Сәбеңнің қырық мың есегі

Сәбеңнің қырық мың есегі
Фото: www.writers.kz

Ақын-жазушылардың өткір тілді келетіні барша оқырман қауымға мәлім. Орайы келгенде айтып қалатын тұлғалардың шеберлігіне тәнті боламыз. Жазушы Сәбит Мұқановтың сондай бір оқиғаға байланысты айтқаны бар еді...

Бір күні Сəбең (Мұқанов) Мәскеуден келе жатып Асқар Тоқмағамбетовтың үйіне түседі.

– Асқар, мен саған əдейі соқтым. Адам қартайыңқыраған соң сағыныш бола ма, оның үстіне "Сырдария" романын бітірдім. Соны саған оқиын деп келдім.

– Əбден жақсы,– дейді Асекең. Сəбең қызыл қою шайдан алып, романды оқи бастайды. Бір кезде: "Каналдың жағасынан қырық мың есек ақырды",– дегенде, Асекеңнің көзі шарасынан шығып кетіпті. – Айналайын, Сəбе-ау,"қырық мың есек" демей төрт мың есек десеңіз қайтеді? – депті.

– Айтқасын қырық мыңы не, төрт мыңы не? Бара берсін, дұрыс! – деп көнбепті. "Ойпырым-ау, Сəбе-ау, мынау есегіңіз көбірек екен" деп Асекең күбірлеген де қойған. Бірақ қырық мыңның қай бетте екенін байқап қалып, Сəбең ұйықтағанда көп нөлдің біреуін өшіріп қояды.

Кітап қырық мың емес, төрт мың болып басылып кетеді. Арада бір-екі жыл өткенде Сəбең Жазушылар одағында ұстап алып:

– Ей, Асқар, мен сені ұрлықтан таза деп ойласам, сен де "ұры" екенсің ғой. Менің отыз алты мың есегім қайда? – деген екен.

Ж. Жұмағұлов