Сигрид Унсет: "Маған сөйлегеннен гөрі жазған оңай"

Сигрид Унсет: "Маған сөйлегеннен гөрі жазған оңай"
Фото: moisovety.com

Сигрид Унсет Данияның Каллундборг қаласында дүниеге келген. Әкесі елге белгілі археолог Мартин Унсет талантты жазушы да болған. Сигрид екі жасқа толғанда әкесі ежелгі мұражайға басшы болуына орай, олардың жанұясы Осло қаласына көшіп келеді. Ата-анасы оны қосымша білім алу үшін либералдар мектебіне береді. Бірақ Сигрид либералдық көзқарасты ұнатпағандығы себепті әкесінің өлімінен соң, 1893 жылы хатшыларды дайындайтын ақылы училищеге ауысып кетеді. 

Болашақ жазушы 17 жасқа толғанда сіңлілерінің оқуы үшін жұмыс істеуге мәжбүр болған. Бірақ жұмысы өзіне ұнамағандықтан жиі-жиі өлең жазып, Норвегия орта ғасыр оқиғаларынан әңгімелер құрастыратын. Бұл әрекетін анасы үнемі қолдап отырғандықтан, 1905 жылы тарихи оқиғалардан тұратын романын баспаға жібереді. Көп өтпей баспадан қолжазбасы "тарихи роман жазбаңыз. Дұрысы заманауи тақырыптарда жазып көріңіз" деген хатпен қайтып келеді. Сигрид аталған кеңеске құлақ асып, 1908 жылы "Бақытты жас" деп аталатын, ерекше қабілетті, бірақ қоғамнан бөлініп қалған әйелдер туралы романын жазады. Сәтті жазылған шығармадан соң мемлекеттік стипендияға ілініп, жұмысынан шығады. "Вигдис және Вига-Льоте туралы Сага" (Fortællingen om Viga-Ljot og Vigdis, 1909) романынан соң Германия мен Италияны саяхаттауға аттанып кетеді.

Римде жүріп болашақ "Нобель" иегері Андерс Кастес Сварстад атты суретшіге ғашық болып қалады. Бірақ суретші үйленген болып шығады. Өзінің бастан кешкен махаббат машақатын кезекті "Йенни" (Jenny, 1911) романында баяндайды. Оқиғалар Норвегия мен Италияда болып өтеді. Автобиографиялық романын оқырмандар жылы қабылдайды. Осылай жазушы Еуропаға танымал бола бастайды. 

Сигрид 1912 жылы  суретші Сварстадқа тұрмысқа шығады. 1920 жылға дейін жазушы хикаялар топтамасын екі кітап етіп шығарады. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде ол Норвегия қоғамдық өміріндегі феминизм, социализм, пацифизм сынды идеяларды сынайды. Рухани ізденістерінің негізінде 1924 жылы католик дінін қабылдайды. Консервативтік көзқарастарына сәйкес Свастадпен болған 12 жылдың отбасылық өміріне нүкте қояды.

Жазушының шығармашылық шыңы боп есептелетін – "Лавранстың қызы – Кристина" (Kristin Lavransdatter, 1920-22) трилогиясында дінді қатты ұстанғандығы көрінеді. Шығармада ХІV ғасырда Норвегиядағы бай жер иеленушінің тәкәппар қызы туралы баяндалады. Трилогияда ешқандай да тарихи тұлғалар аталмаса да оқиғалар дәлме-дәл берілген. 1923 жылы бұл туралы сыншы Эдвин Бьеркман: "Романда ХІV ғасырдағы оқиғалардың дәл баяндалғаны сондай, олар VІ ғасыр бұрын емес, құдды кеше болғандай әсер етеді", – дейді. 

Сигрид Унсет 1928 жылы Швед академиктері тарапынан "Орта ғасырлардағы Норвегия өмірін шебер суреттегені үшін" әдебиет саласындағы "Нобель" сыйлығына лайық деп табылады. Жазушының өзі марапаттау рәсімінде ресми баяндама алып шықпай: "Маған сөйлегеннен гөрі жазған оңай һәм ыңғайлы. Әсіресе өзім туралы айту өте ауыр", – деп қысқа қайырып, мінберден түсіп кетеді.

"Нобель" сыйлығынан кейін ол 5 роман жазады, бірақ олардың ешқайсысы алдыңғылары сияқты танымалдылыққа жетпейді. 1939 жылы жазушының қызы мен анасы өмірден өтеді. Бұл уақытта нацисттер Норвегияны жаулап алған болатын. Сигрид фашисттерге қарсы майдан ашқанымен, 1940 жылы қысымға шыдамай, Швецияға қашып өтеді. Гитлер үкіметі оның шығармаларын жариялауға тыйым салады. Осы жылдың күзінде ұлы Ганспен бірге Америкаға кетуге мәжбүр болады. Бір ұлы Швецияда нацисттер қолынан қаза табады. 

Соғыстан кейін еліне қайтқан жазушыны үкімет Норвегия Әулие Олаф корольдік орденімен марапаттайды. Сигрид Унсет 1949 жылы инсульттан қайтыс болады.

Т. Раушанұлы