қана қоймай, олардың танымалдылығын арттыруға себепші болады. Өйткені, Вудкок үшін көйлек тігу жай ғана жұмыс емес, өнер еді.

Айналасын сұлу бикештер қоршағанына қарамастан, Вудкок әлі үйленбеген еді. Өйткені, үйлену, отбасылық өмірді басынан кешіру – ол үшін өзіндік қағидалардан бас тартумен тең. Дегенмен, оның өмірін түбегейлі өзгерткен кездейсоқ кездесу оған барлық адам сүюге қабілетті екенін ұқтырады. Оның таңдауы Альма есімді бикеш болатын.
ttt

Бір сәтте жолыққан махаббат тігіншінің той көйлегін тігуге деген қорқынышын, оның тыныштық пен тәртіпке бағынған өмірлік қағидасын астан-кестеңін шығарады. Оны қабылдау басында қиынға соқса да, оған деген қыздың ынтызар сезімі, қыз бойындағы қулық пен қылықтық бәрібір оның махаббатқа зәру екенін мойындатқандай.

Бір-біріне үнсіз ғана сәл жымию, көздері арқылы тілдесу, ешкім түсінбейтін әдеттер мен ойларды бір ғана адамның түсіну – мұны қалай атауға болады? Махаббат? Өмірде махаббат деген бір ғана ұғым бар. Оның құрамы: сыйластық, сезім мен бір-бірін түсіну. Бірақ, әркімнің махаббаты әр түрлі. Әркім өзінше сүйеді. Дәл Альма Вудкокты сүйгендей...

Т. Есқали