- Негізгі бет
- Проза
- Әділ Ботпанов. "Сенсіз...
Әділ Ботпанов. "Сенсіз өлгім келмейді"
СЕНСІЗ ӨЛГІМ КЕЛМЕЙДІ
(Жапырақтың көзіндегі тамшылар)
Кешір... Сені ұмытуға уәде берген ем, оны орындай алмадым. Бірақ өзіңді енді ешқашан мазаламасыма Тәңірі куә. Жалпы, бұл тірліктен менің көп қызық іздемейтінімді, тіпті адамдар айта беретін бақыт деген ұғымға да онша сенбейтінімді білесің ғой. Бір ғана сенетінім: сәттердің сәтінде Күн-жұлдыздың күмбір-күмбір жүрегінде екеуміздің мәңгіге табысатынымыз ғана. Олай болса, осы кішкене дүниемді өзіңе бағыштауға рұқсат ет. Рұқсат ет те, жазғанымды оқып болып, мені іздеме. Мен де сені іздемейін. Өйткені екеуміздің бұдан гөрі биіктеу, тазалау һәм тәкаппарлау әлеміміз бар. Ендеше, сол әлемде мәңгілікке табысқанша қош бола тұр. Жылама. Жаным...
І
Біреулер маған бұны түс емес дейді. Сонда бұл не? Білмеймін. Білетінім, сол күні, бәлкім, сол түні шығар, екеуміз сары бауда кездестік. (Біздің бауымыз әрқашанда сап-сары болып тұрушы еді ғой) Сен: "Мұның себебі бұл да біз сияқты мәңгілік сағыну үшін жаралған", — дейтінсің. Есіңде ме?
Иә, біз қол ұстасып жапырақтар көшкінін кешіп келе жатырмыз. Маған бір сәтке екеуміз қанат жайып, қалықтап кеткендей көріндік. Өзімнің осы қиялыма беріліп, қалықтай бердім. Будыраған жапырақтарды кешіп емес, буырқанған бурыл бұлттарды кесіп өтіп келе жатқандай сезіндім. Кенет бұлттардың бірі ғажайып ханзадаға айналды да, сені қолыңнан алып, аспан әлеміне кете барды. Мен арттарыңнан қумақшы болдым. Қанша қақсам да қанаты түскірлерім мені анау қара талдың ұшар басынан әрі көтерер емес. Ал сен кетіп барасың.
Жанардан сорғалаған жас онсыз да икемге келіп жарытпай тұрған қанаттарымды ауырлата берді, ауырлата берді...
Ал СЕН кетіп барасың...
Міне, жанымның жарық жұлдызы — сенің бейнеңді өзгеге қиғым келмей тістене бердім, тістене бердім... Аузыма құм толғандай болды. Амалсыз анау сары көшкінге ауыздағы құммен қоса, тағдырға деген лағнатымды қоса түкірдім де иегімнің «тіс» деп аталатын тірі сүйектен ада, жап-жалаңаш қалғанын сездім...
Ал СЕН кетіп барасың...
«Құдайым-ау, мынау қанат жаңа ғана аппақ еді ғой, сарғайғаны қайткені?!» дегенімше болған жоқ қауырсын біткен сары жапыраққа айналып сала берді.
Ал СЕН кетіп барасың...
7.ІІІ.1997 жыл.
«Ақмешіт» апталығы».
Дайындаған: Шерхан Талапұлы
Сурет: nastol.com.ua
Н. Айдархан