Айтыс және Q-pop: ұлттық арнада қандай жаңалықтар бар?

Айтыс және Q-pop: ұлттық арнада қандай жаңалықтар бар?
Фото: Qazaqstan

"Qazaqstan" ұлттық арнасы жаңа маусымды бастамақ. Маусым сайын тың жобаларымен қуантатын ұлттық арнаның биыл қандай жаңалығы бар?

Көктемгі маусымның басты тұсаукесері болатын – "Жүрсіннің жүйріктері" ақындар сайысы. Бірнеше айға жалғасатын жоба ұлттық құндылығымызды дәріптеуге, жаңашылдықпен астасқан қазақ дәстүрін ұлықтауға арналса керек. Ерлан Карин: "Айтыста 20 шақты ақын айтысып, өз өнерлерін ортаға салады. Ұлттық нақышты сақтай отырып, жаңа форматта ұсынатын боламыз", – деді.

Жобада әділқазылар мүшесі бола ма?
«Жүрсіннің жүйріктері» қазылар алқасының қатарында белгілі өнер қайраткерлері ҚР халық әртісі Асанәлі Әшімов, әнші әрі композитор, ҚР халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, профессор, ғылым докторы Намазалы Омашев пен ҚР халық ақыны Асия Беркенова болса, ақын және журналист Жүрсін Ерман басты қонақ ретінде өзінің жеке пікірін сайыс алаңында білдіретін болады.

Айтыстан бөлек қандай жобалар бар?
Айтыс – орта буын мен ересектер үшін таптырмас жоба болса, жастарды қамтитын тағы бір жоба жарыққа шықпақ. Соңғы уақытта 10-23 жастағы жас буынның арасында танымалдылыққа ие болған, музыка әлеміндегі жаңа бағыт – Q-pop. Ұлттық арна жас көрермендерін «Q-pop Idols» атты жоба арқылы қуантпақ. Жобаның жетекшісі – музыкант, продюсер Ерболат Беделхан.

Биыл Қазақ телевизиясы 60-жылдық мерейтойын өтуде. Мереке қарсаңында “Qazaqstan” телеарнасы бірнеше іс-шараларды жоспарлы түрде өткізіп келеді.

«Ұлттық арнада әр жылдары көптеген танымал тұлғалар, зиялы қауым өкілдері еңбек етіп, Қазақ телевизиясының дамуына үлкен үлесін қосты. Олардың атқарған орасан еңбектерін ұмытпау – біздің парызымыз. Ақпанның басынан бастап, әр жексенбі сайын Ұлттық арнаның “Алтын қорында” сақталған, кезінде көрерменнің көңілінен шыққан бұрынғы бағдарламаларды эфирге шығаруды ұйғардық. Сондай-ақ, Ұлттық арнаның “Таңшолпан”, “Дара жол”, “Келбет” және басқа да бағдарламаларында отандық телевизия ардагерлерінің қатысуымен арнайы шығарылымдар жарық көреді. Мұнымен қоса, көрермендерге тосын сый ретінде, бұрынғы тележурналистер мен дикторлар жүргізуші боп эфирге шығатын болады», – деп аяқтады сөзін Басқарма төрағасы Ерлан Қарин.

Жаңалықпен келген “Qazaqstan” Ұлттық арнасының жаңа маусымы көрермендеріне қуаныш сыйласын.

Т. Есқали