Тайландтағы демалыс

Тайландтағы демалыс
Фото: google.com

12 ақпан күні «Sulpak Cinema» кинокмопаниясы және Kinopark Theatres ұйымдастыруымен «Тайландтағы демалыс» фильмінің жабық көрсетілімі өтті.

Режиссері: Ален Ниязбеков
Рөлдерде: Нұрлан Қоянбаев, Қуаныш Жылжақсынов, Жанель Мақажанова, Жан Байжанбаев, Дәулет Бижанов, Марат Жұманалиев, Әлішер Өтев, Ғазрет Ержанов
Сценарий: Жамит Көшербаев, Нұрлан Қоянбаев, Әлішер Өтев
Продюсер: Нұрлан Қоянбаев, Әлішер Өтев, Рустам Юсупов

Армандар орындалады. Кейде өзіңіз ойламаған армандарыңыз да орындалып кетеді. Сондықтан арманды айтқан кезде де абай болу керек.

Ешқандай ақша жинамай-ақ, виза жұмыстарына жүгірмей-ақ қыстың суық күнінде ыстық Тайландқа тап болуға болады. Оның шешімін осы фильмнің сценариін жазушылар жақсы біледі. Олар қиялы соншалықты ұшқыр болуы үшін кішкене кезінен түрлі ертегіні көп оқыған болуы керек.

Қазақта ақ дуа, қара дуа жасау, суретті, суды «оқыту» сияқты ұғымдар бұрыннан бар. Ал осындай мистикалық, экшн әрі комедия жанрында түсірілген қазақ киносы жоқ. Фильм осы қырымен ерекше.

Университетте тарих пәнінен сабақ беретін Асхат ағай (Нұрлан Қоянбаев) екі баласымен, жарымен он жылдан бері студенттер жатақханасында тұрады. Басқа оқытушылар сияқты оның да жанұясындағы басты мәселе – пәтер. Асхат ағай кезек күтуден басқа түк бітірмей, бас қатырмайтын болған соң, әйелі тәуіп жағалап, үйге оқытылған су әкеледі. Пәтер кесірінен тағы да жанжал туғандықтан зайыбы балаларын алып анасына кетіп қалады.

Ал студенттер қысқы сессияны аяқтап, Таиландқа демалысқа кеткен еді. Елде қалып қойған екі студент жатақханадан ет ұрлап, палау пісіріп жемек болғанда, ұрыға түскен бөлмесі Асхат ағайдың «пәтері» болып шығады. Қызық осы жерден басталады...

Студент жастардың Тайландтағы демалысы шытырман да шым-шытырық оқиғаларға толы. Фильм достарыңды орта жолда тастамауға және дұрыс армандай білуге шақырады. Жарқын түстер мен көңілді музыкаға, орынды әзіл мен мистикаға толы фильмді тек барып, көзбен көру керек, күлу керек.

14 ақпаннан бастап Қазақстанның барлық кинотеатрынан көрсетілетін «Таиландтағы каникул» фильміне міндетті түрде барыңыздар.

@. @assel_assanova