Соңғы классик

Соңғы классик
Фото: eksmo.ru

Франциялық жазушы, сыншы Анатоль Франс (фр. Anatole France; шын есімі Франсуа Анатоль Тибо, François-Anatole Thibault) 1844 жылы 16 сәуірде Париж қаласында өмірге келген. Әкесі Ноэль мен анасы Антуанетти Тиболар оны жас кезінен бастап кітап оқуға, әдебиетке қызығушылығын арттыруға тырысады. Тиболар жанұясындағы жалғыз бала болып өскен оның әдебиетке жақын болуына үйіне келетін түрлі жазушы-ақындармен бірге әдебиеттанушылар да әсер етті. 

Анатоль Франс Станислав колледжінде грек және рим жазушыларының шығармаларын жақсы оқығанымен, басқа сабақтарды оқуға құлықсыз болған. Тіпті оқу орнындағы соңғы емтихандарын тапсыру кезде бірнеше рет сәтсіздікке ұшырап, 20 жасына дейін емтихан тапсырған. Бұл жағдайдан хабардар анасы Франсты жас кезінен бастап жазушы болуға тәрбиелейді.
 
Анатоль Франстың әкесі ұлы француз төңкерісі тарихы туралы әдебиетке мамандырылған кітап дүкенінің иесі болған. 1866 жылы әкесінің жұмыстан шығып қалуына байланысты отбасы міндеттемелері оның мойнына жүктеледі. Франс Альфонс Реммер баспаханасында библиограф болып жұмыс істеп жүріп, сол уақытта енді құрылған "Парнас" әдеби ұйымымен танысады. Ақын Альфреда ди Вини шығармашылығына арнап жазған алғашқы очеркінен соң ол "Парнас" ұйымының белді мүшелерінің біріне айналады.

Франция-Пруссия соғысы уақытында армияда қызмет еткен Анатоль соғыстан соң журналисттік қызметке қайта келіп, Париждегі журналдардың бірінде редактор болады. 

1875 жылы өзін журналист ретінде дүйім елге танытуға зор мүмкіндік алады. Оған Парижде шығатын "Уақыт" ("Le Temps") газеті сол дәуірдегі француз әдебиеті жайлы сыни талдау мақалалар жазып беруі үшін қомақты қаржы ұсынады. Арада бір жыл өткенен кейін Анатоль Франс "Уақыт"-тың белді сыншысына айналып, газетте "Әдеби өмір" атты жеке айдарын жүргізеді.
 
1876 жылы жазушыны Сенат кітапханасы директорының орынбасары етіп тағайындайды. 14 жыл бойы осы қызметте істейді. Бұл жазушының шығармашылықпен айналысуына зор мүмкіндік болды. 1877 жылы болашақ "Нобель" иегері Валери Герен де Совиль есімді қызға үйленеді.
 
1889-92 жылдары аталған сыни мақалалары "Әдеби өмір"  деген атпен 4 томдық кітап болып шығады. Бұл кезде жазушы бір кездері белді мүшесі болған "Парнас" ұйымынан шығып, Кальман Левимен жақын қарым-қатынаста бола бастайды. Кальман Анатольдың 2 кітабын баспадан шығарып береді. Оның бірі ең көп оқылатын "Сильвестр Боннардың қылмысы" (Le Crime de Sylvestre Bonnard, 1881) кітабы еді. 
 
Жазушыға танымалдық әкелген "Сильвестр Боннардың қылмысы" және сыни мақалаларының арқасында ол Париж зиялы қауымының ортасына кіріп, ақындар қаласының ең жоғарғы әдеби, мәдени, саяси салондар иесі болған Леонтина Арман де Канавемен танысады. Бұл танысу оның өміріне үлкен бетбұрыстар әкеледі. Жоғарғы ортаның жүріс-тұрысынан, мәмілесінен бейхабар Анатоль мұны осы Канаведен үйренеді. Олар 1910 жылы Леонтина қайтыс болғанға дейін бірге заңсыз некеде тұрады.

1896 жылы Анатоль Франс Франция академиясына мүше етіп сайланады. Саясатпен бірге әдебиеттен де қол үзбеген Анатоль бұл кезде Леонтина Арман де Канаваға деген махаббатын білдіретін "Қызыл лилия" (Le Lys rouge, 1894), "Граф Абель" (Abeille, conte, 1883), "Таис" (Thaïs, 1890) романдарын жазады. 

Әдеби қауым арасында оның барлық шығармасы бірдей жылы қабылданған жоқ. Мысалы, "Жанна д’Арктің өмірі" (Vie de Jeanne d’Arc, 1908)  атты эссесі солардың қатарына жатады. 

1921 жылы Анатоль Франсты "Гуманизмге және шынымен де Галлдық темпераментке толы стильдің әсемдігімен ерекшеленетін керемет әдеби жетістіктері үшін" "Нобель" сыйлығына лайық деп табады. Жазушыны марапаттау рәсімінде Швеция академиясының мүшесі Эрик Карлфельд: "Біздің дәуірімізде Анатоли Франс ең беделді, абыройлы жазушы, тіпті ол соңғы классик", – деп құттықтайды. 

Осыдан соң үш жыл өткесін яғни 1924 жылы Анатоль Франс Тур қаласында өмірден өтті. 

Жазушы өлімінен соң танымалдығы лезде сөніп қалды. Франстың шығармашылығын тек әдебиеттанушылар мен ғалымдар ғана оқыды. Оқырмандар кітаптарын бұрынғыдай қолдан қолға өткізіп оқуды қойды. Әдебиеттанушы, жазушы Дюшан Брески Джозеф Конрадтың пікірінше, Анатоль Франс сындарындағы жағымсыз сипаттарына қарамай, әрқашан заманымыздың ұлы сатиригі ретінде Бернард Шоу, сөз зергері ретінде Рабле, Мольер, Вольтерлермен бір қатарды тұрады.
Т. Раушанұлы