Өтірік ырысты байлайды

Өтірік ырысты байлайды
Фото: impulsportal.net

Адам бір өтірікті жабу үшін, он өтірік айтуы мүмкін. Бұл нағыз өтірікшінің әрекеті. Алайда белгілі себептермен айтылған өтірікке жеңіл-желпі қарай салуға да болмайды. Бұл жаман әрекеттің қайта қайталанбасына ешкім кепілдік бере алмайды. Атам қазақтың "Өтіріктің құйрығы бір тұтам" дегеніндей, не де болса өтірік сөз бен өтірікшіден бойды аулақ ұстаған жөн. Себебі өтірікші мен өсекші егіз. Назарларыңызға осы тақырыпқа сәйкес мақал-мәтелдер легін ұсынамыз.

1. Өтірік – қаңбақ, шын – салмақ

2. Өтірік өрге  бастайды.

3. Өтірік айтқан жерде көп тұрма.

4. Өтірікшінің шын сөзі зая кетеді.

5. Өтірікші алдымен өзін алдайды.

6. Өтірікшінің куәсі қасында.

7. Өтірікші өз сөзіне сенбейді.

8. Өтірікші уәдешіл.

9. Өтірікші өлген кісіні куә етеді.

10. Екі суайт бірін-бірі иландыра алмайды.

11. Ер өтірік айтпайды, ез өтірік айтады.

12. Сор сараңнан, өтірік арамнан шығады.

13. Көз көрмесе, сөз құлақты алдайды.

14. Кішіні алдап үйренген,

      Үлкенге де ауыз салады.

15. Өтірікші айғақ қойып сөйлейді.

16. Алдау бар жерде ақиқат жоқ.

17. Өтірікшіні сөзінен емес, көзінен таны.            

18. Көргені жаман көпті алдар.

19. Оңай сенген оңай өледі.

20. Өтірік – ұят, шындық – зият.

21. Алдау – зұлымдық, алдану – аңғырттық.

22. Екі өтірік бір антпен тең.

23. Өтірік түбі – шын, бақсы түбі – жын.

24. Адамды алдау – арыңның алдында күнә,

      Ағаны алдау – анаңның алдында күнә.

25. Өтірік айтып пайда тапсаң,

      Ақырында залал табарсың.

      Рас айтып залал тапсаң,

      Ақырында пайда табарсың.

26. Кесек-кесек дау, жанжал,

      Кері кеткеннің ауылында.

      Кесек-кесек өтірік,

      Кері кеткеннің аузында.

27. Екі шын сөзге бір жалған сөз қосса,

      Жұнтиып тұрар.

      Бір шын сөзге екі жалған сөз қоса,

      Бұлтиып тұрар.

28. Өткір пышақ қынға қас,

      Өтірік сөз жанға қас.

29. Досыңа өтірік айтпа,

     Дұшпаныңа шыныңды айтпа.

30. Жыртық үйді жел табар,

      Өтірік сөзді шын табар.

31. Анығын айту – адалдық,

      Ала сөйлеу – арамдық.

32. Адам құрсақтан арымайды,

      Құлақтан ариды.

33. Өтірікшінің сөзі өрге баспас.

34. Өтіріктің адымы қысқа.

35. Өтірік ырысты байлайды.

36. Өтіріктің алды – мұз, арты – ор.

37. Өтірік шындықтың қасына түнейді.

Н. Үсенова