Биік адамгершілік ерен ерлікке бастайды

Биік адамгершілік ерен ерлікке бастайды
Фото: Дина Шмидт

Адамзат ғұмырында құндылық деген дүние о бастан бар. Қанша ғасыр өтсе де ол мәнін жоғалтпайды. Бірақ бүгінгі таңда адам бойынан ізгі қасиеттер біртіндеп жоғалып бара жатқандай. Рухани құндылыққа қарағанда, материалдық құндылықтардың маңызы жоғары, сұраныс та көп. Дегенмен, адамды адам етіп, өзгеден ерекшелеп, оның өмір сүрудегі басты мақсатына себепкер болатын бағалы нәрселердің алдыңғы қатарында рухани құндылықтар тұрады. 

Рухани құндылықтың бірінші шебінде ар-намыс тұруы шарт. Ары мен намысы алдыңғы реттен бой көрсететін адам – бақытты адам. Екіншісі – адамгершілік. Бұл құндылықтың жалпы атауының ішіне ірілі-ұсақты ізгі қасиеттер еніп кетеді. Дәл осы құндылық ерен ерліктерге жол ашады.

Ақ пен қараның жігін ажырату – адам үшін ақиқатқа жат дүние. Сол үшін де жақсылыққа сену керек. Адами құндылықтар, достық, махаббат... Бұл үштік – өмір сүрудің басты формуласы. Үшеуін ешбір құнды ұғымға теңестіруге болмайды. Дегенмен, бұл формуланы оң емес дейтіндер де табылады. Бұл формуласыз да өмір сүретіндер жетіп артылады. Ешкімнің ала жібін аттамай, жаман қасиетіміз еш жанға зиян тигізбесе, адам баласы мұңайып көрмеген болар еді.

Әлемді өзгерткің келсе, әуелі өзің өзгер,– дейді Махатма Ганди. Әр адам өз-өзін қадағалап, ішкі меніне есеп беріп отыруы шарт. Сол орайда өзін жоғалтпауы да керек. Бүгінгі таңда белгілі бір жетістікке жетіп, жеңіске қадам басу үшін біреудің алдын орап кету заңды құбылыс секілді қабылданады. Сонда да, адамгершіліктен аттауға болмайды. Өмірге келгендегі басты миссияңды толық түсіну үшін жақсылық жасай беруден жалықпайық. Күллі ғұмырында адамдықтан аттамағандар аз емес. Соған сай, опасыздар көп. Ақ пен қара қатар жүруден жалықпайды. Кейде рухани аштық, рухани дағдарыс орын алады. Пәк жүректің, алаңсыз көңілдің, адал ниеттің қалай уланғанын да аңғармай қалып жатамыз.

Ешкім жамандықты еріккеннен жолдас етпейді. Ешкім адамдықты ақымақтықпен айырбастамайды. Сол себепті де, сауабы жоқ соқыр істерге қарағанда, сынағы көп адал еңбек атқарайық. Биік адамгершілікпен үлкен ерліктерге жол ашайық. Рухани болмыс пен рухани құндылық қанжығамызда қатар жүрсін.

Ә. Жутаева