Фанфикшен: тарихы, мәселесі мен терминдері

Фанфикшен: тарихы, мәселесі мен терминдері
Фото: www.mirf.ru

Фанфик деген не? Fan fiction — "фанат әдебиеті", яғни сүйікті шығармалары аясында жазылған жанкүйерлер туындысы. Бүгінде әдеби саланың жаңа бағыты ретінде негізі қалғанған фанфикшеннің өзіне тән тарихы мен терминдері бар.

Фанфикті заманауи ағын ретінде қабылдайды. Бірақ, бәрі біз ойлағандай емес. Кез келген уақытта оқырман қызықты шығарманың қорытындысын "Былай болғанда…" деп өз ой елегінен өткізіп көреді.

Фанфиктер негізін ежелгі гректер қалайды. Әсіресе, Гомердің кейіпкерлері "екінші өмір" сүруін тоқтатпады. Мысалы, Илиада шығармасындағы кейіпкер Ахилл Софокл драмасында, Эсхил, Еврипид, Тегейлік Аристарх, Иофонт, Диоген, Клеофонттың трагедияларында кездесті. Әрине, тізімге тағы басқа драматургтар кіреді. Бір қызығы, барлығы бір ғана кейіпкер жайында туынды жазған.

"Авторлық құқықты бұзу мен көшіру (плагиат) – заманауи әдебиеттің бүгінгі бейнесі" дейтіндер үшін нашар жаңалығымыз бар. Өйткені, "ұрлық" кез келген дәуірде де кездесп отырған. Мысалы "Дон Кихоттың" жалғасын алуға болады. Сервантес байыппен романның екінші бөлімін жазып жатқан шақта, 1614 жылы романның жасанды сиквелі жарыққа шығады. Болжам бойынша оны Филипп III патшаның көмекшісі Луис де Алиага жазған.  

Әрине, туындының жалғасы ретінде көрсетілместен жарыққа шыққан фанфиктер де жетерлік. Артур Конан Дойл  Шерлок Холмс туралы хикаяларды жалғастырмауға шешім қабылдаған сәтте, оқырмандары өздігінен жаңа әңгімелер жаза бастады. Автордың ашуын тудырмау үшін авторлық құқықты иемденуге тырысудан сақ болса болғаны.

Фанфиктердің нағыз дәуірі алпысыншы жылдары "Жұлдызды жол" (Звёздный путь) сериалы шыққаннан кейін басталды. Сериал түсіру барысында-ақ көрермендер сюжетке өзгеріс еңгізуді талап етіп студияны хаттарға толтырады. "Жұлдызды жол" сериалы жабылғанымен, фанфиктер көрермендерге өздерінің сүйікті кейіпкерлерімен мәңгі бірге болуға мүмкіндік сыйлады.

Гарри Поттер – фанфикшен патшасы:
Гарри Поттердің фанаттарын фанфикшеннің нағыз мамандары деп атауға болады. Поттеромандардың жұмыстарының арасынан неше түрлісін кездестіруге болады: олардың қатарында қатыгез Гарри Поттер де бар. 

Тіпті, автор Роулингтің өзі аса қатты көңіл бөлмеген кейіпкерлер де фанфиктер арасында танымал болып шықты. Арасында оқиғаны өзге жақтан (жауыз кейіпкерлер) атынан баяндалатын оқиғалар да бар. Әсіресе, Драко Малфойды оқырмандар жауыз, қатыгез кейіпкерден гөрі, өз отбасы үшін арымен мәмлеге келген кейіпкер ретінде көреді. 

Жазушылар фанфикке қарсы:
Авторлық құқық — фанфик авторлары үшін ең үлкен мәселе. Кейбір авторлар фанфиктің авторларын мадақтап, оған өздерінің қолдауын көрсетеді. Мысалы, Джоан Роулинг өзінің сайтында бірнеше фанфик авторларды оқырманға ұсынған. 

Сонымен қатар, фанфикті жек көретін авторлар да бар. Мысалы, "Вавилон-5" сериалының негізін қалаған Джордж Мартин. Жазушы Мэрион Зиммер Брэдли бірнеше уақыт бойына фанфик жазушыларымен араласып, оларға қолдау көрсеткен. Тіпті, пікір білдіріп, жақын араласқан. Бірақ, бір күні автор өзінің жаңа романында қолданып жатқан идеяны бір фанфиктен кездестірген. Жазушы автормен хабарласып, желіден өшіруді сұраған. Ақы төлейтінін және романда бұл туралы айтылатынын да ескертіп, бір келісімге келуге шақырған. Ал, фанфикер болса жазушыдан кітаптың бірлескен авторы ретінде көрсетуді не түскен табысты бөлуді талап еткен. Нәтижесінде Мэрион сол күйі романды шығармаған. Онымен, бірге өзінің фанфикшенге деген махаббатын көмуді жөн санаған. 

Терминдер:
Бүгінде фанфиктерді жариялайтын арнайы сайттар жұмыс істейді. Олардың өздеріне тән ережелері мен терминдері бар.
Фанфик авторларын фикрайтер деп атайды. Оларға көмектесетін адамдардың да өздеріне ғана тән атауы бар. Олардың қателерін тексеретін редакторлар бета-ридер деп аталса, сценарийді реттеушілер — гаммалар. Шығарманың көлеміне сәйкес қолданатын терминдер де кездеседі: макси, миди және мини. Оған қоса, драббл — миниден де кішкентай, өте қысқа шығарма. 
Егер шығарма түпнұсқадан қатты ерекшеленсе оны — AU (Alternative Universe) дейді. Сонымен қатар, кейіпкерлер түпнұсқадағы негізгі мінездемеден алшақ болса оларды ООС (Out Of Character) деп көрсетеді. Фанфикке өздерінің кейіпкерлерін енгізу арқылы олар ОС (Original Character) шығармасын жазады. Егер туындыға өзге кеңістіктің кейіпкерлері енсе (Өрмекші адам Гарри Поттер әлемінде жүрсе) оны кроссовер деп атайды. 

Қалыптасқан жанрлардан бөлек, фанфикшеннің өзіне ғана тән жанрлар бар.
• Флафф — оқиғадағы кейіпкерлер бақытты, оқиғалар романтикаға толы.
• Ангст — кейіпкер қиын сәттерді басынан өткереді, драмалық оқиғалар жиі кездеседі.
• Hurt/comfort — басты кейіпкердің басына бұлт төнгенде, өзге кейіпкердің көмекке келуі.
• Даркфики — кейіпкерлердің өлімімен аяқталатын жанр түрі. 

Роман, кино, анимеден бастау алатын фанфикшен әлі күнге дейін өзінің аудиториясын табу арқылы, өз бетінше "тіршілік" етуде. Табиғаты жағынан көшірме болғанына қарамастан, оның танымалдылығына бұның залалы тиген емес. Керісінше, оқырмандар мен көрермендерге өздерінің сүйікті кейіпкерлерімен бірге болуға мүмкіндік сыйлады. 

Т. Есқали