Джеки Чан бұл фильмде сізді күлдірмейді

Джеки Чан бұл фильмде сізді күлдірмейді
Фото: google.com

Желіде «Шетелдік» (түпнұсқасы: «Тhe foreigner») аталатын жаңа фильмнің алғашқы трейлері жарық көрді. Фильмнің басты кейіпкерін Джеки Чан сомдайды.

Туындының сюжетіне Вьетнам соғысының ардагері Нгуен Нго Миннің (Джеки Чан) оқиғаларына негізделеді. Жеңістен кейін түрмеде отырған ол абақтыдан босап шыққан соң жанұясымен бірге Гонконгке көшіп кетеді. Бірақ қарақшылар олардың ізінен қалмай, қысым көрсетіп, екі үлкен қызын өлтіреді. Осыдан кейін Мин тағы да Гонконгтен Лондонға аттанады.

Лондонда жаңа өмір бастап, қытай мейрамханасын ашып, кәсібін дөңгелетіп, кіші қызын еркелетіп бой жеткізген Мин бар қайғыны өткеннің еншісіне қалдырады. Бірақ бұл рахаты ұзаққа созылмады, себебі кіші қызы мен әйелі қарақшылар тобының ұйымдастырған терактында қаза табады.

Теракты ұйымдастырған топты іздеп табу үшін Мин билікке жүгініп, шағымданады. Дегенмен олардың барлау, іздеу жұмыстары өте жай әрі сәтсіз өтіп жатқандығына іші ашыған Мин бұл істі өзі шешуге бел буады.

Фильм биыл қазан айында қалың көрерменге жол тартады.

Г. Берік