Эрнест Хемингуэй. Көпір басындағы қария

Эрнест Хемингуэй. Көпір басындағы қария
Фото: vk.com

Бұл Эрнест Хемингуэйдің 1937-1938 жылдардағы Испания ішкі соғысы турасында жазған айтулы үш әңгімесінің бірі. Әңгімеде Эрнест Хемингуэйше қолтаңба бар: адамның ішкі жандүниесін автор өзі қол салып ашпай, оны диалог арқылы ақтаруға тырысқан. Орта көрінісі сыпыра баяндалмай, монтаждалып берілген. Тілі шұбатылған құрмалас сөйлемдерден құлантаза, жинақы, көбінде хабарлы сөйлемдер орын алған. Бұл үш ерекшелік жиналып келіп автордың көкірегіндегі айтпақ ойды мұз таудың суға көмілген бөлегіндей, ішке бүге отырып, «поэзияға ұқсатып» мөлдіретіп шығарады. Эзра Паунд пен Джеймс Джойстің: «Эрнест Хемингуэйдің жазғандары поэзия сияқты» дейтіні де сондықтан. 

Үсті-басын шаң басқан, көзіне болат жиекті көзілдірік таққан бір қария көпір басында отыр. Арбалар мен машиналар, ер-əйел, ұсақ балалар көпірден сығылыса өтіп жатыр. Əскерлер итерген арбалар арқандай созылып, жанасалай тізілген жүк машиналары адамдар тобынан сырыла шығып, зулап өтуде. Дихандар да ұйлыға топтасып, бірін–бірі кимелей жанталаса ілгерлеп барады. Бірақ, əлгі қария орнынан қыбыр етпейді, оның енді жүруге əл-дəрмені қалмағандай.
Менің міндетім көпірден ары өтіп, жау дерегін біліп қайту еді. Міндетімді орындап болып, көпірге қайтып келдім. Бұл кезде машиналар сиреп, жаяу–жалпылы адамдар да азайып қалған екен. Бірақ, əлгі кария баяғы сол орнында отыр. Мен оның қасына барып: 
— Қайдан келесіз Қария? — деп сұрадым. 
— Санкарлостан келемін, — деп ол жүзіне еріктен тыс күлкі үйіре жауап қатты. Бұл оның жүрек түкпіріне сақтаған, туған мекені Санкарлосты тілге алғандағы қуаныш күлкісі еді. 
— Онда менің баққан жануарларым бар еді,—деп қосты ол. Оның сөздерін дерлік түсініп кетпесем де «е» дедім. 
— Солай,—деді ол, сөзін ары жалғады, — айтайын дегенім, онда менің үй хайуандарым бар еді, Санкарлостан ең соңғы кеткен адам менмін. 
Оның сырт тұрқынан қарағанда бақташыға ұқсамайды. Мен оның шаң–тозаң басқан киіміне, батпақ шашыраған жүзі мен болат жиекті көзілдірігіне назар салдым. 
— Ол қандай үй хайуандары еді,—деп сұрадым. 
— Бірнеше түрлі, — деді ол басын шайқап, — амал нешік, олардан мүлде айырылғым жоқ еді. Аспалы көпір мен Африка топырағына ұқсайтын бұйратты далаға қарап тұрмын, жау енді қанша сағаттан кейін жетіп келер екен? Күтілмеген бірер оқиға туылмасын дегендей құлағымды түріп, сергек тұрмын. Қария əлі сол орнында отыр. 
Мен одан: 
— Қандай үй хайуандары еді,— деп сұрадым. 
— Екі ешкі, бір мысық, төрт жұп кептер, — деп ол ашалап түсіндірді. 
— Оларды тастап кеттіңіз ғой. — Енді қайтемін, соғыс жетті, əтірет бастығы бұл жерден тез кет деп бұйрық берді, соғыс өрті... 
— Отбасыңыз жоқ па еді? — деп сұрадым мен одан. Көпір маңын шола көз тастадым.
— Отбасым болған жоқ,— деді ол,— тек əлгі айтқан үй хайуандарым ғана бар еді, мысығым ештеме етпес, жанын бағар, ешкім мен кептерлерім не болар екен деші?! — Қандай саяси көзқараста едіңіз? 
— Менде не қылған саяси көзқарас болсын, — деді ол, - биыл 76 жастамын, манадан бері əрең он екі шақырым жол жүріп осында келдім, енді міне аяқ басуға дəрменім жоқ, болдырып отырмын. 
— Бұл жер демалуға қолайлы орын емес, — дедім мен, -азырақ жүре алсаңыз Колсаща аузындағы тас жолға ілінесіз, сол жерден ары қарай машина табылады. 
— Сəл отыра тұрайын, ол машиналар сонда қай жерге барады? — Барсэлона жаққа барады. 
— Ол жақта таныс-білісім жоқ, сонда да саған рахмет, көп рахмет!— деді ол. 
Қарияның жүзі тым жүдеңкі еді, бейне менен бір күш-қайрат күтетіндей, қайта–қайта қарай береді: 
— Мысығым ештеңе етпес, бірақ ешкі мен кептерлерім қайтер екен, сізше олар не болады? — деді ол. 
— Мүмкін, ештеме ете қоймас. 
— Солай деп ойлайсыз ба? 
— Əрине, — дедім мен онымен кеңесе тұрып, өзеннің арғы жағына көз жүгірттім, ол жақта машиналардың қарасы көрінбейді. 
— Ол жерді соғыс өрті жалмағаннан кейін, лажсыз кеттім, оларға не болды екен деші? 
— Кептерлеріңіздің қапасын ашпаған ба едіңіз? 
— Ашқамын. 
— Онда ұшып кетеді. 
— Солай, ұшып кететін шығар, бірақ басқалары қайтеді? Ең жақсысы оларды ойламай–ақ қояйын, — деді ол. 
— Деміңізді алған болсаңыз, менімен бірге жүріңіз, -дедім, оның көңілі босап кетті, — кəне, орныңыздан тұрып, жүріп көріңізші! 
— Рахмет! — деп ол орнынан əрең көтерілді, одан қайта дізесі бүгіліп отыра кетті. 
— Менің қолымда жануарларым бар еді, — бұл ретте оның дауысы көтеріңкі, беймаза, мұңлы естілді,— мен соларды бағып жатқам. 
Мен оның алдында шарасыз едім. Паска мерекесінен кейінгі бірінші жексенбі болатын. Фашис армиясы Биро жеріне ішкерлеп еніп келе жатқан. Ауаны қою тұман торлаған, еш нəрсені анық көруге болмайды. Дегенмен, жау ұшақтары ұшуға шарасыз. Мынандай күнде олар ауеге көтеріле алмайды. Мүмкін, мысық өз жанын өзі баға алар... Қарияның тəлейі оңынан келсе екен деп тіледім мен.

Ардақ Нұрғазының вконтакте парақшасынан

А. Оралқызы