Курт Кобейннің белгісіз туындыларын көруге мүмкіндік туды

Курт Кобейннің белгісіз туындыларын көруге мүмкіндік туды
Фото: vk.com

Тамыз айында Сиэтл қаласында өткізілгелі отырған өнер жәрмеңкесінде Курт Кобейннің бұрын-соңды ешкім көрмеген екі картинасы көрермен назарына ұсынылмақ. Олардың бірі 1992 жылғы «Incesticide» альбомының мұқабасы ретінде таңдалған екен.

Даңқты Nirvana рок тобының солисі салған суреттер сатылымға шығарылмайтын болды. Жәрмеңке ұйымдастырушысы Джошуа Ротаның айтуы бойынша, картиналар музыканттың отбасы үшін аса құнды естелік болғандықтан, олар бәссаудаға түспейді.

Кобейнің шығармашылығымен таныс емес оқырмандарымыз үшін атақты рокердің өмір жолы туралы қосымша ақпарат ұсынып отырмыз.

Курт Дональд Кобейн — америкалық музыкант, «Nirvana» рок тобының әншіci, гитарисi және әндердің авторы.

Курт Дональд Кобейн 1967 жылы 20 ақпанда, Вашингтон штатының Абердин қаласындаы Grays Harbor ауруханасында Венди Элизабет пен автотехник Дональд Лиланд Кобейннің отбасында дүниеге келген. Кобейннің арғы тегінде ирландықтар, ағылшындар, шотландықтар мен немістер болған. Курттың ирландық бабалары 1875 жылы Солтүстік Ирландиядағы Тирон графтігінен Канадаға көшіп, кейін Вашингтонға қоныс аударған. Кобейннің 1970 жылы 24 сәуірде дүниеге келген Кимберли есімді туған қарындасы бар.

Курт бала кезінен музыкаға жақын өсті: анасының ағасы Чак Фраденбург өзінің The Beachcombers атты тобында өнер көрсеткен, Мэри Эрл әпкесі түрлі ансамбльдің құрамында гитарист болған, немере атасы Делберт әншілік қабілетімен ерекшеленіп 1930 жылы түсірілген «Джаз королі» (King of Jazz) фильмінде ойнаған. Курттың туысқандарының айтуынша, ол екі жасқа толған шағынан бастап The Beatles тобының әндерін шын сүйіспеншілікпен  айта бастаған. Ал алғашқы өлеңін төрт жасында жазған екен. Оның бойында музыкалық қабілеттен басқаа, суретшілік өнері де табылатын. Курт жеті жасқа келгенде оның ата-анасы ажырасып кетіп, бұл оқиға балаға улкен әсер етті. 1993 жылы берген сұхбаттарының бірінде Кобейн ата-анасының ажырасуы туралы былай деді:

«Мен жұрт алдында өз ата-анам үшін ұялатынмын. Сол себепті, сыныптастарыммен дұрыстап сөйлесе алмайтынмын. Мен әкем де, анам да бар толыққанды отбасым болса деп армандайтынмын. Менің ата-анама деген ренішім ұзақ жылдар бойы сақталды».

Курт 14 жасқа толған шағында Чак есімді ағасы туған күніне сыйлаған гитарада ойнауды үйрене бастады. The Beachcombers тобының музыканты болған Уоррен Мейсон оның алғашқы ұстазына айналды.

Курт шығармаларына панк және хард рок элементтерін қосатын (кейін бұл стиль гранж деп атала бастады). Осы бағытқа әуестігі артып, топ құрсам деген арман пайда болды.

Анасы екінші рет тұрмысқа шыққаннан кейін Курт үйден кетуге мәжбүр болды. Кейін ол үнемі бір үйден екінші үйге көшіп жүрді. Кейде тіпті жолдастарының үйлерінің ауласында түнейтін, кітапханаларда да күннің аяқталуын күтіп көп уақытын өткізетін. Курттың айтуы бойынша, ол біраз уақыт Уишка өзенінің көпірі астында қоныстаған. Бұл өмірлік тәжірибесі оны “Something In The Way” әнін жазуға шабыттандырды.

Nirvana

1985 жылы бас гитарист Дейл Кровер, барабаншы Грег Хокансон мен өзінен құралған Fecal Matter тобын ұйымдастырды. Өкінішке орай, Fecal Matter жаңа диск шығарып үлгерместен бір жылдан соң ыдырап кетті. Кейін жаңа топ құрғысы келген Курт достарына Fecal Matter-дың деможазбасын тарата бастады. Жазбалардың біреуі Крист Новоселичтің қолына түскен екен. Бірнеше айдан соң Крист Куртқа жаңа топ құруға ұсынысын білдірді. Жаңадан пайда болған топ атауын бірнеше рет ауыстырды: «Skid Row», «Ted Ed Fred», «Bliss», «Pen Cap Chew».Топтың ақырғы атауы «Nirvana» болды. «Мен жағымды естілетін әрі үйлесімді болатын атау іздестірдім», -деді Курт сұхбаттарының бірінде. 1988 жылы топтың алғашқы синглі — «Love Buzz/Big Cheese» атты ән жарық көрді, ал келесі жылы Nirvana-ның дебюттық альбомы —  Bleach сатылымға шықты. 1991 жылы жарық көрген Nevermind альбомы Nirvana тобына атақ пен табыс әкелді. Таң қалдыратыны, «Smells Like Teen Spirit» әні MTV телеарнасының хит әніне айналды (алғашында альбомның басты синглы «Lithium» болады деп жоспарланған). Кобейннің өзі кенеттен басына түскен атақ пен танымалдықтан ыңғайсыздық сезінді, өйткені, оның шығармашылық жолындағы мақсаты бұл емес еді.

А. Оралқызы