Рухани жаңғыру: Ұлттық код туралы жастардың ойы

Рухани жаңғыру: Ұлттық код туралы жастардың ойы
Фото: egemen.kz

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы кездесетін «ұлттық код» туралы түрлі пікірлерді сараптап көрдік. Соның ішінде өскелей ұрпақ, елдің ертеңі болатын жастардан пікір алдық. Олардың бүй дейтін ойы бар.

 

Әйгерім Әлімжан. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың докторанты, журналист:

«Ұлттық кодтың өзегі - ұлттық тіл деп ойлаймын. Өз елімізде өзге тілде білім алып, өз тарихынан, мәдениетінен, салт-дәстүрден мақұрым адамдардан қорқуымыз керек. Олар туған тілін білуге де ұмтылмайдындығы да шындық. Және олардың ұрпақтары да солай жалғасып келеді. Сондықтан қатал талап қоятын уақыт жетті. Егер ұлт болып ұйып, салт-дәстүр, әдет-ғұрыпымызды сақтаймыз десек, жас ұрпақ санасына алдымен туған тілде тәрбие берілуі тиіс. Әбден сана-сезімі жетіліп, туған елге деген сезімі оянғанда ғана әлемді таныту артық болмайды. Ұлттық кодтың бұзылуы ел іргесінің ыдырауына да әсер етері сөзсіз. Сондықтан туған тілге деген құрмет, мәдениетімізге, жалпы таным көкжиегіне тигізер әсері зор».

 

Қымбат Слямбек. Журналист:

Ұлттық код - халықтың өзіне ғана тән тарихи қалыптасқан мәдени болмысы. Халықтың сан ғасырлар бойы бойына біте қайнасқан әрі өзге этнос өкілдерінен өзгешеілігін танытатын белгілері.

Мейрамбек Таубалдиев. Журналист, тележүргізуші, актер:

Қазақ халқының  ықылас-пейілінің кеңдігі сондай -  дарқан даласындай Атыраудан Алтайға, Арқадан Қаратауға дейін ұшы-қиырсыз, шетсіз-шексіз. Не көрсек те, не істесек те түпнұсқадан асып түсеміз: ағылшын тілі, орыс тілі, К- POP.  Еліктесек, есін шығарамыз. Құрметтесек, көкке самғатамыз. Не істесек те, асырамыз. Себебі қазақы көңіл даладай кең, біздің  мақсат «қол созады аспанға» (Т.Досымов).  Бірақ кез келген нәрсе мөлшерден асса пайдасыз: не сасиды, не шіриді, не ауытқиды.  Сөздің құнын, істің мәнін білетіндер үшін ұлттық индикаторды алыстан іздеудің қажеті жоқ. Ерінбей, Елбасының мақаласын оқып шықса, соқырға таяқ ұстатқандай.  12 сәуірдегі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын айтып отырмын.  Алдымен келісейік.. Жағымпаздық, жарамсақтықты жинастырып қояйық. Мен ешкімді мақтамаймын.  Ал сіз мұрын шүйірмеңіз. Әркім өзіне қажеттісін алсын, өзіне керектісін түсіндірсін. Жақсы. Әрі қарай кеттік.  Мақаланың өзегі  -ҰЛТТЫҚ КОД. Код – негіз. Код – құлып. Салыстырып  көрейікші.  Телефонда код болмаса, ол - әр адамның көз қызығы. Есікте код болмаса,  құнды дүние қолды болады, немесе көрінген былғайды.  Ал ұлттың коды ше!? Ол  - халықтың иммунитеті.

Елдің ертеңі  - мына біз, жастармыз. Бүгінгі  «ойын арзан, күлкі қымбат»  күйбеңімен жүрген  бала көңіл болғанмен, ертеңгі күннің дана жүрек қариясымыз. Құлақты сырғалап, жыртық шалбар,  тар етекке таңылған замандастарға қайран қалам. Тілінен безіп, жат жұрттың сөзінде сайрағандарға не деуге болады!? «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай». Ендеше, ұлттық кодты жаңғырту ана тілін құрметтеуден басталады. Басқалай болуы мүмкін емес.  Ұлттың коды – тілінде.  Тіл тірілсе, дәстүр жанданады. Дәстүр жанданса, рух күшейеді. Рух күшейгенде ғана  ұлт жаңғырады.

М. Ақан