Асқар Тоқмағамбетовтің мысалдары

Асқар Тоқмағамбетовтің мысалдары
Фото: massaget.kz

Бүгін қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Асқар Тоқмағамбетов (1905-1983) дүниеге келген күн. Осыған орай поэзия, проза, сатира жанрында көсіле қалам тербеген тұлғаның бір топ мысалдарын назарларыңызға ұсынамыз. Ал оған дейін асқар азаматтың өмір жолына аз-кем көз жүгірте кетсек.

Асқар Тоқмағамбетов – 1905 жылы Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданында дүниеге келген. Алғашқы білімді ауыл молдасынан алған. 

1924–1926 жж. Ташкенттегі политехникумда оқыған. "Лениншіл жас" (қазіргі "Жас Алаш"), "Социалистік Қазақстан" (қазіргі "Егемен Қазақстан") газеттерінің редакциясында істеген. 1932 жылы Мәскеу Журналистер институтын бітірген. Ұлы Отан соғысына қатысқан. "Лениншіл жас" (1927–1930), "Ленин жолы", (1933–1934), "Қазақ әдебиеті" (1934–1935), "Социалистік Қазақстан" (1937–1944) газеттері мен "Ара" журналында қызмет істеді. Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент, Қызылорда облыстары бойынша жауапты хатшысы болды.

Асқар Тоқмағамбетов қазақ поэзиясында поэма жанрын дамытуға елеулі үлес қосқан ақын. Оның поэмалары: "Хат", "Бақыт кілті", "Қаскелең", "Өмірге жол" "Батыр Әли", "Ақын тағдыры", "Ажалды жеңген алыптар", "Батырлар дастаны", "Уборщица" т.б. тақырыбы жағынан әр алуан.

Ақын лирикасының бір саласы – 1930-40 жылдары жазылған "Біздің Сәуле", "Қош, аман бол!", "Бәтиманың хаты", "Күт мені", "Сүйген жарға" т.б. әнге арналған өлеңдері қалың жұртшылықтың құлағында болып кең тарап кетті.

Жазушы проза жанрында да жемісті еңбек етті. Ыбырай Жақаевтың өміріне арналған "Қыран тұғырдан ұшады", Қазан революциясы қарсаңындағы ауыл өмірін суреттейтін "Ақмоншақ" (О. Бодықовпен бірге) повестерін жазды. Қаратау мен Сыр өңірі қазақтары тұрмысынан жазылған "Әке мен бала" романын кейін қайта толықтырып "Қарбаласта" (1975) деген атпен жариялады. ХІХ ғасырда өмір сүрген қазақ ақындары туралы "Жыр күмбезі" атты тарихи роман жазып, оның ішінде Тұрмағамбет Ізтілеуовтің өмірі жайлы құнды деректерден мағлұмат берді.

Ақын шығармашылығының елеулі бір саласы – оның сатирасы. Қазақ кеңес әдебиетінде Асқар Тоқмағамбетов сатиралық поэзияның негізін қалаушы, әрі дамытушылардың бірі болды. Кезінде Мұхтар Әуезов оны "Қырғи тілді Асқар" деп бекер айтпаған. Оның бірнеше сатиралық өлеңдері мен фельетондар жинақтары жарық көрді. Ақын қоғамдағы моральдық нормаларға қайшы келетін нәрселердің бәрін өткір әжуалады.

Бидай мен қаңбақ

Өзі қаңбақ болсын,
Онда қайдан салмақ болсын,
Тұрақтай алмай тегістікке,
Тірелді бір күн егістікке.
Бидайға қаңбақ тым қатты,
Дауыспен былай тіл қатты:
— Сен осы бидайсың ба?
— Бидаймын.
— Ақыл айтсам тыңдайсың ба?
— Тыңдаймын.
— Ашып айтсақ дұрысын,
Осы қай тұрысың?!
Жүрмейсің, көрмейсің, кезбейсің,
Не бар, не жоқты да сезбейсің.
Көктемде шығып,
Бастарың салбырап,
Күз болса бұғып,
Тұрғандарың маужырап...
Мен болсам міне,
Күні мен түні
Ұшарымды жел біліп,
Қонарымды сай біліп,
Сайран салып жүргенім,
Қызық өмір сүргенім...
— Ей, қаңбақ! — деді бидай,
Қанасына симай:
— Ашып айтсақ дұрысын,
Осы қай жүрісің?
Белгілі тұрағың жоқ,
Бас түгіл құлағың жоқ,
"Уф " десе қонасың,
"Суф " десе қонасың,
"Уф " десе ұшасың,
Қаңғырған қаңбақсың,
Кімге тұлға болмақсың ?
Біз болсақ міне,
Күні мен түні
Жинағанымыз дән,
Айналамыз толған ән...
Абырой да, бақ та,
Атақ та, даңқ та
Ерлік те, жеңіс те —
Барлығы осы егісте...
Бидайдың сөзі осымен бітті,
Қаңбақ жөніне зытты...
Дұрысын айтқан:
Бидай ма, қаңбақ па,
— Оны өздерің салмақта.

Қағаз бен қалам

Қағазы бір ақынның
Айтып тұр арыз қаламға:
— Ақ бетімді боямай,
Тыныштық берші маған да,
Тыныштық болсын саған да,
Дегенде қалам қағазға,
Жауап берді ол табанда:
— Мен бетіңді боясам,
Жорыма, достым, жаманға,
Қаларсың мүмкін үлгі боп,
Кейінгі ұрпақ адамға.
Алғыс айтар сол кезде,
Саған да, жазған маған да.

Сексеуіл мен тораңғыл

Сексеуіл тораңғылмен қатар өсті,
Өткізді нелер жазбен, нелер кешті.
Тораңғыл жапырағын жайып тұрып,
Мақтанып сексеуілге былай бөсті:
— Мен, міне көлеңкелі тораңғылмын,
Шілдені жапырағыммен боран қылдым.
Көркім бар көз тартатын сұлулықпен,
Жас келсе махаббатқа орандырдым.
Сен болсаң құр сидиған сөмпекбайсың,
Тентектің кіл шоқпары келтекбайсың
Өмірде көрген сенің қызығың не,
Айтып көр, айтуыңа сөз таппайсың.
— Тораңғыл құр мақтанба даңғойланып,
Байқап көр алды-артыңды әлде ойланып.
Сен кімді от пен шоққа жылытып ең,
Саяңда отырды тек. сәнқой халық.
Мен болсам көмір болып темірді отпен,
Пісіріп бермеп пе едім қызыл шоқпен.
Сен тұрсың кекірейіп, аспан қарап,
Жұмысың болмай сірә бар мен жоқпен.

* * *

Халықтың пайдасына жарамаған,
Не жаман, дүниеде сол-ақ жаман.

Әупілдек пен күмпілдек

Жел соқса толқын атқан,
Күн түссе күлім қаққан,
Телегей-теңіз боп жатқан,
Бір көлдің бетінде,
(Күндіз бен кешінде)
Қаз тобын жазбады,
Үйрек жұбын жазбады,
Бірі ұшып, бірі қонып жатты.
Бірі кетсе, бірі келіп жатты.
Осындай ғажап көлде,
Өзгеріс болды демде,
Кейде бозарын таң атарда,
Кейде қызарып күн батарда,
Кейде тіпті ел жатарда,
Күтпеген жерден әупілдеп,
Мазаны алды әупілдек.
Әупілдектің құс екенін,
Я бір алып күш екенін,
Білген біреу болмады.
Біреулер дәуге теңеді,
Біреулер тауға теңеді
Әйтеуір осал демеді.
Ақыры жиылып баруға келісті,
Барып сәлем берісті.
— Уа, құрметті мырзамыз,
Не бұйырсаңыз да ырзамыз...—
Дей беріп еді бір қарт үйрек,
Қорқып кеткен әупілдек,
Екі ұртын желдетіп бүлк еткізді,
Көлдің суын гүмп еткізді.
Оның артынан тағы да әупілдеді,
Тағы да су гүмпілдеді.
Онан басқа өнері болмады,
Қолынан да келері болмады.
Сонда ғана бұлар,
Кім екенін түсінген де болар...
Бір-біріне қарасты,
Жайбарақат жайларына тарасты
Сөзінде береке жоқ гүмпілдектер,
Бар емес пе құр айқай әупілдектер!

Қазға еліктеген қарға

Қарға қаздай байпаңдап,
Болғысы келді байсалды - ақ
Үйренген байғұс секектеп,
Жүре алмады қойқаңдап,
Кете берді шойқаңдап.
Қаңқылдаймын деп қарқылдады.
Орынсыз қиқулады.
Жауыр көрсе жалтақтай берді,
Басы құрғыры қалтақтай берді.
Сонымен сөйтіп,
Өйтіп-бүйтіп
Қаз болғысы келген қарға...
Бола алмады,
Желге де төзе алмады,
"Қақ " деді де ұшты,
Өзінің "таз қалпына " түсті.
Әрине, қарға қаз болмайды,
Қарға болғысы келген
Қаз да оңбайды.

Терек пен алма

Терек тұр тәкаппар боп кекірейген,
Жел қақса жапырағы желпең қағып,
Иілсе алма ағаштар бүкірейген,
Қарайды жемісіне ел таң қалып.
Теректей тентек кеуде көкірекшіл,
Мінезі кейбіреудің кісі кейір,
Әр кезде сөзі жылы, өзі көпшіл,
Білімді адам келеді кішіпейіл.

Түлкі мен көкқұтан

Көкқұтан көрші болып түлкіменен,
Түндерде нөсерлі бұлт күркіреген,
Достасып, балаларын бірге қорғап,
Боп жүрді болашағын бір тілеген.
Ауырлық түссе басқа ақылдасып,
Ойдағы сырын бүкпей отырды ашып,
— Есіттім қасқыр бар деп жақын маңда,
Алысқа кету қиын батыл басып.
Қасқырдың білесің ғой қасқырлығын,
Білетін бір антұрған бас қулығын.
Қалт етсем қағып кетер, достығы жоқ,
Боларсыз есіткенде қас сұмдығын...
Болмайды сақтанбасақ, кезектесіп —
Біріміз - бірімізге көмектесіп,
Әйтеуір асырайық балаларды,
Түлкі тұр: "Бар айтарым сол еді ", — десіп.
Көкқұтан көршісінің бұл ақылын
Тыңдап боп сөйлеп отыр бу да ақырын:
— Түлкіжан, жақсы айтасың, сақтанбасақ,
Істері аз ба бізге бұзақының.
Ұяда пысықтаусың, сен қала ғой,
Көрерсің, алдың ашық, кең дала ғой!
Жем іздеп, жедел ұшып мен келейін,
Жер ала, байқамасақ, бұлт шала ғой.
Дегенде түлкі иіліп, шын пейілін
Байқатып жолдасына тұр көңілін,
Көкқұтан соны айтты да ұшып кетті,
Түлкінің қарсы алды да бұл мейірін.
Құтанның құшағына ап балапанын,
Жайған боп түлкі мұңдар алақанын,
Бүрді де алқымынан жығып салып,
Қорек боп қалдың, — деді, — балақаным".
Тойғанда уыздай жас құс етіне,
Түсті де жемге кеткен "досы " есіне,
Отырды өксіп, жылап, жасын төгіп,
Төбенің шығып аулақ бір шетіне.
Жем алып, жеделдетіп құтан келді,
Айналып алыс жолды ұша келді.
Түлкінің тұнжыраған түрін көріп,
Жер таппай қона кетті ұшарға енді.
— Білмеймін дейтініңді қара басқан,
Аяма қастық қылсам, мені басқа ұр.
Қалғып бір қапелімде кетсем керек,
Біреуін жеп кетіпті қорқау қасқыр...
— Қандайы, қандайын ? — деп құтан қақсап,
Асығыс болғаны - ақ сол сөзді бастап.
— Әлбетте, ұзын мойын балапанды! —
Дегенді айтты түлкі тоқтап - тоқтап.
Көкқұтан қайғырды өлген баласына,
Қорқау боп қасқыр қалды жаласына.
Жем іздеп тірісі құтан кетті,
Қалдырып "түлкі досын " тағы осында.
Арада азын-аулақ күн өткенде,
Жалықты түлкі босқа күзеткенге.
Қалғанын балапанның қағып салды,
Алдынан байқаусызда бір өткенде.
Құтанды келе жатқан көзі шалып,
Еңіреп тұрды түлкі қатты налып:
"Қасқыр жеп кетті тағы..." дегенді айтты,
Егіліп жеткізгендей өліп-талып.
Сұраған: "Кетті екен, — деп, — қандайын жеп
Құтанға көз түрткі боп қалмайын деп,
"Әлбетте, ұзын мойын!" — деді түлкі,
Төмпештеп қайта-қайта маңдайын кеп.
— Ой, жауыз, оңбаған сұм, арам ойың,
Не қылған өле берген "Ұзын мойын?.. "
Деді де құтан тартты өз жөніне,
Түлкіден аулақ салып тұла бойын.
Күле кіріп, шығатын күңіреніп,
Арамзаның құйрығы бір-ақ тұтам...
Алдағанның арбауы тіліне еріп,
Болып жүрме осындай аңқау құтан!

Шеге мен балға

Кім білген оның неге екенін,
Балға шегенің шеге екенін
Біле тұра сұрады:
— Неге ылғи бір орнында тұрады ?
— Шегенің міндеті сол, —
Деп еді ол.
Балға тағы білгірсіп,
Сөйлеп тұр күлгірсіп:
— Мен төбеңнен ұрмасам,
Тас табандап тұрмас ең.
— Мен болмасам неге
Керегің бар ? — деп еді шеге.
Балға сөзден ұсталды,
Әңгіменің желісі қысқарды,
Бірісіз бірі болмайтынын,
Майдасыз ірі болмайтынын,
Балға сонда түсінді,
Екеуара мынаны ұсынды:
— Сен қынжылмай ұра біл,
— Сен қынжылмай тұра біл.
Шегені балға,
Балғаны шеге жасайтынын,
Оны неге жасайтынын
Білмейтіндер жоқ емес,
Әрине, көп емес...
Сонда:
Бұл мысалдан мына қорытынды шықты:
Әр нәрсе өз орнын тапса мықты.

Көбелек пен тұйғын

Тұйғын бір күн көрді де,
Көбелекті шырлаған,
Гүл қуалап, шуақтап
Көктем жырын жырлаған.
Төбесінен төне түсті,
(Көбелекке ол қандай күшті)
Қағып алғысы кеп,
Жығып салғысы кеп,
Түйлікті де,
Шүйлікті де.
Көбелек оған саспады,
Қалыңға қарай қашпады,
Өйткені, көп достары,
Көбелекті қостады.
Түйлігіп келген тұйғынды,
Қуып тастады.
Тұйғын қатты тайлықты,
Жүрегі әбден шайлықты...
Досы көптің қасына,
Жау келмес деген осы да!

Н. Үсенова