Дидар Амантайдың шығармалары Амазон ағылшын сайтына жарияланды

Дидар Амантайдың шығармалары Амазон ағылшын сайтына жарияланды

Қазақтың көрнекті жазушысы Дидар Амантайдың шығармаларын енді Амазон сайтынан ағылшын тілінде оқи аласыздар. 

Дидар Амантайдың бірқатар әңгімесі бұған дейін де ағылшын тіліне аударылып, "The Stories of the Great Steppe: "The Anthology of Modern Kazakh Literaturе"  жинағына енгізілген-ді. Жинаққа енген ағылшын тіліндегі Дидар Амантайдың үш әңгімесі Абайдың, Әуезовтің және т.б. қазақ жазушыларының аудармалары сынды орыс тіліндегі аудармасынан тәржімәланған болатын.

Қаламгердің алты әңгімесін, "Гүлдер мен кітаптар" атты романын ағылшын тіліне аударған – Зәуре Батаева мен Angela Hakkila.

Волохонская мен Пивердің шығармашылық (әрі лингвистикалық) тандемінің табысы Зәуре мен Анжеланың бірлесіп жұмыс істеуіне ықпал етті (Достоевский, Толстой және Чехов шығармаларының ағылшын тіліндегі жаңа аудармасының авторлары). Қазақ тілі — Зәуре Батаеваның туған тілі, ағылшын тілі — Анжеланың ана тілі. Анжела, Вискон университетінің шығыс тілдері факультетінің докторанты, бірнеше тілдерді меңгерген. Түркі тілдерінен — түрік және қазақ тілдерін біледі. Қос автордың бұл аудармалары – қазіргі қазақ әдебиетін ағылшын оқырмандарына тұпнұсқалық аударма арқылы таныстыруға жасалған алғашқы қадам.

Зәуре Батаева аударма туралы таратқан ақпаратында: "Дидарды аудару оңайға соққан жоқ. Гер-ағаның, яғни Герольд Бельгердің сөзіне жүгінсек, "Дидарды оқу — үлкен еңбек. Бұл ермек те, рақат та емес". Жұмыс барысын Дидармен замандас болуым біраз жеңілдетті. Біздің замандастарымыз — КСРО үкіметінің соңғы он жылындағы, яғни 80 жылдардағы, Горбачевтың кезіндегі көңілі сергек, көкірегі ояу, ерекше жастар болатын. Бұл буын — турашыл, әділдікті көксеген ұрпақ еді.  Дидардың әңгімелері осы жастар туралы" деп жазады.

Белгілі жазушы, кинодраматург Дидар Амантайдың кезінде Алматыда жарық көрген "Қарқаралы басында" атты проза кітабының француз, түрік және монғол тілдеріне аударылған тәржімә нұсқалары 2011-2012 жылдары Париж, Анкара және Ұлан-Батор қалаларында басылып шықты.

Парижде шыққан кітапқа "Гүлдер мен кітаптар" романы енді. Романның алғысөзін біртуар ақын, заңғар ойшыл Олжас Сүлейменов жазды. Жалпы, бұл кітаптың Парижде жарық көруіне Олжас Сүлейменов зор қамқорлық жасаған екен.

Үрімші қаласында орналасқан ҚХР Шынжаң өлкелік баспасы Дидар Амантайдың "Гүлдер мен кітаптар" романын, "Мен сізді сағынып жүрмін" повесін және отыз жеті әңгімесін бір кітапқа топтастырып, баспадан шығаруды жоспарлап та қойды.

Бүгінгі күні елге белгілі аудармашы Қайша Тәбәрікқызы Дидар шығармаларын қытай тіліне аудара бастады. Алғашқы үш әңгімесі Қытайдың (天涯) ("Tian Ya") "Қиян" атты әдеби журналына шығып та үлгерді.

Қазіргі таңда Дидар Амантай шығармалары орыс, испан, неміс, араб, итальян, парсы, гүржі және кәріс тілдеріне тәржімәланып жатыр. 

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

Сурет: amazon.com

М. Оңғарова