Көп сөйлейтін адамға хат

Көп сөйлейтін адамға хат
Фото: colta.ru

Құрметті, алты минуттан астам уақыт бойына аузы жабылмастан сөйлеп отырған адам!

Бұл хатты сізге сіздің бос әңгімеңізді тыңдаудан шаршаған барлық досыңыз бен таныстарыңыздың атынан жазып отырмын. Сен сөйлеп, бізге мүмкіндік бермегендіктен саған хат жазуды ұйғардым.

«Көп сөйлейсіз!» десем, менімен ара қатынасыңызды үзетініңіз анық.  Дегенмен өзгенің ойы мен пікіріне құлақ аспастан сөйлей беру – әдепсіздік.

Көп сөз – адамның өзіне деген сенімсіздігінің белгісі. Сіз қобалжисыз, ал сөйлеу – сіздің бұны жасыру үшін қолданатын қаруыңыз.

Айналаңыздағы таныстарыңыздың барлығы сізді тыңдап отырғандай кейіп танытады. Тіпті, кейде әңгімеңіз қызық  дегендей бастарын изеп қояды. Бұл – олардың сізге деген сыйластығы. Бірақ сіз тынышталып, өз жұмысыңызбен бұл жерді босатқан бойда сіздің артыңызда «Аузы бір жабылмады» деп шағым айтары анық.

Көп сөйлеймін деп қадіріңізді жоғалтып аласыз. Үнсіздік сізге жарасады деп те айта алмаймын. Бірақ орынды сөйлесеңіз, сізге деген құрметтің арта түсері сөзсіз. Сіз жақсы адамсыз, ақылдысыз, жайдарлысыз әрі тереңнен ойлайсыз. Ең өкініштісі сол – бір сөйлесеңіз сізді тоқтату мүмкін емес.

Сіз жасаған әр бағалы тірлікті көп сөзіңіз шайып кетеді. Түк те қалмайды. Осылайша таныстарыңызға істің адамы емес, сөздің адамы ретінде әсер қалдырасыз.

Сіздің ойыңыздағы арпалыстың ешкімге керекгі жоқ екенін есіңізден шығарып аласыз. Сізбен әлем туралы сөйлесуге болады. Табиғатты жырлауға болады. Бірақ сіз ұсақ әңгімелерді ұнатасыз, әсіресе, өзіңіз жайлы жиі айтасыз. Бұның бәрі жалықтырады.

«Неге менен адамдар тез жалығады?» деп сұрағаныңыз есіңізде ме? Міне, жауабы. Сіздің бойыңызда нақтылық жоқ. Жұмбақтылық жоқ. Тым ашықтығыңыз сізді зертетеймін деген адамдардың көңіліне кірбің түсіреді.

Айтыңызшы, ашық жатқан тәттіден гөрі, сыртына ешкім тимеген, қораптағы тәтті әлдеқайда тартымды  емес пе?

Өтінемін, өзіңізді сыйлаңыз. 

@. @assel_assanova