Махаббат пен ғадауат қатар өрілген «Мави» телехикаясы

Махаббат пен ғадауат қатар өрілген «Мави» телехикаясы
Фото: 31.kz

Өзгеше хикая, шым-шытырық оқиға, өмірдің қилы кезеңдері, өшпенділік және ғажайып махаббат – осының барлығы 31 арнада шымылдығын түретін «Мави» түрік телехикаясында!

Түрік кинематографтарының көрерменге таңғажайып махаббат хикаясын ұсынуда алдына жан салмайтынын бәріміз жақсы білеміз. Соның бір дәлелі ретінде 31 арнада басталатын, басты рөлдерін сұлу Бурджу Кыратлы мен сымбатты Эмрах Эрдоган сомдайтын көпбөлімді «Мави» телехикаясын назарларыңызға ұсынамыз.

Хикаядан көрермен Әли есімді кейіпкермен танысады. Әли жарқын болашақ құруды армандайтын қарапайым жігіт. Алайда қазір кісі өлтіргені үшін түрмеде жазасын өтеп отыр. Абақтыда отырған жас жігіт Мави есімді бойжеткенмен хат жазыса бастайды. Күндердің күнінде еркіндікке шыққан Әли Мавимен танысуға барып, оның ақылды, мейірімді, әділ ғана емес, ерекше сұлу қыз екенін көреді. Тағдырдың тәлкегінен құтылған жас жігіт сүйіктісімен жаңа өмір бастап, қатардағы адамдарша өмір сүргісі келеді. Әйткенмен, тағдырдың оған қатысты өз жоспары бар екен...

Әлидің сүйіктісі қорқынышты құпияны жасырып жүрген болып шығады. Оны Әлимен танысуға итермелеген махаббат емес, алынбаған кек екен. Алайда Әлидің өз құпиясы бар. Шын мәнінде ол осыдан көп жыл бұрын басқа біреудің қылмысын өз мойнына алған. Бұл сырын Мавиге ашамын деп ойлап жүреді.

Бас кейіпкер Мави есімді бойжеткеннің рөлін сомдаған Бурджу Қыратлы – түріктің ең табысты, болашағынан үлкен үміт күттіретін актрисаларының бірі. Бұған дейін талай рет ірі жобаларда рөлдер сомдағанымен, «Мави» телехикаясы - актрисаның ең алғашқы үлкен жобасы. Бурджу қызуқанды, жүрегі кекке толы бойжеткеннің рөлін жанындағы әріптесі, өзінен әлдеқайда тәжірибелі актер әрі әнші Эмрахтың көмегімен сәтті алып шыққанын мойындайды.

- Ол өте тамаша жан, сенімді азамат, маған осы рөлді алып шығуда үлкен көмек көрсетті, - деп ағынан жарылды актриса. – Арамыздағы жас алшақтығы тез тіл табысып, жақсы қарым-қатынаста болуымызға септігін тигізді. Мен оның жұбайымен таныстым, жиі қонаққа бардым, әлі күнге араласып тұрамыз. Осындай ауызбірліктің арқасында фильм шынайы, сенімді шықты.

Шиеленіскен тағдырлар, шым-шытырық оқиғалар Түркияның табиғаты көркем Кападокия жерінде түсірілгендіктен, киносүйер қауымды бей-жай қалдырмайды деп білеміз. Осы күздің ең романтикалық телехикаясы «Мавиді» 31 арнадан өткізіп алмаңыздар!

23 қазаннан бастап дүйсенбі мен жұма аралығында 22:00-де!

Г. Берік