ПЕН-клубтың алғашқы президенті

ПЕН-клубтың алғашқы президенті
Фото: people.su

Ағылшын жазушысы, ақыны және драматургі Джон Голсуорси 1867 жылы 14 тамызда Суррей графтығына қарасты Кингстон-Хиллде ауқатты заңгер жанұясында өмірге келген. Болашақ жазушы Харроу-Скул және Оксфордт университеттерінде заңгер мамандығында тәлім алған. Бірақ ол заңгер болып қызмет атқармайды. Су транспорты туралы білімін одан әрі жетілдіру мақсатында әлемді аралап саяхатқа шығады. 

Оның жазушылыққа бет бұруына немере ағасының жұбайы Ада көбірек әсер еткен. Аданың айтуымен, 28 жасында жазушы болуға бел байлайды. 1897 жылы тырнақалды шығармасы – "Төрт тараптың желі" ("From the Four Winds") атты әңгімелер жинағын Джон Синджон деген бүркеншік есіммен шығарады. Арада бір жыл өтіп алғашқы романы "Джослин" ("Jocelyn"), 1900 жылы "Рубейннің вилласы" ("Villa Rubein") атты шығармалары оқырманға жол тартады. 


1901 жылы Форсайттар жанұясы туралы шығармасын жазып бастайды. Ол Тургенев, Мопассан және Толстойлардың әсерімен кезекті шығармасын баспадан шығаруға 3 жыл дайындалады. Оны 1904 жылы "Фарисей аралы" ("The Island of Pharisees", 1904) деген атпен алғаш рет өз атымен кітап етіп шығарады. Бұл Голсуорсидің бесінші кітабы еді. 

1904 жылы Джонның әкесі қайтыс болып, ол материалдық жағынан тәуелсіздікке қол жеткізеді. Осыдан соң Джон әулетінің, достарының қарсылығына қарамай немере ағасының жұбайы Адаға үйленеді. Бұл оның кезекті "Қожайын" ("The Man of Property") аталатын романын  жазуға түрткі болады. Роман 1906 жылы оқырманның ыстық ықыласына бөленіп, Джон енді жазушы ретінде таныла бастайды.

"Қожайын" романы "Форсайт туралы дастан" ("The Forsyte Saga") трилогиясының бірінші кітабы болды. Бірінші дүниежүзілік соғыс біткенше ол Форсайдтар тақырыбына оралмайды. Бірақ 12 жыл ішінде (1907-1919 жж) 7 роман жазады. Соғыс кезінде жазған бірнеше пьесасы да театрларда сахналанады. 

1917 жылы сэр һәм рыцарлық атақты жазушылардың алғаны дұрыс емес деген мақсатта олардан бас тартады. 1920 жылы "Тұзақта" ("In Chancery") деп аталатын Форсайт туралы трилогияның екінші кітабын, 1921 жылы "Рұқсат ету" ("To Let") атты үшінші кітабы шығады. Келесі жылы үшеуін біріктіріп "Форсайт туралы дастандар" деген атпен трилогия етіп баспадан шығарады. Бұл оның әдебиет әлемінде үлкен даңқа бөленуіне түрткі болып, ХХ ғасырдың 20- жылдарындағы Еуропа-Америка әдебиетінде көшбасшы болуына жол ашады. 1929 жылы ағылшын үкіметі тарапынан "Еңбегі үшін" медалімен марапатталады. 

1932 жылы Швед академиктері тарапынан "Форсайт туралы дастандар" шығармасындағы жоғары баяндау шеберлігі үшін "Нобель" сыйлығына лайық деп табылады. Джон мидің қатерлі ісігіне шалдыққаны үшін марапаттау рәсіміне қатыса алмайды. Бірақ оның өтініші бойынша сыйлық халықаралық ПЕН-клубына беріледі. Жазушының өзі осы клубтың негізін қалаушылардың бірі және алғашқы президенті болған. Арадан 2 ай өтпей жатып, 1933 жылы 31 қаңтарда Джон Голсуорси ауыр науқастан қайтыс болады. 


Әр күні ерте таңда жазу ниетімен тұратын қаламгердің артында 20 роман, 27 пьеса, 3 өлеңдер жинағы, 173 әңгіме, 5 эссе топталары және 700-ге жуық хаттары қалды.

Т. Раушанұлы