Әділ Ботпанов. "Сенсіз өлгім келмейді" (Жалғасы)

Әділ Ботпанов. "Сенсіз өлгім келмейді" (Жалғасы)

БАСЫ

ІІ

Есімді жиғанда алғаш байқағаным — сенің жоқтығың, сосын өзімнің... сап-сары жапырақ боп шашылып жатқаным. Анау шыққа боялған жапырақ менің көзім шығар деймін, мынау дір-дір еткен бүйрегім болар, ал ана бір бүлкілдегені миым ғой, сірә...

Міне, осылайша өз-өзіме келдім де, дүниені тәрк етіп, сені сағынбаққа бекіндім. Бірақ... сағына алар емеспін... Неге?

ІІІ

Сол «негенің» жауабын бүгін, араға жеті жыл салып, жетпіс жеті рет шашылып, жетпіс жеті рет қайта жиналған соң ұқтым. Менің кеудеме бір жапырақ жетіспейді екен. Сағынтып, сарғайтып, егілтіп тұрар жалғыз жапырақ...

ІV

Мен ол жапырақты мынау қаладан да, қала шетіндегі біздің бағымыздан да таба алмадым. Бақытымды боққа батырған баянсыз тірліктен баз кешкім келді. Бірақ... болмады. Өйткені жүрегі жоқ адам өле алмайды ғой. Жан дүнием түршігіп кетті. Өйткені маған ақыр аяғы өлу үшін де Өзіңнің керек екеніңді анық сезіндім...

V

Мағынасы жоқ мимырт тірліктен қажып, құдаймен тілдескім келгендей аспанға қараймын. Анау алғаусыз аппақ қалпында, албастыдай түнерген қап-қара тұманмен астасқалы жатқан кіп-кішкене ақша бұлт сен екенсің деймін.

Иә, сенсің... Жерде жоғалтқаның, жоқтаушың бары есіңе түсті ме, төмен қарадың да мені көрдің. Көрдің де дір еттің. Сол сәтте көкірегіңнен әлдене үзіліп, аспанды қимағандай көк жүзінде бір-екі айналды да, төмен құлдилай жөнелді.

Жапырақ екен. Сағынтып, сарғайтып, егілтіп тұрар жалғыз жапырақ. Сап-сары... Мен оған қарсы жүгірдім де, қара жерге құлатпай, аялауға құмар алақаныма қондырдым:

— Сәлеметсің бе, сағыныш...

 7.ІІІ.1997 жыл.

«Ақмешіт» апталығы».

Дайындаған: Шерхан Талапұлы

Е. Қайрахан