Лев Толстойдың өміріне қатысты бес аңыз

Лев Толстойдың өміріне қатысты бес аңыз
Фото: 24smi.org

Одан бері нешеме за­ман өтті. Қанша су ақ­ты, қанша су тартылды. Алайда, осынау әулиеге баланған қария қалам­гердің күн­деліктерінде жазылып қалған ойлар адам­зат оқырмандарын әлі күнге қилы ойға жетелейді.

1. Қашу

Бұл жалғаннан озарына 10 күн қалғанда 82 жастағы Лев Толстой өз үйі – өлең-төсегі – Ясная Полянадан қашып шықты. Ол неге қашты, өз ошағынан неге безінді? ХХ ғасыр басындағы декаденттер оның бұл оқыс әрекетін өзіне-өзі қол салуға бейім­делуінің басы деп санайды. Ал коммунис­тер болса, лениншілдігіне салып бұл оқиға­ны самодержавиялық үкіметке қарсылық деп бағалады. Ал негізінде әмия­нында 50 рублі ғана қалған Толстойдың сүйікті Ясная Полянасынан қашып шығуының себебі – тұрмыстық жағдайлар­дан еді. Өлерінен 3 ай бұрын жазушы тағы бір бөтен қылық танытты. Ол өз өсиет-ха­тында шығармаларына авторлық құқықты өз әйелі Софья Андреевнаға емес, туған қызы Александра мен жақын досы Черт­ковқа сеніп тапсыратынын жазып қалды­рыпты. Әйелі бұл жағдайды жазушының ұрланған күнделігінен білген күннен бас­тап, оның өмірі тозаққа айналады. Айқай-шу бас­талады. Жұбайының жанжалы, ересек балалары арасындағы ашық қарсы­лықтар жазушының жанын күйзелтті. Ол осыған дейінгі 25 жыл бұрынғы «қашу» жөніндегі түсінігін қайта есіне алды. Осы «күндері» ол күнделігіне «шыдай алар емеспін», «олар мені екіге бөліп тастады», «Софья Андрее­внаны көргім келмейді» деп жазды.

Оның қашып кеткені жөнінде білген әйелі де далаға қашып, кеудесін ауыр заттармен соққылап әлем-тапырық күй кешті. «Мен оны қайтсем де табамын, оны тапқан күнде ешқайда жібермеймін, күндіз-түні көз ілмей күзетемін. Есігінің алдында жатып аламын» деп еңіреді.

2. Долы қатын

Жазушының өліміне кінәлі оның әйелі деп қарау да – аңыздың бірі. Толстой­лардың отбасы өмірі бір қарағанда «Анна Каре­нинадағыдай». Әркім өзінше бақыт­сыз. Әлем зерттеушілерінің пікірі осыған саяды. «Қорлаушы және қор болушы», Софья Андреевна өзінің «Менің өмірім» атты кітабының бір тарауында осылай дейді. Күні кешеге дейін Софья Андреев­наның әдеби қабілеті жөнінде белгісіз болып келді. Ол ұлы күйеуінің тасасында қалған тәрізді.  Оның «Кімнің кінәсі?», «Сөз­сіз ән» атты повестері ХІХ-ХХ ғасыр­дағы орыс әдебиетінде бір жарық «жұл­дыздың» бол­ғанын дәлелдейді. Кей жағ­дайда әйелінің дарынын жазушы да мойындаған сыңайлы. Софья Андреевна­ның күйеуінен бір ерек­шелігі – тамаша білімі болғанымен, арнайы диплом алмаған. Екі шет тілін білген. Тол­стойдың пәлсапа­лық еңбектерін аударған. Сонымен қатар, жоспарлы түрде шығынға батқан Ясная Полянаның бар шаруашылы­ғын, есеп-қисабын жүргізген. Қысқасы, Толстойдың үлкен отбасының жыртығын жамаған адам. Солай бола тұрса да, ол өзін ұлы адаммен бір шаңырақта тұрып жатыр­мын деп есеп­теген. Жазушы қайтыс бол­ғаннан кейін ол «Мен онымен 48 жыл от­басын құрдым. Онда да оның қандай адам екенін біле ал­мадым» деп жазды. Алайда, әдебиет зерт­теушілерінің айтуын­ша, Софья Андреевна жазушыдан қай­тары­ның ал­дында кешірім сұрамақ болғанда, Тол­стой «Мені бүткіл адамзат оқырмандары түсін­генде, сен түсінбедің, кешірмеймін» деген екен. Бәлкім, кім біледі, бұл да аңыз болар.

3.Аластатылу

Толстой 1910 жылы қайтыс болғанда жаназасы шіркеуден шығарылмай, «алас­татылғаны» белгілі. Алайда, 1901 жылғы Синад актісінде «аластатылу» сөзі жоқ. Шіркеу шенеуніктері Толстой өзінің теріс­теулері және жалған оқуларымен шіркеу­ден баяғыда аластатылған және оның мүшесі болып табылмайды деп жазды. Дегенмен де шіркеу канцелярия­сының бұл тоғышарлық тұжырымы сол кездегі орыс қоғамында кері әсер туғызды. Бұл тоғы­шарлық шешім жазушыны шіркеуден зорлап аластатқан деген ойға ден қой­ғызады.

4. Толстойшылар

Толстойшылар қозғалысын жазушы­ның өзі құрған деседі. Бірақ, шын мәнінде, олай емес. Ол өз өмірінде көптеген ұйым­дардың, қозғалыстардың жұмысына күдікпен қараған. Өз атындағы қоғамдық қозғалыс жөнінде де осы пікірде болған. Тіпті, өзін сол ұйымдардың «құр­баны» да санаған. Ясная Полянадан қашып шық­қанда өзінің сондай орта іздегені де жасы­рын емес. Мәселен, Толстой бұл жасында арақ атаулыдан бас тартқан еді. Алайда, бұл мәселеде құрылған салауатты­лық қоға­мын қоштамады да. Ол ұйымды жазушы «бастары қосылғаннан кейін арақсыз болушы ма еді?» деп келемеждеді. «Қызық, ішпесе не үшін жиналады? Бұл өзі мүмкін емес нәрсе ғой. Кездескен екен, онда ішу керек» деді тағы бірде.

«Толстойдың азаттығы» кітабында И.Бу­нин «Көптеген мәселелерге Лев Ни­колаевич өте байсалды  әрі күдікпен қара­ды» деп жазды. Мәселен, мына жағдайды айтуға болады. Бір күні Толстой отбасымен бірге оның бас толстойтанушысы В.Черт­ков та бар бастырмада тамақтанып отыра­ды. Жаздың күні. Ызыңдап маса жүр. Ке­нет бір маса Чертковтың тұмсығына келіп қонады. Сол сәтте жазушы оны ұрып өл­тіреді. Жұрттың бәрі күлкіге қарық болып қалады. Бұған ызаланған Чертков «Сіз не істедіңіз Лев Николаевич? Жазықсыз жәндіктің обалына қалдыңыз ғой. Ұят емес пе?» дейді. Сөйтіп, толстойшыларды жақтырмағанын да ол осылай білдіріп қойып жүретін.

5. «Әйелқұмар»

Жазушының сексуальді «ерліктері» туралы өз сөзінен де білеміз. «Жас кезімде ақымақтық жасадым, – деп жазды ол күн­делігінде, – әсіресе, өмірімдегі екі жағдай мені қатты күйзелтті. Оның бірі – мен үй­ленгенге дейін шаруа әйелімен байланыста болғанмын. Ал екіншісі қылмыс мынау: менің әпкемнің үйінде кір жуатын Гаша деген қыз бар еді. Оның еш кінәсі жоқ, мен оны айналдырдым. Содан оны қуып жіберді де, ол көп ұзамай қайтыс болды.

Шаруа әйелдің аты-жөні Аксинья Базыкина еді. «Мен өмірімде бұлай құлай сүйген емеспін» деп жазды жазушы күнделігінде. Софья Андреевнаға үйленер­ден екі жыл бұрын Тимофей деген ұлы дүниеге келеді. «Әкесінен аумай қалған, арақ ішпейтін, денелі, денсаулығы мықты бала болып өсті. Оның әкесі жөнінде бүткіл Ясная Поляна және әйелі де білетін. Софья Андреевна ол әйелді арнайы барып көріп, кейіннен «толық, аппақ, көргенсіз көп әйелдің бірі» деп жазды.

Толстойдың күнделіктерінде жас кезіндегі интимдік қатынастар басты тақырыптың бірі. Шығармашылығы енді басталған рухани «пайғамбар», адамгер­шілік тәлімгерінің әйелқұмарлығы жөнін­дегі жазбаларын жайбарақат оқу мүмкін емес. Әрине, ол кездегі орыс еркектерінің бәрі осылай өмір сүрді. Және сонысына еш өкінбейтін. Ал Софья Андреевна мүлдем басқаша болды. «Ол үшін шыдамды әйел­дер қадірлі болатын, ал мен ондай болма­дым» дейтін ол. Соған қарамастан, ол он үш бала туды. Бесеуі шетінеп кетті. Алайда, Толстой оның алғашқы және соңғы махаббаты болды. 48 жыл бірге өмір сүрді.


Дереккөз:almaty-akshamy.kz

Т. Есқали