Тозақ оты

Тозақ оты
Фото: bdamar.com

Қабдеш Жұмаділовтің "Тозақ оты" әңгімесі мәңгілік ұйқыдан кейінгі ешкім көрмеген, алайда, естігенде жүрегі шайлығатын ана дүниенің тозағы турасында емес. Осы дүниенің төрінде адамзаттың қолынан жасалынған, ең ауыр күнә мен кінәнің мекені турасында жазылған. Жазушы шығармасын оқи отырып, тозақ отына күйгендерді елестетуге мүмкіндік бар. Бірақ, олар соған лайықты ма?

Так – ла –ма – кан!

Қандай айбынды, қандай құдіретті , бар құпиясын ішіне бүккен, неткен сұрапыл, сырлы сөз десеңізші! Ең бастысы, дүниеде теңдесі жоқ жалқы, жапа-жалғыз, алып өлке. Рас, Арабияда Сахара шөлі бар деседі. Бірақ, біз оны көрген жоқпыз ғой. Сахараны қойшы, тәйірі. Африкаға шөл таңсық па? Біз білгенде, сол Африканың тең жарымы шөл емес пе?! Дәл қазір бізге керегі – Сахара емес, Такламакан. Мағынасы – шөл дала, қу медиен, жұмбақ мекен дегенді білдірсе керек. Шөл десе – шөл-ау шіркін. Жазда  алпыс градус аптап. Ат тұяғын балқытады, құс қанатын күйдіреді. Батыстан шығысқа мың шақырым, түстіктен – терістікке бес жүз шақырым деседі білетіндер. Бұл мекеннің ішіне ендеп кірген адамның қайтадан жол тауып шығуы екіталай. Бұл да жатқан бір – Барсакелмес. Кірген із болғанымен, шыққан із бола бермейді.

Бұған қарап, Такламаканда тіршілік жоқ екен деп қалмаңыз. Былай жыртылып-айрылып, құжынап жатпағанымен, шөлдің де өз өсімдіктері, жануар-жәндіктері жетерлік. Иә, мұнда тек төзімділер ғана тіршілік етеді. Көрден шыққан өліктің тарамыс қолдарындай шөл даланы шеңбектеп жатқан ақ сөңке сексеуілі қандай! Сонау тереңнен дым тартатын, қызыл-күрең жапырақты, дыңына құшақ жетпес, шоқ-шоқ  тораңғыларын айтпайсың ба?! Осынау тіршілік тамыры тартылып, мүлде өшіп кетер ме еді, қайтер еді, егер таңдай жібітер талшығы болмаса. Такламаканның таңдайға тамызар талшығы – Тарым дәриясы. Сол дәрия табиғат таразысы тәрізді тіршілікті теңшеп, жан кіргізіп отырады. Ал, Тарымды суалтпай демеп тұрған күш не десеңіз, ол – сонау түстік батыстағы Куинлон тауларынан бастау алатын Хотан өзені мен Ханшадәрия өзендері. Осы екеуі бойындағы бары мен нәрін Тарымның сабасына сарқып  құяды да жатады. Әрине, Тарымның да өз миссиясы бар.

Қабдеш Жұмаділов "Тозақ оты"

Ә. Жутаева