Қазан айында жарық көретін фильмдер

Қазан айында жарық көретін фильмдер
Фото: Өңделген

Күзгі көңіл-күй құбылмалы келеді. Мұңға батып, сары жапырақтың әлдиінде жүрген жандар қазан айында жарық көретін фильмдерден қуат жинай алады. Олай болса, келер айдың алғашқы аптасында, нақтырақ айтқанда 6 қазанда еліміздің барлық кинотеатрында көрсетілетін жаңа фильмдер тізімімен таныс бола отырыңыздар.

Соққыны байқа

Елі: Ресей, 2016 
Режиссері: Ара Оганесян 
Жанры: Комедия 
Рөлдерде: Екатерина Владимирова, Михаил Пореченков, Игорь Верник, Ольга Бузова, Настасья Самбурская, Даниил Вахрушев, Виктор Хориняк, Теймураз Тания, Анна Цуканова, Виталий Гогунский

Света және Таня есімді егіздерді ешкім ажырата алмайды, бірақ бір күні екеуінің мүлдем ұқсамайтыны елге аян болатынын олар білмейді де. Светаның жаны нәзік, мінезі биязы, теледидар саласында мансабын өсіргісі келеді. Ал Таня Ресейдің бокс құрамасына енгісі келеді. Иә, оның жаны боксты сүйеді. Бір күні Таня қатты соққы алып, талып қалады. Сыңары Светаға әпкесінің орнына медициналық комиссиядан өтіп, жаттығу алаңына барып жүруге тура келеді. Светаның Таняға қояр шарты да жоқ емес: Таня Света үшін телеарнаға тәжірибеден өтеді. Қысқасын айтқанда, олар бір-бірінің мінездерін, болмыстарын өзгертуге күш жұмсайды.

Мисс Перегриннің сиқырлы үйі

Елі: АҚШ, Бельгия, Ұлыбритания, 2016 
Режиссері: Тим Бертон 
Жанры: Фэнтези 
Рөлдерде: Ева Грин, Элла Пернелл, Сэмюэл Л.Джексон, Эйса Баттерфилд, Эллисон Дженни, Ким Диккенс, Руперт Эверетт, Джуди Денч, Крис О’Дауд, Теренс Стэмп 

Джейкобтың балалық шағы атасының айтқан ертегілерімен өтеді. Әсіресе, ол ерекше қабілетті балалардың үйі туралы жиі айтып отыратын. Бұл балалардың арасында алақанында от ұстап, аяғы жерге тимей тұратын қыздар, көзге көрінбейтін бала мен сөзсіз сөйлесе алатын егіздер бар. Атасы дүниеден озған соң, 16 жастағы Джейкоб атасының балалық шағы өткен аралға жол тартады. Сол жерден бұрын суреттен байқаған балаларды көреді. Джейкобтың ғажайыпқа толы өмірі басталады...

Тағдыр ойыны

Елі: Қазақстан, 2015 
Режиссері: Ағыбаев Нұрғиса 
Жанры: Мелодрама 
Рөлдерде: Әділ Арай, Нұрлан Бекетов, Әбіләзімова Алианна, Райымбек Рахатов 

Фильм Әйгерім есімді бойжеткен мен қарапайым Рүстемнің махаббаты туралы. Олардың тәтті сезімдері ұзаққа созылмайды, Әйгерімнің анасы екеуінің қарым-қатынасына кедергі болады. Арада 7 жыл өткен соң, фильм желісі Әсел есімді қыздың тағдырына ауысады. Әсел Али атты гитарашы бозбаламен танысып, екеуінің ағайынды екенін сезеді.

Адал меншік

Елі: АҚШ, 2016 
Режиссері: Хак Ботко 
Жанры: Комедия 
Рөлдерде: Алисия Сильверстоун, Райан Квантен, Рэндолл Батинкофф, Мишель Суини Абрамс, Сьюзи Брэк, Кристин А.Доннелли, Рэйчел Серда, Эми Дж.Карле, Дэнни Родс, Мэтти Райан

Олив – белгілі дәрігер, ал Клэй – жолы болмай жүрген хоккейші. Бір-біріне ғашық болып, уақыт өте шаңырақ құрады, голден-ретривер тұқымды ит асырап алады. Олив өзгелер секілді жанұяның болғанын қаласа, Клэй спорт мансабында көтерілгісі келеді. Бір-бірінің мінезі жараспасын білген олар ажырасу кезінде асырап алған итін бөліп алу үшін шағын соғыс ашады.

Түнгі заң

Елі: АҚШ, 2016 
Режиссері: Бен Аффлек 
Жанры: Драма 
Рөлдерде: Зои Салдана, Эль Фаннинг, Бен Аффлек, Сиенна Миллер 

Фильмде АҚШ-та 1920-1933 жылдар арасында болған тарихи жағдайларға байланысты оқиғалар көрсетіледі. Фильмнің басты кейіпкері – полиция қызметкерінің баласы. Ол контрабандамен (жасырын таратылушылық) айналысады. Әкесі баласының өзіне қарсы жұмыс істеп жүргенін біле ме екен? Білсе, не болары белгісіз... Өйткені, оның өмірі түнде басталатын.

Ханшайым-бақа

Елі: АҚШ, Қытай, 2013 
Режиссері: Нельсон Шин, Мелани Симка 
Жанры: Анимациялық фильм 
Рөлдерде: Белла Торн, Грегг Салкин, Даллас Ловато, Лил Ромео, Брэндон Хадсон, Саванна Хадсон, Нэйтан Барнатт, Тэлон Рейд, Михал Симка, Дрейк Белл 

Бақа сарайында бір мезетте тірлішік қайнап кетеді, себебі алда Олимпиада ойындары өтеді. Бірақ бұл жолы ұйымдастырылатын ойынның өзге ойындардан ерекшелігі – патша жеңімпазға жалғыз қызын бермекші. Әр елден қатысушылар келіп жеткенше ханшайым сарайдан қашып кетеді. Фильм  қызығы осы жерден басталады.

Тараз

Елі: Қазақстан, 2016 
Режиссері: Нұртас Адамбай 
Жанры: Драма 
Рөлдерде: Еркебұлан Дайыров, Асан Мәжит, Нұртас Адамбай, Гүлназ Жоланова, Төлепберген Байсақалов, Жандос Айбасов, Кәмшат Жолдыбаева, Нұржан Садыбеков, Марат Абдуллаев, Әшім Ахметов 

Комедия жанрында отандық фильм түсіріп жүрген режиссер Нұртас Адамбай бұл жолы шығармашылығын жаңа бағытта көрсетпекші. Қылмыс әлемінен алынған, өмірде болған оқиғаларды, көше, қала өмірін суреттейтін фильм Нұртас Адамбайдың жанкүйерлерін таңғалдыруы мүмкін.

Г. Берік