- Негізгі бет
- Тұлға
- 5 ақпан -...
5 ақпан - Дидар Амантайдың туған күні
Дәл бүгін, 1969 жылдың 5 ақпанында Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында Амантайдың Дидары өмірге келген еді. Бүгіндері еліміздің ерен азаматы 44 жаспен қатар талай белесті де қоса бағындырды.
Ол 1986 жылы орта мектепті бітірген соң, Қазақ политехникалық институтына түсті. 1989-1994 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің философия және политология факультетінде оқып, үздік тәмамдады. Журналистикаға бет бұрған Дидар Амантай 1987—1989 жылдары «Жас алаш», «Заман Қазақстан» газеттерінде тілші және бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарды. 1997—2002 жылдары «Хабар» агенттігінде бағдарлама редакторы, «Майдан» ток-шоу редакторлар бөлімінің жетекшісі, «Бетпе-бет» бағдарламасының жүргізушісі, 2002—2004 жылдары «Зерде» жобалау тобының жетекшісі, 2004 жылы Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық кинокомпаниясының бас редакторы, 2005—2006 жылдары «Ел мен жер» және «Азамат К2» газетінің директоры, 2004 — 2008 жылдары «Начнем с понедельника» газетінің Бас директоры және бас редакторы, 2008 жылы іскерлік «Азамат» газетінің директоры, 2006—2008 жылдары «31 арнаның» «Абайтану» және «Замандастар» телевизиялық бағдарламаларының авторы және жүргізушісі қызметтерін атқарды. 2009 жылдан Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» Ұлттық кинокомпаниясының бас редакторы.
1996 жылы «Постскриптум» деген атпен алғашқы кітабы жарық көрді. 2000 жылы «Қастерле мені», 2003 жылы "Гүлдер мен кітаптар", 2005 жылы «Күзгі рандеву» кітаптарымен қатар, «Нұрғиса Тілендиев», «Әлжаппар Әбішев» деректі фильмдердің, «ФЭФ» көркем фильмдерінің сценарийін жазды.
1999 жылы "Дарын" мемлекеттік Жастар сыйлығымен марапатталып, 2007 жылы Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты атанды.
Естеріңізге сала кетсек, жақында ғана жазушы, кинодраматург Дидар Амантайдың "Қарқаралы басында" атты кітабы Париж, Анкара және Ұлан-батыр қалаларында үш тілге аударылып басылған болатын.
Отандық киноға да, қазақ прозасына да айтарлықтай үлес қосып, қазақ мәдениетінің жүгін арқалап жүрген азаматқа болашақта шығармашылық шабыт тілей отырып, Массагет ұжымы атынан бүгінгі туған күнімен шын жүректен құттықтаймыз!
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Суреттер: s1.i-news.kz, kazakhfilmstudios.kz, bnews.kz, bnews.kz
А. Әбілхан