Жүсіпбек Қорғасбек. Мұқағали мен Фариза #2

Жүсіпбек Қорғасбек. Мұқағали мен Фариза  #2
Фото: zhasorken.kz

Басы

2.
Тал арасында өмірден баз кешкендей жалғыздан-жалғыз теңселіп тұрған өз хикметі өзіндегі адамды қарсы бетте көлікке міне берген әйелзат қапылыста көрді. Мөр басқандай бірден таныды, мөр басқандай бірден таныды да, «апыр-ау, ел қайда?» дегендей таңырқап, жан-жағына қаранды. Ұшы жебенің ұшындай өткір жанары қаламгерлер үйіне қамсыз кіріп-шығып жатқандарды жасындай іреп бір өтті.
– Ана тұрған кісіні ала кетейік, – деді мосқалдау жүргізушіге батымды үнмен. – Мына халық бірін бірі түгендемейтін болған ба, неғылған?!.
Ол таудай басымен не істерін білмей таусылып тұр еді. Тұсына келіп тоқтаған көліктен шынардай тіп-тік әйелзат сопайып шыға келгенде сасып қалды. Көзге көрінбейтін қабырға иегінің астынан жылжып кеткендей, екі қолы ербең етіп көтерілді. Әйелзат:
– Мұқағали Мақатаевтың осылай тұрғаны жараса ма?! – деп қамқор қарындастай келе бұртиған. – Жүріңіз, үйіңізге жеткізіп қояйын.
– Ә, Фариза, сен бе? – деді ол кең-мол пішінмен емендей ырғалып. – Бар үмітім үлкен кісіде еді. Бірақ маңайындағылар жолатпады. Содан шаршап қалдым, білем.
Әйелзат қолтығынан алып, батыл-батыл қимылмен жетелей жөнелді. Жүргізуші есігін ашқан көлікке үңгірге кірген аюдай қорбаңдап барып кірді. Осылай болуға тиіс сияқты маңғаздана шіреніп отырды. Бірақ қабағының астындағы көлеңке кеткен жоқ.
– Намыстанып кеттім, – деді әйелзат қызараңдап. – Турасын айтқаныма ренжімеңіз.
– Бүгін тау көше ме деп едім, көшпеді, – деді ол өзін-өзі жұбатқандай. – Дүние орнында, ештеңе өзгермеді.
Үлкен үйдің алдынан көлденеңдеген көлікті басқа жаққа бұрғызғысы келгендей назырқана қозғалақтап кетті. Сәл ұзаған соң ғана арқа-басы кеңігендей еркінси тіл қатты.
– Атшыңыз сусынның дәмін білетін адам ба? – деді бар шаруа соған
тіреліп тұрғандай маңғазданып. – Тіліңді алса, жұмсай қойшы.
– Сусынның дәмін білетінін қайдам, бірақ жөн білетін адам, – деді
әйелзат бетінен қайтпай. – Құстың сүті болса да қазір-ақ тауып береді.
Жүргізуші көлігін қаңтара қойып, бір жаққа елпектеп жүгіріп кетті. Көлік ішінде екеуден екеу қалғанда, жаңа ғана алаңсыз отырғандай көрінген ақын бірден өзгерді.
– Бір кезде өлең керек емес заман туады, – деді сырт дүниеге маңдай
терезеден тосырқай қарап. – Өлең үшін өмір үшін күрескендей күресу керек. Өлеңге балақ-жеңді түріп тастап, жалаңаяқ кірісу керек.
Бірақ оған мұрсат берсе, әрине!
– Өлең бай болмайтынын білсек те шыдап жүр емеспіз бе? – деді
әйелзат өзінше бұлдана қалып. – Осы басқалардың ақын қыздарын қарасақ, қырық байға тиіп үлгереді.
– Бұл жағынан бәріміз тағдырласпыз, – деп ол әйелзатқа еңсеріле
бұрылды. – Өлең жалғыздықты сүйеді. Не өлеңмен бол, не отбасыңмен бол!
Әлдебір ораулы қағазды қолтығына қысқан жүргізуші кіріп келіп, енді жараса бастаған әңгімелерін үзіп жіберді. Олар өздері қасиет тұтқан өлең жайлы әңгімелерін жүргізушіден де қызғанғандай томсырайып үнсіз қалды. Әсіресе оның білте майы сарқылған шам жарығындай солғын тартқан ақсары өңі көп жайттан белгі беріп келе жатқандай еді.
– Мен құласам, бәйтерек құсап құлаймын, – деді өзінен өзі ышқына
сөйлеп. – Бірақ балаларым тамырларым сияқты, жібермей ұстап тұр.
– Жеңгеміздің қою шайын ішсеңіз, шекеңіздің тырысқаны да
жазылар, – деді әйелзат өзінің де, оның да көңілін көтермек болып. – Қайта әйел басыммен мен сізге қарағанда жігерлімін бе деймін. Ішімде кір қалмай айтып салам да, жүре берем.
– Сен бе, сен темір қызсың, – деп әлдене жанына батқандай қинала
күлді ол. – Сақтың жауынгер әйелдері сияқтысың. Саған сар садақ пен қорасан сауыт қана жетпей тұр.
– Мәртебемді көтеріп тастадыңыз-ау, – деп әйелзат та мырс етті. – Сіздің үйге де келіп қалдық-ау деймін осы. Жүргізуші есікке дейін апарып қойсын.
– Жоқ, сен өзің жүр! Менің де мәртебем артсын!
Оның бұл сөзді нық айтқаны сонша, әйелзат қапелімде бас тарта алмай қалды. Жол шетіне қиялап кеп тоқтаған көліктен екеуі қатар түсіп, аулаға қарай жүрді. Қолында әлгі бір ораулы зат салынған сөмкесі сөлектеген әйелзат ештеңеден қысылып-қымтырылған жоқ. Қайта бірін бірі сүйемелдеген екі аңыз тұлға ғайыптан түскендей болып, бірге келе жатқан мына көріністің тарихқа жазыларын сезгендей қабағы жарқ етіп ашылған.
Бірақ, есік ашқаннан алдарынан шыққан тұнжыр қабақтағы мәңгі мұң соның бәрін мысымен де, пысымен де басты да тастады. Қасында әйелзат барын көріп сәл ғана таңырқады, қосағының тағы да өлесі болып қалжырап келгенін көріп шіміркенді, қанша жадырайын десе де жадырай алған жоқ.
– Әй, Лашын, бұл әлгі мен айтып жүрген бала! – деп таудай еркек
ештеңені елегісі келмегендей кеуделей берген.
«Бәрі де түсінікті әңгіме» дегендей оған да селт етпеген отанасы шаршаулы жүзбен, кіре берістен оңға қарайғы есікті ақырын ашты да, таудай еркектің бетін солай қарай бұрып жіберді.

жалғасы бар

А. Оралқызы